
Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясы (Академия) экологтар күніне орай «Орталық Азиядағы биоалуантүрлілікті сақтау мәселелері мен перспективалары» тақырыбында халықаралық форум өткізді.
Форум жұмысын Ұлттық ғылым академиясының президенті А.Күрішбаев ашып, Орталық Азиядағы биологиялық әртүрлілікті сақтау бойынша Академияның ұстанымын айтып онымен байланысты тәуекелдерді басқаруға бағытталған ғылыми негізделген нақты шараларды ұсынды.
Іс-шара барысында Экология және табиғи ресурстар министрі Е.Нысанбаев, сондай-ақ Президенттің экологиялық ынтымақтастық жөніндегі кеңесшісі З.Сүлейменова негізгі мәселелер бойынша сөз сөйледі. Сарапшылар баяндамаларында биологиялық әртүрлілікті сақтау – экологиялық қауіпсіздіктің, жерді тұрақты пайдаланудың және өңіраралық ынтымақтастықтың ажырамас бөлігі екенін атап өтті. Сонымен қатар, табиғатты қорғаудың ғылыми-тәжірибелік негізін нығайту, трансшекаралық экологиялық бастамаларды дамыту қажеттігіне назар аударды. Сонымен қатар Қазақстан мен бүкіл Орталық Азия өңірінің бірегей экожүйелерін ұзақ мерзімді қорғауға бағытталған Биологиялық әртүрлілік қорын қоса алғанда, жаңа қаржылық және институционалдық тетіктерді қалыптастыру мәселесіне тоқталды.
Форумда баяндама жасаған академик А.Күрішбаев ««Қазақстан үшін биологиялық алуантүрлілікті сақтау дегеніміз - бұл ұлттық қауіпсіздік, орнықты даму және болашақ ұрпақтың әл-ауқатын жоғарылату мәселелерінің негізі. Бүгінгі таңда қазақстандық фауна мен флораның көптеген бірегей түрлері жойылып кету қаупінде тұр. Биоалуантүрлілікті жоғалтудың басты себебі – инфрақұрылымның кеңеюі, тау-кен өндірісінің қарқынды дамуы, урбанизация және басқа да антропогендік жүктемелердің әсерінен өсімдіктер мен жануарлардың тіршілік ортасының жойылуы болып табылады. Сонымен қатар, климаттың жаһандық өзгерістері бұл мәселені одан әрі ушықтыра түседі: Орталық Азия тауларында мұздықтар жылдам еруде, шөлейттену күшейіп келеді, ауа райының экстремалды құбылыстары жиілеп барады» деп атап өтті.
Осы орайда академия президенті бірқатар маңызды мәселелерге тоқталып өтті. Біріншіден, жасанды интеллект, геоақпараттық жүйелер және қашықтан зондтау технологиялары негізінде ұлттық экологиялық мониторинг пен болжау жүйесін құру қажет. Екіншіден, Қазақстан флорасы мен фаунасының бірыңғай цифрлық кадастры мен жасанды интеллект құралдарының түрлерін танудан бастап болжамды модельдерге дейін — интеграциялай отырып қалыптастыру маңызды. Мұндай дерекқор ғылыми қауымдастыққа қолжетімді болуы тиіс және Global Biodiversity Information Facility (GBIF) секілді халықаралық платформалармен үйлестірілуі қажет. Бұл ақпарат алмасуды, популяцияларды мониторингтеуді және табиғатты қорғау шараларын ғылыми негізде жоспарлауды қамтамасыз етеді. Үшіншіден, табиғи ресурстарды пайдалану саясатына экожүйелік тәсілді енгізу қажет. Бұл ерекше қорғалатын табиғи аумақтар желісін кеңейтумен және тозған экожүйелерді қалпына келтірумен қатар, табиғи ландшафттардың тұтастығы мен биологиялық қауымдастықтың тұрақтылығын қамтамасыз ететін функционалды және экологиялық дәліздерді құруды көздейді.Төртіншіден, климаттың өзгеруі, түрлердің миграциясы және ресурстық жүктеменің артуы ескеріле отырып, аумақты тұрақты дамытудың ұзақ мерзімді сценарийлерін әзірлеу қажет. Жер пайдалану мен шаруашылық қызметіне қатысты барлық шешімдер экожүйелерге келесі 20–30 жылдағы ықтимал әсері тұрғысынан бағалануы тиіс. Мұндай ғылыми-болжамдық көзқарас туындаған салдарға жай ғана әрекет етумен шектелмей, олардың алдын алуға мүмкіндік береді.
Жиында сонымен қатар Нобель сыйлығының лауреаты Риккардо Валентини сараптамасымен қатысушылардың назарын аударды. Оның айтуынша, экологиялық қауіп-қатерлерді ерте анықтау және климаттық әрі антропогендік әсерлердің биологиялық әртүрлілікке тигізетін салдарын жұмсарту үшін көпдеңгейлі мониторинг жүйелерін дамытудың маңызды. Ал Дрезден техникалық университетінің профессоры Маттиас Крамер биоалуантүрлілік пен экожүйелік қызметтер туралы баяндама жасап, экожүйелердің тұрақтылығын бағалаудағы жаңа тәсілдермен бөлісті. Небраска–Линкольн университетінің профессоры Эндрю Зимброфф университеттің пәнаралық зерттеулері мен халықаралық академиялық ынтымақтастығы тәжірибесімен бөлісті.
Форумға сонымен қатар БҰҰДБ, ЮНЕСКО, ФАО және басқа да халықаралық ұйымдардың өкілдері мен сарапшылары, Ресей, Германия, Қырғызстан, Тәжікстан, Әзербайжан және басқа елдердің жетекші шетелдік ғалымдары қатысып, Орталық Азиядағы биологиялық әртүрлілікті сақтау және тұрақты дамыту, сирек және эндемикалық өсімдіктер түрлерін (соның ішінде Сиверс алмасын) сақтау, Орталық Азиядағы жануарлар әлемін қорғау, экотуризм, экологиялық білім беру және ағарту мәселелерін талқылады.
Форум аясында көпфункционалды мобильді SIGMA кешені (кеңістіктік мониторинг пен геotalдау жүйесі) таныстырылды. Бұл табиғи және антропогендік үдерістерді кеңістіктік-уақыттық талдау үшін арналған цифрлық платформа. Ол экология, ауыл шаруашылығы, су ресурстары, климат, биологиялық әртүрлілік және басқа да салалардағы мониторинг пен болжауға арналған. Аталған платформа ҰҒА мен Қытайдың ғылыми институттары арасындағы бірлескен зертхана зерттеулерінде қолданылады.
АЛМАТЫ