
Сурет: el.kz
Қазақ ұлттық деректер орталығы Атырау облысында 10 сәуірде түнгі сағат 01:40-та жер сілкісіні болғанын тіркеді. Жер астындағы тербеліс Жылыой ауданының орталығы Құлсары қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 120 шақырым қашықтықта болған.
Екінші жер сілкінісі 11 мамырда сағат 11:44 шамасында «Теңіз» кен орнының аумағында болған. Жерасты дүмпуінің тереңдігі – 10 шақырым, магнитудасы – 4,2 балл. Ұзақтығы 5 секундқа созылған.
«Теңіз» – Жылыой ауданында орналасқан ірі кен орны. Мұнда 1976 жылғы 24 маусымда №1 ұңғыманы бұрғылау басталған. Үш жылдан соң кен орнына сынақ жүргізілген. 1979 жылы 18 желтоқсанда кен орнындағы тұзасты қабатынан тәулігіне 475–600 текше метр мұнай алынатыны жөнінде қорытынды жасалған. Кен орнының коллекторындағы күкірт мөлшерінің 25 пайызға жететіні анықталған.
Кен орнынан 1993 жылдан бері «Теңізшевройл» компаниясы мұнай өндіреді. Компанияның баспасөз қызметі жер сілкінісі болғанын растады. «Компания 11 мамырда «Теңіз» кен орнында сейсмикалық оқиғаның тіркелгенін растайды. Бұл оқиға персонал мен өндіріс қызметіне әсер еткен жоқ», деп мәлім етті компанияның баспасөз қызметі.
Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиевтің пікірінше, мұнайлы өңір сейсмологиялық қауіпті аймаққа жатпайды. Бірақ қауіпті нүктелерді анықтайтын сейсмологиялық карта қажет. «Сол себептен, былтыр облыс әкімі сейсмологиялық картаны, эвакуациялау пункттерін дайындау жұмыстарын қолға алуды тапсырған еді. Карта дайын болған соң, сейсмикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге дайындық жұмысы жүргізіледі. Тұрғындарға мұндай пункттердің мекенжайы хабарланады. Өйткені өңір тұрғындары хабарландыруларды дер кезінде алуы керек», деп есептейді Ж.Бисембиев.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі ұсынған ақпаратқа қарағанда, өңірдегі жер сілкінісінің түп-тамыры ХХ ғасырдан бастау алады. Кейбір жылдары жерасты дүмпуі екі рет тіркелген. «Қазақстан Республикасының аумағында сейсмологиялық бақылау жүргізілген кезеңдегі деректерге сүйенсек, ХХ ғасырда Атырау облысында магнитудасы 2,0 балдан жоғары жер сілкіністері тіркелгені анықталған. Мәселен, 1970 жылғы жер сілкінісінің магнитудасы – 3,9 балл. 1974 жылы 3,1; 4,1, 1976 жылы 4,0, 1998 жылы 3,0 балдық жер сілкінісі болған», деген ақпарат ұсынды баспасөз қызметі.
Мұнайлы өңірде жер сілкінісі ХХІ ғасырда да тіркелген. 2005 жылы 2,1, 2011 жылы 2,8 балл жерасты дүмпуі болған. Мұндай дүмпу 2013 жылы 2 рет қайталанған. Алғашқысының магнитудасы – 2,1, екіншісі – 2,3 балл. «Мұның бәрі – әлсіз жер сілкінісі. Атырау облысының аумағында күшті жер сілкіністерінің болғаны туралы мәлімет жоқ», деп нақтылады баспасөз қызметі.
ХХІ ғасырдағы жер сілкінісінің алғашқысы 2000 жылғы желтоқсанда тіркелгеніне куә болғанбыз. Дәл осы жерасты дүмпуінің Атырау қаласында сезілгенін білеміз. Бұл туралы Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінде көрсетілген.
