
Фото: Ашық дереккөз
Шаруалар су тапшылығын сезінбей, егістікке дер кезінде су жеткізілгенін айтып, Су ресурстары және ирригация министрлігіне және «Қазсушар» мекемесінің жергілікті филиалына алғыс айтты.
«Биыл еккен қарбыз бен қызанақ пісуге жақын. Осынша алқапқа уақытылы су жеткізіп отырған «Қазсушар» филиалына алғыс білдіреміз. Биылғы алғашқы қарбызымызды жөнелтуге дайынбыз. Су жақсы берілгендіктен қарбыз суды көп сіңіріп, жақсы өсті. «Қазсушармен» келісімшартқа да отырдық», деді Түркістан облысы Жетісай ауданы Тың ауылының диқаны Қуанбай Бексұлтан.«Бүгін міне қарбыз артып жатырмыз. Еккен қарбызымыз, көкөнісіміз судан тарыққан жоқ. Суды жеткізіп беріп, қазу қажет болған жерді қазып беріп, көмек көрсетіп отырған ауданымыздың «Қазсушар» филиалына рақмет», деді Атамекен ауылының диқаны Телтай Тұрғынбек.
Биыл суару маусымында оңтүстік өңірлердегі «Қазсушар» филиалдары диқандарға 2,5 млрд текше метрден астам су берген. Оның ішінде 1,3 млрд текше метрі Түркістан облысына бөлініп, 276 мың гектарға жуық егіс алқаптары суарылған.
Жетісай ауданы бойынша 84,3 мың гектар жерге 304 млн текше метр су берілсе, оның 97,5 млн текше метрі бақша мен көкөніс алқаптарын суаруға бағытталған.
«Ауа райының қолайлылығы мен су ресурстарының дер кезінде берілуі – өңір диқандарына сәуір айында-ақ қырыққабаттың алғашқы өнімін, ал мамырдың соңында қауын жинауға мүмкіндік берді», деп хабарлады Су ресурстары және ирригация министрлігі.