Ғылым • 31 Мамыр, 2025

Ғылым ордасы қызметкерлері шет тілдерін үйренеді

130 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ғылым ордасында түрік тілі курсын аяқтаған қызметкерлерге сертификаттар табысталды. Аталған курс Ғылым ордасының бастамасымен және Түркия Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулдығымен жасалған өзара түсіністік туралы меморандум аясында ұйымдастырылды, деп жазады Egemen.kz ақпарат агенттігі. 

Ғылым ордасы қызметкерлері шет тілдерін үйренеді

Сертификат табыстау рәсіміне «Ғылым ордасы» РМК бас директоры Ұлар Мұқажанов, Түркия Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулдығының білім жөніндегі атташесі Айхан Коркмаз, курс ұстаздары Ахмет Караман мен Ялчын Юрдакул, сондай-ақ мекеме қызметкерлері қатыст.

Курс биылғы жылдың 21 қаңтарында басталып, оған Ғылым ордасының 31 қызметкері қатысты. Оқу нәтижесінде қатысушылар түрік тілінің бастапқы — А1 деңгейін меңгеріп шықты.

Бас директор Ұлар Мұқажанов бұл бастаманың маңыздылығына тоқталып, халықаралық байланыстарды нығайту, қызметкерлердің тілдік құзыреттілігін арттыру арқылы кәсіби біліктілігін жетілдіру және мәдениаралық түсіністікті дамытуға бағытталғанын атап өтті.

«Ғылым ордасы – тек ғылыми мұраны сақтап, зерттеумен шектелмей, заман талабына сай үнемі жаңарып, дамып келе жатқан мекеме. Қызметкерлеріміздің кәсіби және тілдік құзыреттілігін арттыру – басты басымдықтарымыздың бірі. Осы ретте ұжымның тіл үйренуге деген ынтасы мен даму жолындағы табандылығы қуантады. Алдағы уақытта да халықаралық серіктестік аясында мұндай игі бастамаларды жалғастыра береміз, – деді ол өз сөзінде.

Ғылым ордасы қызметкерлерінің кәсіби және тұлғалық дамуына арналған тегін курстар алдағы уақытта да жалғасын табады. Қазіргі уақытта парсы тілі курсы өтуде, ал жақын арада ағылшын тілінен курс ұйымдастырылмақ. Осындай бастамалар ұйым қызметкерлерінің әлеуетін арттырып қана қоймай, халықаралық ғылыми және мәдени ынтымақтастықты нығайтуға да үлкен септігін тигізеді.

АЛМАТЫ