Үкімет • Кеше

Отандық дәрі-дәрмек көлемі қайтсе артады?

40 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төраға­лығымен жалпы отырысы өтіп, жиында 2024–2025 жылдары фармацевтика саласында жүргізілген екі аудиттің қорытындысы жарияланды. Сондай-ақ жиында комитеттер жаңа заң жобаларын жұмысқа қабылдап, халық­ара­лық келісімдерді ра­ти­фикациялауға қа­тыс­ты мәселелерді қарады.

Отандық дәрі-дәрмек көлемі қайтсе артады?

Мәжіліс депутаттары «Қазақ­стан Республикасы Конститу­циясының 30 жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» заң жобасын жұмысқа алды. Депутат Снежанна Имашева­ның мәлімдеуінше, құжат Конс­титуцияның 30 жылдығына байланысты гуманизм қағидаты негізінде қылмыстық саясатты ізгілендіру мақсатында әзірленген.

– Заң жобасында азаматтармен мемлекеттің қауіпсіздігіне елеулі қатер төндірмейтін қылмыстар жасағаны үшін сотталғандарды, оның ішінде азаматтардың әлеу­меттік осал санаттарын, кәме­летке толмағандарды, кәмелетке толма­ған балалары бар әйелдерді, жүкті әйел­дерді, Ұлы Отан соғысына қатысу­шыларды, мүгедектерді және оларға теңестірілген адам­дар­ды, зейнеткерлерді, мүгедек­тер­ді және басқаларды босату ұсы­нылады, – деді С.Имашева.

Бұдан бөлек, депутаттар «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен ОРЕС Халықаралық даму қоры арасындағы жеке сектор­дағы операцияларды ұйым­дастыру туралы негіздемелік келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын жұмысқа қабылдады.

Одан кейін жалпы отырыста халықты дәрі-дәрмекпен қамта­масыз ету жүйесіне жүргізіл­ген мемлекеттік аудиттің қоры­тын­­дылары қаралды. 2024–2025 жыл­дары фармацевтика са­ласында жүргізілген екі аудит­тің қорытындысын Жоғары аудитор­лық палатаның төрағасы Әлихан Смайылов баяндады. Оның айтуынша, салада бірқатар өзекті мәселе мен кемшілік анықталған. Олар ғылым мен өндірістен бастап, нормативтік реттеу мен халыққа дәрі-дәрмек беруді ұйымдастыруға дейінгі барлық деңгейде кездескен.

– Елдегі фармацевтика на­ры­­ғы­­ның көлемі 2024 жылы 1,2 трлн теңгені құраса, оның 84%-ы – шетелдік өнім. 2022–2024 жылдары медицина ғылы­мын қаржыландыруға 58 млрд теңге жұмсалған. Алай­да био­медициналық зерттеулерді тіркеу жүйесі мен клиникалық база­лар тізілімі әлі де жасалмаған. Ғылыми зерттеулердің нәтижелі­лігі өте төмен. Кейінгі 10 жылда елі­мізде небәрі екі түпнұсқа отан­дық препарат тіркелген. 4 млрд теңгеден аса қаражат жұм­сал­ғанына қарамастан, олар­дың біреуі Ұлттық дәрілік фор­муляр­ға енгізілмеген, – дей келе Ә.Смайылов отандық тауар өн­діру­­шілерден сатып алу­дың жалпы көлемінің өсуіне қарамастан, отандық компаниялар жеткізетін дәрі-дәрмектер ассортименті 968-ден 507-ге дейін, яғни 2 есеге жуық азайғанын айтты. Яғни отандық тауар өндірушілер өндірісі жеңіл медициналық бұйымдар шыға­руды ұлғайтқанымен, елімізде өндірілетін дәрі-дәрмек­тер саны қысқарып жатыр.

Сондай-ақ Жоғары аудитор­лық палатаның төрағасы был­тыр жеке компания мемлекетке 8 млрд теңгеге 62 млн медициналық қолғап жеткізгенін, алайда бұл қолғаптардың көлемі мен сипаттамалары компанияның сол кезеңде Тайландтан сатып алған партиясымен сәйкес келетінін сөз етіп, бұл шетелдік өнімді отандық өнім ретінде сату тәуекелін көрсетіп отырғанын жеткізді. Демек өндірістің локализациясына және инвестициялық міндеттемелерге мониторинг жүргізілмей отыр.

