Экономика • Бүгін, 10:00

«Самұрық-Қазына» сатып алу жүйесі арқылы отандық өндірушілерді белсенді қолдайды

30 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Астанада «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры отандық тауар өндіру­­ші­лерге көрсетіп отырған қолдаудың аралық қорытындысын таныстырды. Қор сатып алуды ашық әрі әділ жүргізетін жүйе құрды. Отандық тауар өндірушілерге басымдық беріліп, адал бәсекелестік қалыптасып жатыр.

«Самұрық-Қазына» сатып алу жүйесі арқылы отандық өндірушілерді белсенді қолдайды

150 млрд теңгеден астам инвестиция

«Самұрық-Қазына» қоры жүзеге асырып жатқан импортты алмастыру жобалары бүгінде өндірісті жандандырып қана қоймай, өңірлік жұмыспен қамту, бюджетке түсетін салық көлемі, экспорттық әлеует сияқты маңызды бағыттарға нақты үлес қосып отыр. Бұл туралы қор өкілдері арнайы баспасөз жиынында хабарлады.

Қордың басқарушы директоры Николай Казутиннің айтуынша, былтыр «Самұрық-Қазына» компаниялары тобы отандық тауар өндірушілермен  серіктестік ауқымын кеңейтіп, келісім­­­шарт­тар жасасқан.

«Отандық тауар өндірушілермен, жұмыстар мен қызметтер аясында қол­да­нылатын тауарларды қосқанда 1,1 трлн теңгеден астам сомаға шарттар жасалды. Ал 2022 жылмен салыстырғанда отандық тауар өндірушілерден сатып алу көлемі 7 есе өсті. 2025 жылы қаңтар-мамыр аралығында жұмыстардағы тауарларды қоса есептегенде отандық тауар өндірушілермен 433,3 млрд теңгеге келісімшарттар жасалды. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 25%-ға өспек», деді Н. Казутин.

па

Ал сатып алу ережелерінде отандық тауар өндірушілерді қолдауға арналған 16 шара қарастырылған. Олардың бір­қатары өзге реттелетін сатып алуларда баламасы жоқ, бірегей санатқа жатады. Әсіресе отандық тауар өндірушілерге сөз­сіз басымдық беру, ұзақмерзімді офтейк-келісімшарттар жасасу, жеткізу­ші­лер үшін жедел төлем, алдын ала төлем жасау қызметтері бар.

«Офтейк-келісімшарттар – «Самұрық-Қазына» қорының сатып алу жүйе­­сін­де отандық өндірісті қолдаудың ең пәрменді тетіктерінің бірі. Бұл келісім түрі болашақта шығарылатын өнімдерге алдын ала ұзақмерзімді шарттар жасасу арқылы кәсіпорындарға кепілді нарық ұсынуға мүмкіндік береді. 2024 жылы осындай офтейк-келісімшарттар аясында жалпы 191 млрд теңгеге 367 келісім бекітілген. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 10 есе көп. Осы тетіктің арқасында 500-ден астам жаңа жұмыс орнын ашуды, 150 млрд теңгеден астам инвестиция тартып, аса маңызды тауарлардың жергілікті өндірісін жолға қоюды көздеп отырмыз. Ал 2025 жылдың алғашқы 5 айында 115 млрд теңгеге 148 офтейк-келісімшарт жасалып, қосымша 97 млрд теңгеге 24 жоба әзірленіп жатыр. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 210 млрд теңгеге жеткізу жоспарланған. Осылайша, офтейк-келісімдер импортты алмастырып қана қоймай, ішкі өндіріс пен өңірлік жұмыспен қамтуды нығай­та­тын нақты құралға айналып отыр»,  дейді басқарушы директор.

 

«Самұрық-Қазына» электронды дүкені қалай жұмыс істейді?

