Елорда • 31 Мамыр, 2025

Астанада «Халық заңгері» ауқымды акциясы өтті

100 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

30 мамыр күні Астанада «Халық заңгері» республикалық әлеуметтік науқан аясында ауқымды іс-шара өтті, деп жазады Egemen.kz.

Астанада «Халық заңгері» ауқымды акциясы өтті

Фото:Толғанай Батырхан

2016 жылдан дәстүрлі түрде өткізілетін шарада заңгерлер, белгілі адвокаттар, нотариустар, сот орындаушылары, сондай-ақ прокуратура, құқық қорғау органдары, жергілікті атқарушы органдар, мемлекеттік құрылымдардың өкілдері сынды 100-ден аса маман қатысып, тұрғындарға тегін кеңес берді.

Аа

Ел бойынша өткен акцияны ұйымдастыруға Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігі ұйытқы болған. Ауқымды шараға келген 700-ге жуық астаналыққа агенттіктің волонтерлік ұйымы да қызмет көрсетті. Келушілер жетекші мамандардан құқықтық кеңес алып, көкейіндегі сауалдардың шешімін тауып жатты.

Аа

«Халық заңгері» халықты құқықтық қолдаудың сұранысқа ие тұғырнамасына айналды. 2016 жылдан бері 150 мыңнан астам азамат тегін көмек алды, ал консультациялар өткізуге 7 мыңнан астам білікті заңгерлер мен мемлекеттік органдардың басшылары тартылды. Осы акцияға тұрғындар тарапынан сұраныс жыл санап артып келеді. Баршамызға белгілі заңгерлердің кеңесіне кей тұрғындар қаржы таба алмай жатады. Бұл акция сондай азаматтарға таптырмас мүмкіндік. Олар сұрағына байланысты қайда жүгіну керек, мәселені шешудің бағыт-бағдарын алып кетеді», деді ҚР СЖҚІА Астана қаласы департаментінің Превенция басқармасы басшысының орынбасары Диас Қозыбаев.

Акция аясы азаматтық құқық және процесс, банктік құқық, атқарушылық іс жүргізу, неке-отбасы құқығы, мұрагерлік, тұрғын үй, жер, еңбек, салық, әлеуметтік қамсыздандыру және нотариаттық қызмет, зияткерлік меншік, корпоративтік әкімшілік құқық, қылмыстық құқық және процесс бағыттарын қамтыды. 9-дан аса заң саласында толысқан тәжірибеге ие жеке заңгер бұл акцияда тұрғын үй мәселесіне қатысты түйіндерді тарқатуға атсалысты.

«ОСИ құру, тұрғын үй компаниялары мен пәтерлерге коммуналдық қызмет көрсетушілерге қатысты сауалдар келіп түсті. Келушілерге заңға сай кеңес беріп жатырмыз. Мұндай шараларды өткізудің тиімді тұсы көп. Себебі тұрғындар бір жерден мәселесіне қатысы бар бірнеше маманнан кеңес алып үлгереді», деді заңгер Бауыржан Айымбетов.

Айта кетейік, «Халық заңгері» республикалық әлеуметтік акциясы ел аумағын түгел қамтыды.