Пікір • 04 Маусым, 2025

Туға құрмет – басты парыз

80 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«China Daily» газетінде жарық көрген «Неліктен біз барлық мемлекеттік рәмізді құрметтеуіміз керек?» (Why we must respect all national symbols?) деген мақаланың авторы Пол Суртис мемлекеттік рәміздерге құрмет көрсетпеу үлкен қорлық екенін айтады. Әлемнің әрбір елі өзінің де, өзгенің де елдік нышандарына ілтипат біл­діріп жүруі керек. Өйткені бұл – заң­мен бекітілген, құрметтеуге лайық бел­гілер.

Мақала авторы Таи елінің рәміздерге деген құрметі мен Гонконг халқының Қытайдың мемлекеттік әнұранына танытқан құрметсіздігін мысалға келтіреді.

«Таиландта күніне екі рет қоғамдық орындарда әнұран шырқалады. Әрқашан мейірімді тай халқы оған аса құрмет көр­сетеді. Мұндай салтанатты рәсімді күнде­лікті көру өте әсерлі, бұл адамдарды бір болуға шақырады. Кейбір мемлекеттерге бұл белгілі бір салтанатты іс-шараларда орындалатын әнұран болса, ал оны тыңдап қана қоймай, құрметтеу – тайлықтардың күнделікті әдеті», дейді Пол Суртис.

Ол таи халқына осылай тәнті болса, Гонконгте дөрекілік орын алған қоғамдық көрініске де куә болғанын айтады. Автордың баяндауынша, көптен күткен спорттық іс-шара басталар алдында ҚХР-дың мем­лекеттік әнұраны шырқалған кезде Гонконг көрермендерінің біршама бөлігі қолдарымен мәдениетсіз, дөрекі қимылдар жасап, әнге ілеседі. Бірақ әнұранды имитациялайтын бұрмаланған тілді қолданады. «Арнайы әкімшілік аймақтық үкімет мұндай әрекеттерді жазалау үшін заңнама енгізуді қажет деп санауы әбден орынды», деген пікірін білдіреді Пол Суртис.

Ал Ұлыбританияда ертеде кинотеатрлар мен басқа жерлерде фильм көрсетілмес бұрын мемлекеттік әнұран ойналған. Бұл үрдіс қазір толықтай сақталмаған, десе де тарихи құндылықтарын қастерлеуге бейім­дел­ген елдің кейбір қалаларында фильм басталар алдында әлі де әнұран шыр­қалады. Осы себепті әр британиялық аза­мат­тың «Union Jack» немесе ұлттық әнұран­ға құрметсіздік көр­сетуі мүмкін емес.

Тарихқа көз жүгіртсек, ту ескі замандарда да ұлтты біріктіруші күш болғанын көреміз. Шайқастың қызып тұрған шағында жауынгерлер өлім қаупі төніп тұрғанына қарамастан құлаған туды көтеруге асығады екен. Көктүріктер, Алтын Орда, Қазақ хандығы және Алаш партиясының дербес байрақтары маңызды іс-шараларда, соғыстар мен келіссөздер кезінде кеңінен қолданылған.

Жалпы, әлемнің көптеген мемлекетінде мемлекеттік рәміздер тарихи, діни және патриоттық сезімге негізделіп жасалған. Мәселен, Еуропаның және көптеген Батыс мемлекеттерінің байрақ-жалауларында христиан дінінің, еврейлерде иудаизмнің, мұсылман мемлекеттерінің көпшілігінде жасыл түстің, айдың белгісі немесе ислам дініне қатысты өзге де атрибуттардың нышаны бейнеленеді.

Елімізде де мемлекеттік рәміздерді қолдануға қатысты арнайы заңнамалық тәртіп бар. Тіпті тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында оны пайдаланудың тәртібі мен шарттары барынша қатаңдатылған. Көк байрағымызды кез келген жерде желбіретуге тыйым салынды. Алайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік рәміздерді халықтың жаппай қолдануына қатысты бұрын қабылданған шектеулерді азайтып, ел азаматтарының мемлекеттік туды өз тұрғын үйлерінің балкондарына немесе қабырғасына ілуіне заңды тұрғыдан рұқсат беруі қажет деді.

Негізі мұндай тәжірибе әлемнің көптеген мемлекетінде бар. Мәселен, Түркияда барлық елді мекенде көпқабатты үй қабырғалары, балкондары және маңызды нысандардың сыртқы қасбеттері қызыл түсті ел байрағымен көмкеріліп тұрады. Бұқаралық іс-шараларда, спорттық сайыс­тарда, тіпті жекеменшік үйлердің төрінде мемлекеттік ту жиі ілінеді.

Президенттің тапсырмасына сәйкес үш-төрт жыл бұрын мемлекеттік рәміздерді пайдалануға қатысты заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, азаматтардың Мемлекеттік туды патриоттық мақсатта пайдалануына мүмкіндік жасалды. Қазір азаматтар өзі тұратын үйдің балконына, терезесіне немесе көлігіне көк туымызды желбіретіп іле алады. Тек Мемлекеттік рәміздің таза болуы­на, оның дұрыс ілінуіне және заңнамада белгіленген стандарттарға сәйкес болуына назар аудару қажет. Ал оларды құрмет тұту – басты парыз.