«Самұрық-Қазына» қоры отандық кәсіпкерлер мен тапсырыс берушілер арасында тиімді әрі ашық сауда алаңын құру мақсатында «SKstore.kz» электронды дүкенін іске қосты. Жүйенің басты мақсаты – шағын және орта бизнеске, соның ішінде отандық та­уар өн­діру­шілерге кеңінен мүмкіндік беру. Бұрынғыдай күрделі тендерлік рәсімдер мен ұзақ үдерістердің орнына мұнда бар­лығы жеңіл әрі нақты алгоритмдер арқылы жүзеге асады. «SKstore.kz» жүйесінде сатып алулар екі бағытта жүргізіледі. Біріншісі – тікелей сатып алу. Бұл тәсіл 100 айлық есептік көрсеткішке дейінгі, яғни шамамен 393 мың теңге шамасындағы сатып алуларға қолданылады. Екіншісі – сауда-саттық (тендерлік) әдіс. Бұл бағыт 20 000 АЕК-ке дейінгі көлемдегі, яғни 79 мил­­­­­лион теңгеге дейінгі 49 түрлі тауар санатына арналады. Осы екі құрал арқылы Қордың компаниялары тобына кіретін телеком, мұнай-газ, энергетика және атом саласындағы ұйымдар өздеріне қажет­ті тауарлар мен қызметтерді жеткізу­­­­­­­ші­­лер­ден тікелей әрі әділ сатып ала алады.

Тағы бір елеулі мәселе – аймақтардағы кәсіпкерлердің қатысуы. Бұрын мұндай цифр­лық платформаларға рес­пуб­ликалық деңгейдегі компаниялар ғана қол жеткізе алатын болса, енді «SKstore.kz» ар­қылы өңірлік бизнес өкілдері де бел­сенді түрде саудаға қатысып жатыр. Бұл – әсіресе шағын қала мен ауыл кәсіп­кер­лері үшін таптырмас мүмкіндік. Олар енді Астана мен Алматыдағы ірі кор­порациялармен бір алаңда бәсекеге түсе алады.

 

Отандық тауар өндірушілерге басымдық беріледі  

«Skstore.kz» электрондық дүкенінде отандық тауар өндірушілердің тауарларын сатып алған кезде оларға басымдық нақты қалай беріледі? Бұл іс жүзінде қалай жүзеге асырылады? Бұл туралы брифингте сұрақ қойып, нақты жауабымызды да алдық.

«QazCloud» компаниясының ком­мер­циялық директоры Серікбол Ораза­линнің айтуынша, электронды дүкеннің басты артықшылығы – жүйе­нің алгоритмі. Яғни сатып алушылар платформаға кіріп, белгілі бір тауарды із­де­генде жүйе ең алдымен отандық өн­діру­шілердің ұсыныстарын көрсетеді.

Электронды дүкен іске қосылған алғашқы жылы небәрі 7 категориямен жұмыс істесе, бүгінде бұл көрсеткіш 49 категорияға дейін жеткен. Олардың саны­ның артуы әртүрлі саладағы отандық өндірушілерге нарыққа шығуға кең мүм­кін­дік береді деген сөз. Жылдан-жылға бұл тізім кеңейіп келеді. Мұның бәрі жүйе­нің даму қарқынын, ал отандық тауар өндіру­шілердің платформаға деген сені­мін көрсетеді. Алдағы уақытта отандық өнімдердің үлесі еселеп артпақ.

 

Сатып алу жүйесі ашық әрі тиімді

Бәрімізді алаңдататын сұрақтың бірі – тендерлік алаңдағы әділдік. Кей жағдайда қитұрқы схемалар арқылы жеңіске жетіп, кейін сапасыз өнім беретін жеткізушілерге қоғам тарапынан наразылық туындайтыны белгілі. Осы мәселе бойынша да нақты қадамдар жасалып жатыр.

Қор өкілдерінің айтуынша, қазір сатып алу жүйесіне бірнеше адал­дық тетіктері енгізілген. Соның бірі – электронды шот-фактуралармен авто­матты түрде интеграциялау. Бұл тетік арқылы жеткізушінің нақты жұ­мыс тәжірибесі мен шынайы іс-әре­кеті тексеріледі. Бұрынғыдай жалған құжат­тармен тендерге қатысуға жол беріл­мейді. Осындай ережелері үшін  де қордың сатып алулары халықаралық қаржы ұйымдарының жоғары бағасын алды дейді «Самұрық-Қазына» қорының Даму және жекешелендіру жөніндегі басқарушы директоры Салтанат Ерболқызы.

«Жүйенің сенімділігі мен тиімділігі халықаралық деңгейде  мойындалған. Еуропа қайта құру және даму банкі «Самұрық-Қазынаның» сатып алу жүйесін өзінің ұсыныстарына енгізген. Олар қордың сатып алу жүйесін ашық әрі тиімді деп таныды. Бұл халықаралық ұйымдардың ресми бағасы», деді ол.