Сәйкесінше кейбір тауар өндірушілер арзан және нашар тазартылған шикізат пайдаланады. Бұл тиісті бақылау болмаған жағ­дайда нарыққа сапасыз өнім­дер­­дің түсу ықтималдығын артты­рады. Тіпті мемлекеттік аудит­тің қоры­тындысында компания­лар­дың бірінен 3 млрд теңгеге сатып алынған препараттар қолдануға жарамсыз деп танылып, есептен шығарылғаны келтірілген.

Бұған қоса жарамдылық мер­зімінің өтуі жақындаған препа­рат­тарды тарату бойынша 67 мыңнан аса факті анықталған. Сонымен қатар пациенттерге қажеттіліктен асатын көлемде немесе клиникалық хаттамаларда көзделмеген препараттарды тағайындау фактілеріне де жол берілген.

Аудит барысында ең қымбат 15 препарат бойынша бюджеттік және нарықтық сегменттегі құн айырмасы 600%-ға дейін жеткені белгілі болды. Бұған басты себеп – тегін амбулаториялық көмекке арналған дәрі-дәрмек заңсыз есептен шығарылып, бөлшек саудада сатылуы.

– Мұндай фактілер дәрі-дәрмекті беру және оның айналысын бақылау жүйесінің әлсіздігін көрсетеді. Жалпы, екі аудиттің қорытындысы бойынша 741 млн теңгеге қаржылық бұзушылықтар, 32 млрд теңгеге қаражаттың тиімсіз жоспарланғаны және пайдаланылғаны, 58 млрд теңгеге шығын мен жіберіп алған пайда фактілері анықталды. Әкімшілік құқық бұзушылық белгілері бар 134 факт бойынша материалдар уәкілетті органдарға, бес факт бо­йынша аудит материалдары құқық қорғау органдарына жіберілді. Аудит нәтижелері дәрі-дәрмек­пен қамтамасыз ету саласында жүйелі және кешенді проблемалардың барын көрсетеді. Анықталған мәселелер бойынша Үкіметке тиісті ұсынымдар мен Денсаулық сақтау министрлігіне тапсырмалар берілді. Жоғары аудиторлық палата алдағы уақытта да осы бағыт­тағы жұмыстың ілгерілеуін қада­ғалап отырады, – деп түйін­деді Ә.Смайылов.

Қосымша баяндама жасаған депутат Асхат Аймағамбетов те еліміз дәрілік заттардың импортына батып бара жатқанын айтты. Еске салсақ, Мемлекет басшысы 2025 жылға қарай дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың отандық өндірісінің үлесін 50%-ға дейін жеткізу міндетін қойған еді. Алайда былтыр бұл тек 15%-ды құрады.

– Біз импорт «теңізіне» батып барамыз. Дәрілердің 84%-ын шетелден әкелеміз. 89 отандық өндірушінің тек 2%-ы дәрі шығарады, ал қалғаны маска немесе шприц сияқты медициналық заттарды өндіреді. Осындай жұмыспен жыл соңына қарай қойылған мақсатқа жету мүмкін емес. Отандық өндіруші­лерді қолдауға қомақты қаржы жұм­салып жатыр. Бірақ біз қандай пайда көріп отырмыз? Бұл өнім­дерде отандық экономиканың үлесі де аз, қағаз да, шыны да көбіне сырттан келеді. Сонда мил­лиард­таған субсидиялар мен қол­дауымыз жасанды, иллюзиялық өндіріске кетіп жатқан жоқ па? Әлі күнге дейін локализация деңгейі белгісіз, инвестициялық келісімшарттар бойынша да сұрақ көп, – деді А.Аймағамбетов.

Осы мәселе депутат Нартай Сәрсенғалиевті де толғандырды. Оған Денсаулық сақтау министрі міндетін атқарушы Ардақ Амангелдіұлы былайша жауап қатты.

– Осы мәселе аясында біз былтырдан бері арнайы департамент құрып, жүйелі жұмыс жүргізіп жатырмыз. Қазір нақты 34 тауар өндіруші бар. 90 шарт негізінде 507 дәрі-дәрмек өндіріледі және 2 мыңдай медициналық бұйым шығарылады. Осы шарттардан басқа 7 жоба бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Ондағы жалпы инвестиция көлемі – 650 млн доллар. Оларды іске қоссақ, біздің қосымша өндірілетін өнім 2029 жылы 300 млн долларға өседі деген жоспарымыз бар, – деді ол.

