
Ол қазіргі Атырау қаласының маңындағы Томарлы ауылында 1919 жылы өмірге келген. Он жасынан Орал қаласындағы балалар үйінде тәрбиеленіп, 7 жылдық білім алған. Кейін Гурьевтегі балық консерві зауытында жұмыс істеді.
Ал әскер қатарына 1939 жылы алынып, қару-жарақты қолданудың қыр-сырын меңгерген. Екінші дүниежүзілік соғыс басталған 1941 жылдың маусымынан Солтүстік Кавказ майданындағы 1339-атқыштар полкінің жауынгерлерімен бірге жауға қарсы шыққан. Сол кезде бұл полк 18-армияның 318-атқыштар дивизиясына қараған.
Қазақ жауынгері Керчь түбегіндегі ұрыста ерлік көрсетті. Осы түбекте 20 десантшы 44 күн бойы бір қадам кейін шегінбепті. Әсіресе, Қайырғали Смағұлов Елтиген елді мекенін азат ету үшін жаудың 20-ға жуық әскерінің көзін жойған. Оның бұл ерлігі ескерілді. КСРО Жоғарғы Кеңесі төралқасының 1943 жылғы 13 қыркүйектегі Жарлығымен Қайырғали Смағұловқа Кеңес Одағының батыры атағы берілді.
Майдан даласындағы ерлігі үшін батыр атанған қазаққа қысқа мерзімдік демалыс берілген. Алдымен Алматыда аялдап, жазушы Ғабит Мүсіреповпен кездесіпті. Танымал қаламгер батырдың балалық шағынан сыр тартып, ерлігін паш еткен «Қазақ солдаты» шығармасын жазды.
Батыр елге 1946 жылы оралды. Алатау етегіндегі шаһардан партия мектебінің курсын бітірді. Бірақ батырмын деп кеудесін кермеді. Қазаққа тән қарапайымдылығымен, еңбекқорлығымен елдің есінде қалды. Он жыл жергілікті педагогикалық институттың азаматтық қорғаныс кафедрасында дәріс оқыды. Әлеуметтік қамсыздандыру саласына, №12 кәсііптік-техникалық училищеге басшылық етіп, 1993 жылы өмірден өтті.
Атырау жұртшылығы батырдың есімін ұмытқан жоқ. Оған 1989 жылы Атырау қаласының құрметті азаматы атағын берді. Жайық жағалауындағы көшені батыр есімімен атады. Соған таяу маңнан бульвар ашылып, бюсті орнатылды. Кіндігі кесілген ауылдағы мектепті де батыр атымен атау ұйғарылды.
Жеңістің 80 жылдығына орай Атырау қаласында тұрған үйінің қабырғасына мемориалдық тақта орнатылды. Тақтаны ашу іс-шарасына Қайырғали Смағұловты көрген аға буын өкілдері мен ұрпағы, әскери бөлім сарбаздары қатысты.
«Бұл – майданда ерлік пен төзімділіктің, қайсарлықтың үлгісін көрсеткен батырдың рухына құрмет. Отанның бейбіт өмірі үшін кеудесін оққа тосқан Қайырғали Смағұловтың ерлігі ешқашан ұмытылмайды. Ол соғыстан кейінгі жылдарда да туған жерді түлетуге аянбай тер төкті. Батырдың өмір жолы – жас ұрпақ үшін отансүйгіштік пен қайсар рухтың үлгісі», деді Атырау қаласының әкімі Шәкір Кейкин.
Қайырғали Смағұловтың көзін көргендердің қатарында ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Өтешов те бар. Батырмен жасөспірім кезінде кездескен.
«Ол өз ерлігі жайында сирек сөз қозғайтын еді. Көбіне майдангер жолдастарын тілге тиек етіп, Отанды қорғаудың маңызын баса айтатын. Үнемі жастарға жанашырлық танытып, олардың бойына патриотизм, еңбексүйгіштік сынды құндылықтарды сіңіруге ұмтылды», деді М.Өтешов.
Ұлы Ұзақтың айтуынша, әкесі мейірімді әрі қарапайым болған. Балаларын адал болуға тәрбиелеген.
Атырау облысы