Мәселе • Бүгін, 10:05

Жол бүлдіретін «Shacman»-ға тыйым болмай тұр

60 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қытайдың 50-60 тонналық, карьерде ғана жүруге тиісті «Shacman» атты жүк көлігінің жолдарды бұзатыны туралы проблеманың көтерілгеніне біраз жыл болды. Бірақ содан шыққан нәтиже жоқ. «Shacman» әлі күнге ауыр жүктерді тиеп алып, магистралдық жолдардың бойында жосып жүр.

Жол бүлдіретін «Shacman»-ға  тыйым болмай тұр

Бұл көліктің орташасы­ның салмағы 17,1 тонна, ал үстіне алатын жүгі – 31 тонна. Сонда магис­тралды асфальт жолдарға түсіретін салмағы – 48 тонна. Жылдамдығын сағатына 90 км-ге дейін жеткізе алады. Демек, 1 метр жолға түсіретін жүктемесі – шақырымына 4 320 тонна. Сонша ауыр жүк, қатты жылдамдық жолды езбей қой­майды. Бізде белдікке түсіретін салмақ 10 тоннадан аспауы керек. Ал көктемгі және жаз айларында бұл шектеу 8 тоннаға дейін төмендетіледі. Салыстыру үшін айтатын болсақ «КамАЗ»-дың алатын жүгі 7 тоннадай, ар­тындағы тіркемесімен қосқанда 15-16 тонна шамасында. Бірақ оның бағасы – 32-33 млн теңге, ал «Shacman»-ды 25-26 млн теңгеге алуға болады. Сондық­тан кәсіпкерлер әрі арзандау, әрі жүкті көп көтеретін көлік­ке ұмтылады. Оның жолды бұ­за­тынын ешкім ескере қоймайды.

Солтүстік Қазақстан облысында былтыр ғана Сергеевка – Пет­ропавл бағытының жолы бас­талып, Покровка ауылына дейін тақтайдай тегіс жол түсіп, халық қуанып жүр­ген. Жақында сол жолмен жүр­сек көп тұстарының шеті езі­ліп, шұқанақ болып қалып­ты. Бұған не болған десек, «Shacman» жолдарды осылай бұзады деседі... Жол құрылы­сының нормативіне қарасақ, жүк көліктері көп жүретін тас­жолдарда асфальт кем деген­­де 4-5 қабатты болып, қалың­дығы 30 см-ге жетуі керек. Әр қабаттың арасына битумдық эмульсия құйылады. Осындай нор­матив орындалса, тасжол бірне­ше жыл жөндеусіз сақта­ла­ды. Бірақ бұл норматив ұдайы орындала бермейді. Оған қосылатын «Shacman»-ның зардабы тағы бар. Сөйтіп, миллиардтарға салынған жолдар аяусыз үгітіліп, шұрық-тесігі көбейіп жатыр.

«Басқа елдердің бәрінде бұл техника тек карьерде жүре­ді. Бізде ғана магистралды жол­дарда жүруге рұқсат етіл­ген. Шектеуді биыл қоямыз деген­біз. Бірақ кәсіпкерлердің де жағ­дайын ойлаған дұрыс. Қазір елімізге дәл осы техника ағылып келіп жатыр», деп уәж айтты бұрынғы Көлік министрі Марат Қарабаев 2023 жылы Астана тұрғындарымен кездесуде. Сонымен қатар экс-министр Қытайда жасалған «Howo» және «Shacman» маркалы ауыр жүк көліктерінің саны 60 мыңнан асатынын, оларды жүк тиеген күйінде мүлде жүргізбеу туралы ере­женің заң жобасына енгізілгелі жатқанын да айтқан. Содан бері бір жыл өтсе де заң жобасы қа­былданбады, ал бірер күн бұ­рын аталған уәдені берген министрдің өзі орынтағын босатты.

Сөздің шынына келсек, «Howo» мен «Shacman»-дарға «жаны ашып, қорғап» отырған лоббистік топтар бар екені байқалады. Рас, бір кезде артық жүк тиеп алған мұндай көліктерді тоқтатып, айыппұл да салған көрінеді.

«Бірде біз осындай көліктер­ді тоқтатып, айыппұл салмақ болғанымызда олардың жүргі­зушісі қожайындарына хабарласты. Айналасы бір сағаттың ішінде біздің басшыларымыздан «босатыңдар» деген бұйрық түсті», дейді бізбен әңгімелесіп, бірақ аты-жөнін көрсетуді қаламаған жол сақшысы.

Демек, қожайындар «басшылармен» келіскен. Ал «келі­судің» қалай болатыны бы­лай да түсінікті. Сөйтіп, бұл істе де жемқорлық жол тауып тұр.

 

Солтүстік Қазақстан облысы 

Соңғы жаңалықтар

Қала қоқыс полигоны ма?

Экология • Кеше