Бірнеше сағатқа созылған қызу талқылаудан соң, Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов Денсаулық сақтау министрлігіне дәрілік заттарға қажеттілікті жоспарлаудың нақ­ты критерийлерін әзірлеуді ұсын­ды. Сондай-ақ «СК-Фарма­ция» жауапкершілігі шектеулі серіктес­тігінің отандық дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйым­дарды өндірушілермен жасалған ұзақмерзімді келісімшарттардың орындалуын бақылау жөніндегі функцияларын Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің құзыретіне беру қажет екенін айтты.

– Дәрілік заттарды өндіруші­лер­мен оларды тікелей өндіруші­лерден сатып алу үшін шарттар жасасу мәселелерін пысықтау керек. Халықтың дәрілік заттарға қажеттілігін және оларды есептен шығаруды ұтымды жоспарлаудың нақты критерийлерін әзірлеу, цифрлық технологияларды пайдалана отырып, дәрілік заттарды сатып алу мониторингі мен бақылау жүйесін күшейту қажет. Контрафактілік және жалған фар­мацевтикалық өнімдердің айна­лымға түсуіне жол бермеу үшін дәрілік заттардың сапасына, оның ішінде оларды өндіру үдерістеріне мемлекеттік бақылауды күшейту маңызды, – деді Е.Қошанов.

Жиында «2004 жылғы 22 желтоқсандағы Қазақстан Үкіметі мен Ресей Үкіметі арасындағы «Байқоңыр» ғарыш айлағында «Бәйтерек» ғарыш зымыран кешенiн құру туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы қабылданды. Аталған келісімге сәйкес ұшу сынақтарының мерзімін 2023 жылдан 2025 жылға ауыстыру, 2028–2039 жылдар аралығында «Бәйтерек» кешенінен ресейлік тараптың кепілдендірілген ұшыру санын жылына 2-ден 3 ұшырылымға дейін арттыру, бейрезидент үшін қосылған құн салығының нөлдік мөлшерлемесін қолдану қарастырылған.

– Қазіргі кезде «Бәйтерек» жобасы бойынша тараптар арасында бұрын қол жеткізілген келісім­дерге сәйкес, Қазақстан жағы өзіне алған барлық міндеттемені орындап келеді. Қазақстан қажет қаржыны бөлді, орындаушыларға аванс төленді. Жерүсті инфрақұ­рылымын жаңғырту бойынша жұмыстар тиісті кестеге сәйкес атқарылып жатыр. Ресей жағы «Союз-5» зымыран-тасығышын, оның бақылау-тексеру аппаратурасын дайындау жұмыстарын іске асырып отыр. Сонымен қатар ресейлік өндіруші кәсіпорын­дарда технологиялық жабдық­тарды дайындау бойынша жұмыс­тар жалғасып жатыр, олар­дың зауыттық сынақтары қазақстан­дық мамандардың қатысуы­мен атқарылады. «Бәйтерек» кешенінен «Союз-5» зымы­ран-тасығышының алғашқы ұшы­рылуы 2025 жылғы желтоқсанға жоспарланған, – деді Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев.

Жалпы отырыс қорытын­дысында Орман шаруашылығы және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мәселелері туралы заң жобасы мен әскери-патриоттық тәрбие мәселелері жөніндегі құжат екінші оқылымда қаралып, Сенатқа жолданды. 

Соңғы жаңалықтар

Қайырымдылықтың сауабы мол

Қоғам • Бүгін, 11:30

Протездеудің шебері

Маман • Бүгін, 11:10

Керек дерек

Digital • Бүгін, 11:00

Қайта жаңартылған көпір

Аймақтар • Бүгін, 10:45

Абдолла ақын ұлықталды

Тағзым • Бүгін, 10:35

Қаламгердің көзілдірігі

Таным • Бүгін, 10:25

Өлең боп өмір кешкен

Руханият • Бүгін, 10:05

Алаш дәрігері

Тұлға • Бүгін, 09:55

Сенім һәм ұрпақ тәрбиесі

Пікір • Бүгін, 09:45

Нияз батыр

Зерде • Бүгін, 09:40

Қарақұрт қаптап кетті

Мәселе • Бүгін, 08:50

Туған жерге тірек болар жоба

Шаруашылық • Бүгін, 08:40

Ауадан бензин жасаған

Ғалам ғажаптары • Бүгін, 08:30

Кездейсоқ жаңалық

Ғалам ғажаптары • Бүгін, 08:20

Пойыздағы арпалыс

Театр • Бүгін, 08:15

Пайдалы пластик

Ғалам ғажаптары • Бүгін, 08:03