
Әрбір сәби дүниеге келгеннен бастап медициналық бақылау жүйесімен қамтылған. Жыл сайын 0 – ден 6 жасқа дейін 2 млн-нан астам бала скринингтен өтеді, 4,5 млн-нан астам бала профилактикалық тексеруден өтеді, 1,5 млн-нан астам бала міндетті иммундаудан өтеді. Бұл қызметтердің барлығы тегін – медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі мен МӘМС жүйесі шеңберінде ұсынылады. Медициналық қолдау мектеп оқушыларын да қамтиды. Елімізде 6,5 мың медициналық пункт жұмыс істейді, әрбір мектеп емханаға бекітілген.
Жаңа туған нәрестелерге ерекше назар аударылады. Қазақстан Орталық Азияда неонаталдық көмек стандартын енгізген бірінші ел болды, онда реанимацияда бір сәбиге бір медбике келеді. Сондай-ақ 1 мыңнан астам мамандарды, оның ішінде өңір елдерінен біріктіретін неонатологтардың онлайн-қауымдастығы құрылды. Қазақстандық дәрігерлер салмағы 500 грамнан асатын жаңа туған нәрестелерді емдейді. Төсек қорының 20%-ға ұлғаюының нәтижесінде жыл сайын туа біткен патологиясы бар жаңа туған нәрестелерге 1,5 мыңға дейін ота жасалады. Отадан кейінгі өмір сүру деңгейі 93%-ға жетті. Балаларға көрсетілетін медициналық көмектің сапасын жақсарту мақсатында тиімді перинаталдық технологиялар, бала жасындағы ауруларды біріктіріп басқару тәсілдері және ерте шақтағы балаларды патронаждық қадағалаудың әмбебап-прогрессивті моделі халықаралық ұсынымдарға сай енгізілуде.
Ана мен бала денсаулығы саласына бағытталған жүйелі стратегия мен елеулі инвестициялардың нәтижесінде елде бала өлімінің көрсеткіштері тарихи тұрғыдан ең төмен деңгейге түсті: неонаталдық өлім – мың тірі туғанға шаққанда 3,37, нәресте өлімі – 6,80, балалар өлімі – 9,30.
Сонымен қатар, онкогематология белсенді дамып келеді. Емдеу халықаралық хаттамаларға сәйкес жүргізіледі және құрамында полихимиотерапия, сәулелік терапия, хирургия мен гемопоэздік дің жасушаларын трансплантаттау бар. Бұл – аллогенді, аутологты және гаплоидентикалық әдістерді қамтиды. 2013 жылдан бері 515 трансплантаттау жүргізілді, оның ішінде 28-і халықаралық донорлар тіркелімінен (Ресей, Германия, Польша) алынған туыстық емес донорлармен жүзеге асырылды. Инновациялық тәсілдердің – интраартериялық химиотерапия, «өсетін» эндопротездердің 3D-моделдеу технологиясы және таргеттік иммунотерапияның нәтижесінде балалардағы онкологиялық аурулар бойынша жалпы өміршеңдік 70%-дан асты.
Еліміздегі жетекші клиникалардың базасында балалар денсаулығын сақтау бойынша тәсілдер үнемі жетілдіріліп, жаңа технологиялар мен диагностикалау және емдеудің заманауи әдістері енгізілуде.