«Атырау облысы Каспий ойпатының оңтүстігінде орналасқан. Солтүстік, шығыс Каспий аймағының платформалары дәстүрлі түрде геодинамикалық тұрғыдан әлсіз белсенді болып саналады. Алайда, кейінгі 20 жылда бұл көзқарас айтарлықтай өзгерді. Өйткені жер сілкінісінің пайда болуына дейін жаңа, заманауи тектоникалық қозғалыстың көрініс беруі туралы көптеген факт анықталды. Мәселен, 2000 жылы 6 желтоқсанда Атырау қаласында, 2011 жылы 21 ақпанда Жылыой ауданындағы «Теңіз» мұнай-газ кен орнында жер сілкінісінің әсері сезілді», делінген департаменттің мәліметінде.
Осындай себепке байланысты Атырау облысының әкімдігі 2001 жылы сейсмикалық аймақтарға бөлу картасын жасауға 10 млн теңге қаржы бөлген екен. Картаны Білім және ғылым министрлігінің Сейсмология институты дайындаған. Аталған карта 50 жыл ішінде 90, 95, 99% сейсмикалық қарқындылықтан асып кетпес ықтималдылығымен құрастырылған. Сол картада ықтимал жер сілкінісінің магнитудасы Атырау қаласында 5, аудандарда 6 балл көрсеткішімен анықталған. Бұл карта Құрылыс комитетінің 2002 жылғы 20 наурыздағы №66 бұйрығына сәйкес Атырау облысының аумағына қолданылып келеді. «Сейсмология институты» ЖШС-ның 2017 жылғы 6 қаңтардағы мәліметінше, 2016 жылы Атырау облысында 17 жер сілкінісі тіркелген.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі «Сейсмологиялық байқау және зерттеулер ұлттық ғылыми орталығы» ЖШС-ның мәліметін қоса ұсынды. Сол мәліметтерге сүйенсек, 2024 жылғы 8 тамызда Атырау облысының аумағында сейсмикалық стансалар желісімен 48.130, 54.217 координаттары бар жер сілкінісі анықталған. Жер сілкінісінің энергетикалық класы – 7.8, магнитудасы – 3.9 балл, тереңдігі – 5 шақырым. 2025 жылы 2 ақпанда 46.333, 54.383 координаттары бар жер сілкінісі тіркелді. Оның энергетикалық класы 9.5, магнитудасы 4.7 балл, тереңдігі 10 шақырымды құраған.
Сейсмикалық зерттеу үш кезеңде жүргізіледі. Бірінші кезең – палеожерсілкінісін зерттеу. Екінші кезеңде тарихи жер сілкіністері зерттеледі. Үшіншісінде аспап арқылы тіркелген жер сілкіністері талданады.
Атырау аймағында адам өміріне қауіп төндіретін ірі жер сілкінісінің болмауына байланысты арнайы палеосейсмологиялық зерттеу жүргізілмеді. Мұндай зерттеуді жүргізу көлемді қаржы мен уақытты талап етеді. Аспап арқылы тіркелетін жер сілкінісіне тоқталар болсақ, сейсмологиялық тәжірибе-әдістемелік экспедициясының арнайы сейсмологиялық бақылау стансалары еліміздің оңтүстік, оңтүстік-шығыс бөлігінде орналасқан. Атырау облысында бір станса бар. Соған байланысты жер сілкінісіне көршілес елдердің, Қазақ ұлттық деректер орталығының мәліметтеріне сүйену арқылы талдау жасалады. Бұл аймақтың сейсмикалық жағдайын сипаттауға аздық етеді.
Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің тапсырмасымен 2024–2026 жылдарға арналған мақсатты қаржыландыру бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Бұл бағдарлама аясында ірі қалалар мен облыстардың аумағында сейсмикалық қауіпсіздікті жаңа әдістемемен бағалау жүргізіледі.
Қазір «Сейсмологиялық байқау және зерттеулер ұлттық ғылыми орталығы» ЖШС Түркістан, Маңғыстау облыстарында детальдық сейсмикалық аудандастыру, Тараз қаласының сейсмикалық микроаудандау картасын әзірлеу жұмыстарын қолға алған. Атырау аймағына қатысты жұмыс осы жобадан соң, жаңа мақсатты қаржыландыру бағдарламасы аясында қарастырылады.
Атырау облысы