Аймақтар • 30 Мамыр, 2025

Павлодар облысында «Innovation» республикалық хакатоны өтті

40 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Павлодар облысында Жұмысшы мамандықтар жылы аясында ұйымдастырылған «Innovation» республикалық хакатоны өз жұмысын бастады. Ауқымды цифрлық додада 17 өңірден келген жүзге жуық студент жаңа IT-өнімдерді жасап, кәсіби дағдыларын көрсетіп жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz.

Павлодар облысында «Innovation» республикалық хакатоны өтті

Хакатонның басты мақсаты – IT саласындағы жаңашыл шешімдерді табу, тәжірибе алмасу, жас мамандардың кәсіби және әлеуметтік байланысын арттыру. Қатысушылар бір күн ішінде идеядан бастап толыққанды прототипке дейінгі веб-өнім әзірлеп, оны UX/UI-дизайн, инновация, функционалдық және практикалық маңыздылығы сынды 10 түрлі критерий бойынша қорғауы тиіс.

«Қатысушылар әзірлейтін веб-қосымша білім беру ұйымдарына арналған. Тапсырмалар алдын ала құпия сақталып, республикалық деңгейдегі тәуелсіз сарапшылар тобы дайындаған», деді Облыстық білім басқармасы техникалық және кәсіптік білім беру бөлімінің басшысы Қарлығаш Асаимова.

Айта кетейік, хакатонға келгендердің арасында тәжірибелі жастар да бар. Мәселен, Жезқазғаннан келген «ULWeb» командасының мүшесі Антонина Газанян IT саласында қыздардың да биік белестерді бағындыра алатынын дәлелдегісі келетінін айтқан.

«Бағдарламалау – шыдамдылықты талап ететін сала. Қыздар да табандылық таныта алады. Ақшадан бұрын өз қабілетімді дәлелдеу маңызды. Біз қорықпаймыз – тек мүмкіндік керек», деді ол.

Облыстық білім басқармасының ақпараттық технологиялар орталығының жетекшісі Елнар Ұтұбаевтың айтуынша, қатысушыларға үш түрлі тапсырма ұсынылған.

«Олардың қатарында кәсіпкерлерге арналған субсидия мен гранттарды іріктеу, мансаптық мүмкіндіктерді талдау сервисі және жаңалықтардың шынайылығын тексеру құралы бар. Әр команда өзіне ыңғайлы бір жобаны таңдайды. Жұмыстар 20:00-ге дейін IT-хабта жүргізіледі, бірақ түнде де жалғастыруға рұқсат етілген», деді жетекші.

Айта кетейік, бүгін жеңімпаздарды марапаттау рәсімі Ertis Promenade сахнасында өтеді. Жүлде қоры – 3,5 миллион теңге құрайды.