 

Өндірісті нығайтудағы ерекше тәсіл

«Самұрық-Қазына» қоры жүзеге асырып жатқан импортты алмастыру жобалары бүгінде өндірісті жандандырып қана қоймай, өңірлік жұмыспен қамту, бюджетке түсетін салық көлемі, экспорттық әлеует сияқты маңызды бағыттарға нақты үлес қосып келеді.

Мысалы, трансформаторлар шыға­ра­тын «Asia Trafo» компаниясымен 39,9 млрд теңгеге офтейк-келісімшарт жасал­ған. Ол қорға қарасты үш ірі ұйым – «KEGOC», «Қазақстан темір жолы» және «ҚазМұнайГазға» қажетті өнімді жеткізіп жатыр. Бұдан бөлек, ТМД елдеріне бағытталған экспорт көлемі де артып, 15 миллиард теңгенің өнімі сыртқа шық­қан.

Тағы бір мысал, «Проммашкомплект» компаниясымен серіктестік аясында бағыттамалы бұрмалар өндірісі жолға қойылды. Бұл – еліміздің транзиттік әлеуетін арттыруда маңызды қадам. Жоба аясында жалпы құны шамамен 78 млрд теңге болатын келісімдер жасалып, бүгінде оның 6,1 млрд теңгесі орындалған. Жергілікті қамту үлесі – 62,8 пайыз.

Сонымен қатар Ақтөбе рельс-арқалық зауытымен шамамен 336 миллиард теңгелік ұзақмерзімді келісім жасалды. Қазірдің өзінде 141 мың тонна дайын өнім жеткізілген. Тек 2024 жылдың өзінде бұл жобадан мемлекет бюджетіне 3 млрд теңгеден астам салық түскен.

Келесі ірі бастама – «Қазақстан темір жолы» және әлемдік ірі компания «Alstom»-мен бірлесіп, елімізде электровоз шығару жобасы. Жобаның жалпы құны – 967,3 млрд теңге, Астанадағы зауытта 1 200-ден астам жаңа жұмыс орны ашылған.  Сонымен қатар  2022 жылдан бері Штадлермен бірлесіп вагон өндірісі жолға қойылған. Алғашқы партия 2025 жылдың желтоқсанында жеткізіледі. Зауытта 560 жұмыс орны ашылмақ, жергілікті өндіріс үлесі – 35 пайыз.

Ал «ҚазМұнайГаз» бен «Каскор-Машзавод» бірлескен жобасы аясында Жаңаөзен қаласында мұнайға арналған жабдықтар өндіретін жаңа зауыт салынып жатыр. 130 миллиард теңгенің ке­лі­­сім­­шарты жасалып, зауыт ашылған соң, 251 жер­­­гілікті тұрғын жұмысқа алын­­бақ.

«Самұрық-Қазына» өкілдерінің айтуынша, қор бұл жұмыстармен шектел­мей­ді. Отандық тауар өндіру­­­­ші­лерді қолдауға арналған іс-шаралар жалғасын тауып, алдағы уақытта көрсеткіштерді арт­тыру, отандық өндірісті дамыту мақ­са­­­тында жаңа жобаларды әзірлеп, жүзеге асыру жоспарланып отыр.

Соңғы жаңалықтар

Қайырымдылықтың сауабы мол

Қоғам • Бүгін, 11:30

Протездеудің шебері

Маман • Бүгін, 11:10

Керек дерек

Digital • Бүгін, 11:00

Қайта жаңартылған көпір

Аймақтар • Бүгін, 10:45

Абдолла ақын ұлықталды

Тағзым • Бүгін, 10:35

Қаламгердің көзілдірігі

Таным • Бүгін, 10:25

Өлең боп өмір кешкен

Руханият • Бүгін, 10:05

Алаш дәрігері

Тұлға • Бүгін, 09:55

Сенім һәм ұрпақ тәрбиесі

Пікір • Бүгін, 09:45

Нияз батыр

Зерде • Бүгін, 09:40

Қарақұрт қаптап кетті

Мәселе • Бүгін, 08:50

Туған жерге тірек болар жоба

Шаруашылық • Бүгін, 08:40

Ауадан бензин жасаған

Ғалам ғажаптары • Бүгін, 08:30

Кездейсоқ жаңалық

Ғалам ғажаптары • Бүгін, 08:20

Пойыздағы арпалыс

Театр • Бүгін, 08:15

Пайдалы пластик

Ғалам ғажаптары • Бүгін, 08:03