Тарих • 31 Мамыр, 2025

«АЛЖИР-дегі» ақиқат

110 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ақмола іргесіндегі АЛЖИР лагері – кеңестік қуғын-сүргіннің қасіретті келбеті. Тарихи шындықты бүкпесіз баяндайтын бұл орын ХХ ғасырдың 30–50 жылдарындағы сталиндік репрессия кезінде мыңдаған әйелдің тағдырын тас-талқан еткен еді.

«АЛЖИР-дегі» ақиқат

1937 жылдың қанды саясаты Кеңес Одағының түкпір-түкпіріндегі сан мыңдаған отбасының түтінін түтетпей, шаңырағын ортасына түсірді. Сол жылы қабылданған құпия қаулы негізінде, «Отанын сатқандардың» әйелдері мен туыстары жаппай тұтқындалды. Қарағанды маңындағы Карлагқа бағынышты лагерьлер желісі құрылып, соның ішінде әйелдерге арналған арнайы жазалау мекемесі Ақмолада – қазіргі Целиноград ауданының орталығы Малиновка елді мекенінде ашылды.

 

Лагерь қалай ашылды?

Тарихта «АЛЖИР» атауымен қалған бұл мекеме ресми түрде «Отанын сатқандардың әйелдеріне арналған Ақмола лагері» деп аталды. Бастапқыда Карлагтың 17-бөлімшесі ретінде тіркелген бұл орынға 1938 жылдан бастап, Мәскеу, Ленинград, Харьков, Ростов, Минск, Қазан сияқты ірі қалалардан әйелдер әкеле бастады. Олар – КСРО-ның мемлекет және партия қайраткерлерінің, ғалымдар мен әскери басшылардың жұбайлары, қыздары мен аналары еді.

Көп жағдайда олардың «кінәсі» – күйеуінің тағдырына ортақтас болу, «жау» саналған азаматпен туыстық байланыста болу ғана еді. Бір таңғаларлығы – ажырасқан әйелдер де жазаға тартылды. Егер бұрынғы күйеуінің «сатқын» болғанын жасырды немесе одан бас тартпады деп танылса, олар да лагерьге жіберілді.

 

Тұтқындауға бұйрық берген кім?

Жаза мерзімі 5 жылдан 8 жылға дейін белгіленіп, олардың мүлкі тәркіленді, балалары балалар үйіне жөнелтілді. Көп әйел АЛЖИР-ге аяғы ауыр күйде немесе кішкентай сәбиімен жеткізілді. Қатал тәртіп, аштық, аяз, ауыр еңбек – бұл лагерьдің күнделікті көрінісіне айналды.

Жазалаудың жүйелі сипат алғанын сол уақыттағы ресми бұйрықтардан-ақ аңғаруға болады. 1937 жылдың қазанында НКВД басшысы Николай Ежовтың жеке қолымен бекітілген бұйрықта әйелдердің лагерьге жіберілу тәртібі, айыптауға негіз болатын себептер нақты көрсетілген. Тіпті оларды лагерьге жөнелтумен айналысатын арнаулы бөлімшелер құрылды.

 

Рухы сынбаған қайсар аналар

АЛЖИР-де 15 жыл ішінде шамамен 20 мыңнан астам әйел тұтқында болды. Олардың басым бөлігі – жоғары білімді, интеллигенция өкілдері. Арасында белгілі мемлекет қайраткерлерінің жұбайлары да бар. Мәселен, жазушы Сәкен Сейфуллиннің зайыбы – Гүлбахрам, ақын Бейімбет Майлиннің жары – Гүлжамал, мемлекет қайраткері Тұрар Рысқұловтың әйелі – Әзиза, драматург Жұмат Шаниннің жұбайы – Жанбала осы лагерьде ауыр жылдарды өткерді.

Харьков опера театрының тұтас ұжымы да осы лагерьге қамалды. Арнайы мәдениет үйінде олар концерттер қойып, сахна өнері арқылы тұтқындардың рухын көтеруге тырысты. Мұнда белгілі актриса Татьяна Окуневская, әнші Лидия Русланова, балерина Раиса Плисецкая болған.

Сондай-ақ, ғалым Әлімхан Ермековтің қарындасы Дәмеш пен Темірбек Жүргеновтің жұбайы да осы лагерьде жазасын өтеді. Ол кейінірек естелігінде:

«Үсікке тоңып, аштықтан әбден титықтасақ та, бір-бірімізге демеу болуға тырыстық. Ешкім тағдырынан құтыла алмады, бірақ рухымызды ешкім сындыра алмады»,  деп жазған.

 

Қазіргі АЛЖИР

Бүгінде АЛЖИР орны – тарихи кешенге айналған. Мұнда саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу мақсатында музей ашылып, арнайы мемориал орнатылды. Қасіретті жылдардың шындығын болашақ ұрпаққа жеткізу – бүгінгі буынның басты парызы.

Тарих бетінде қанмен жазылған АЛЖИР лагері – тек бір мекеме ғана емес, ол – тоталитарлық жүйенің адамзатқа қарсы жасаған қылмысының дәлелі. Тағдырдың темір торына қамалып, қайғы мен үміттің арасында күн кешкен аналарымыздың ерлігі – ұмытылмауға тиіс ұлттық тағылым.