Саясат • Кеше

Парламентаралық ынтымақтастық кеңесінің екінші отырысы өтті

90 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Алматы қаласында Қазақстан Парламенті Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов пен Өзбек­стан Олий Мажлисі Заң шығару палатасының спикері Нуриддин Исмоилов екі­жақ­ты ынтымақ­тас­тықты кеңейту және парла­ментаралық қатынас­тарды дамыту жөніндегі уағдаластықтардың іске асырылу барысын талқылады.

Парламентаралық ынтымақтастық кеңесінің екінші отырысы өтті

Отырысты ашқан Мәжіліс спикері кейінгі жылдары Қазақстан мен Өзбекстан ара­сында жоғары деңгейдегі бірқатар өзара сапар өтіп, Одақ­тастық қатынастар туралы және Мемлекеттік шекараны де­маркациялау туралы шарттар мен 2024–2034 жылдарға арнал­ған стратегиялық әріптестік бағдарламасы сияқты тарихи құжаттарға қол қойылғанын атап өтті.

– Екі ел президенттерінің саяси ерік-жігері мен даналығының арқасында қазақ-өзбек байланысы бұрын-соңды болмаған биік деңгейге жетті. 100-ден аса келісімнен тұратын бе­рік шарттық-құқықтық база қалыптасты. Олар біздің қарым-қатынастарымыздың бар­лық саласын қамтиды. Ынты­мақтастықтың жаңа форматы­ның инсти­туционалдық негізі қаланды. Президенттеріміз ықпалдастықтың басым бағыт­тарын айқындап, оларды ілгерілету үшін нақты міндеттер қойды, – деді Е.Қошанов.

Ол екі ел арасындағы парла­ментаралық ықпалдастықтың жүйелі сипат алып, нақты мазмұнмен толыға түскеніне назар аударды. Бұл үрдіс көпжақты алаңдарда да жүзеге асып келеді. Іске асырылған бас­тамалар қатарында Орталық Азия мемлекеттерінің парла­ментаралық форумы, Орталық Азия елдері әйелдері диалогі аясындағы іс-шаралар және Ташкент қаласында табыс­ты өткен Халықаралық Пар­ла­ментаралық одақтың 150-Ассамблеясы бар.

Өз кезегінде Нуриддин Исмоилов парламентаралық диалог елдер арасындағы сенімді нығайтудың маңызды факторы екенін және мемлекет басшыларының стратегиялық келісімдерін жүзеге асыруға септігін тигізетінін айтты.

– Парламентаралық ынты­мақ­тастық кеңесінің форматы жүйелі әрі практикалық мәні зор. Парламенттік диалог мемлекетаралық ынтымақ­тастыққа ілесіп қана қоймай, сонымен қатар оны нығайтуға, экономика, әлеуметтік сала, білім беру және гуманитарлық бағыттағы бірлескен бастамаларды ілгерілетуге ықпал етуге тиіс деген пікірдеміз, – деді Олий Мажлис Заң шығару палатасының спикері.

Кеңестің екінші отырысының негізгі тақырыбы экономика, ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект сияқты бағыттар бойынша ынтымақтастықтың перспективаларына, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық және туристік салалардағы жобаларға арналды.

Тараптар сауда-экономика мен аграрлық салалардағы серіктестікті кеңейту, мәдениет пен білім бағытындағы ын­ты­мақтастықтың жоғары қарқы­нын сақтау, экология, энергетика және су ресурстары мәселелерін бірлесіп шешу бойынша екі ел көшбасшылары арасындағы келісімдерді іске асыруда ілгерілеушілік бар екенін атап өтті.

Сонымен қатар Мәжіліс спи­кері күн тәртібіндегі басым бағыттарға назар аударды. Олар­дың қатарында Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы екі­жақты тауар айналымын 2030 жылға қарай 10 млрд доллар­ға дейін ұлғайту міндеті де бар. Депутаттар осы межеге те­зі­рек қол жеткізу үшін қажет­ті заң­намалық шараларды талқылады.

– Бүгінде Қазақстан Өзбек­станның ең ірі үш сауда серік­тесінің қатарына кіреді. Екі ел арасындағы тауар айналымы жыл сайын 4 млрд долларды құ­райды. Кейінгі жылдары өзара тиімді ынтымақтастықтың негізгі қозғаушы күші өнер­кәсіптік кооперация, автокөлік құрастыру, ауыл шаруашылығы және логистика болып отыр, – деді Е.Қошанов.

Отырыс барысында депутаттар жоғары деңгейде қол жеткізілген үш негізгі көлік-логистика жобасының жүзеге асырылу мәселелерін де талқылады. Олар: Дарбаза – Мақтаарал теміржол желісінің құрылысы, Ташкент облысында Көпфункционалды логистика орталығын құру, сондай-ақ Қызылорда – Үшқұдық темір­жол және автомобиль жолының құрылысы.

Сонымен қатар Өзбекстан Республикасы Олий Мажли­сының Заң шығарушы палатасы делегациясына Қазақстан мен Өзбекстан президенттерінің тапсырмаларын орындау бойынша жүзеге асырылған өнеркәсіптік жобалар таныстырылды. Олардың ішінде бірқатар бірлескен кәсіпорын бар. Атап айтқанда, Қостанай облысындағы автокөлік зауыты, Қарағанды облысындағы тұрмыстық техника шығаратын кәсіпорын мен Шымкент қаласындағы медициналық бұйымдар өндірісімен айналысатын зауыт. Сондай-ақ мәртебелі меймандарға Алматы маңында орналасқан «Alatau City» – инновациялық қаласы және «Жаңа Жібек жолы» бойындағы жаһандық туристік орталығы таныстырылды. Жобаның алғашқы кезегін іске қосу 2030 жылға жоспарланған. «Alatau City» жаңа өндірістер мен жұмыс орындарының ашылуын қамтамасыз етіп, өңірдегі даму орталығына айналуға тиіс.

Жұмыс сапарының бағдар­ламасында Әл-Фараби атын­дағы Қазақ ұлттық уни­вер­ситетінің базасында орна­ласқан Farabi HUB жоғары технологиялық жобалар мен стартаптарды дамыту платформасына және Алматы қаласының мәдени нысандарына бару жоспарланған.

Айта кетейік, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен Өзбекстан Респуб­ликасы Олий Мажлисының Заң шығарушы палатасы арасындағы Парламентаралық ынтымақтастық жөніндегі кеңесті құру туралы шешім Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевтің 2021 жылғы желтоқсан айында Астанаға жасаған мемлекеттік сапары аясында қабылданды. Оның алғашқы отырысы 2023 жылы қазан айында Ташкент қаласында өтті. Кеңес – екі елдің мемлекет басшылары арасында қол жеткізілген келісімдерді жүзеге асыруға жәрдемдесу және заңнамалық тұрғыда қамтамасыз ету мақсатымен құрылған бірлескен жұмыс органы.