
Фото: Ерлан Омар
Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы техникасын жеңілдетілген лизинг арқылы сатып алуға 250 млрд теңге бағытталды. Аталған бағдарлама бойынша шаруалар жылдық 5% мөлшерлемемен қолжетімді қаржыландыру ала алады.
Қаражаттың ауыл шаруашылығы құрылымдарына толық әрі тиімді жетуін қамтамасыз ету үшін қаражатты бөлу алты түрлі арна арқылы жүзеге асырылып жатыр. Олар:
- «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ (АНК);
- Екінші деңгейлі банктер • Микроқаржылық ұйымдар;
- Өңірлік инвестициялық орталықтар;
- Несиелік серіктестіктер;
- Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар (ӘКК)
«Елімізде АӨК тарихында алғаш рет егіс жұмыстарын қаржыландыру науқаны алдын ала – 2024 жылдың желтоқсан айынан басталды. Бұл Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асқан 2025 жылғы ерте қаржыландыру бастамасының арқасында мүмкін болды. Өтінімдерді қабылдау басталғалы бері 7407 өтініш келіп түсті, олардың жалпы сомасы 493,5 млрд теңгені құрайды. Қазіргі уақытта 6988 өтініш мақұлданып, қаржыландырылды. Бұл 7,3 млн гектар алқапта егіс жұмыстарына дайындық жүргізуге мүмкіндік берді», делінген хабарламада.
Айта кетейік, кепілзат жеткіліксіз болған жағдайлар үшін «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы мемлекеттік кепілдендіру тетігі қарастырылған. Бұл жүйе аясында мемлекет несие сомасының 85%-на дейінгі бөлігін кепілдендіреді, нәтижесінде шағын және жаңадан бастаған шаруаларға да қаржыландыру қолжетімді бола түскен.
Қазіргі таңда осы тетік бойынша жалпы сомасы 166,5 млрд теңгені құрайтын 1134 кепілдік беріліп, 195,9 млрд теңге көлемінде несие рәсімделген.