
Сурет: egov.kz
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, 2025 жылғы 1 мамырда жәрдемақы алушылар саны 540,4 мың адам болса, бұған қоса асыраушысынан айырылған 196,7 мың адамға төлем берілген.
Мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері мүгедектіктің тобына, сырқатының себебіне қарай белгіленеді. Қаржы «Республикалық бюджет туралы» заңда белгіленген ең төмен күнкөріс деңгейінің шамасына байланысты болады.
Асыраушысынан айырылу жағдайында мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері қайтыс болған асыраушының қамқорлығындағы адамдардың санына, қайтыс болу себептеріне, ең төмен күнкөріс деңгейіне қатысты.
Бұдан басқа, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларға әлеуметтік тәуекелдер туындаған жағдайда төлем аударылады. Биыл 91,7 мың адам еңбек ету қабілетінен айырылғандықтан әлеуметтік төлем алған. 63,5 мыңға жуық отбасына асыраушысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлем берілген.
Төлемдердің мөлшері кейінгі 2 жылдағы МӘСҚ-ға әлеуметтік аударымдар жүргізілген орташа айлық табыс, еңбекке қабілеттілігінен айырылу коэффициенттері, асырауындағы адамдар саны, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтілі мен табысты ауыстыруына қарай белгіленеді.
Бұл төлемдер республикалық бюджеттен төленетін ұқсас жәрдемақыларға қосымша беріледі.
Мүгедектігі мен асыраушысынан айырылу жағдайында мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері көбейді. Биылғы 1 қаңтардан бастап ең төмен күнкөріс деңгейінің ұлғаюына байланысты 6,5%-ға өсті. Үкіметтің шешімімен еңбекке қабілеттілігінен, асыраушысынан айырылғанда МӘСҚ-дан берілетін төлемдердің мөлшері де 6,5%-ға артты.
Мәселен, биыл аурудан мүгедектігі бойынша МӘЖ мөлшері 1-топ үшін – 101 702, 2-топ үшін – 81 362, 3-топ үшін – 55 474 теңгеге жетті. Еңбекке қабілеттілігінен айырылғандарға әлеуметтік төлемдердің орташа мөлшері 70 124 теңге болса, асыраушысынан айырылғандарға 72 524 теңге көлемінде қаражат аударылады.