
Фильм бәс тігем деп нағыз лудоманға айналып кеткен нақты кейіпкерлердің бастан кешкен шытырман оқиғаларына негізделген — олар ақша, отбасы, денсаулық, кейде үмітінен айырылған адамдар. Кейіпкерлер әдетте ешкімге тіс жармайтын сырларымен бөліседі. Бастан өткергенін ашық мойындап, өрмекші торындай аяусыз жүйеге жұтылып кеткен кейіпкерді көрген көрермен – бұл ауыр дерттің казино мен букмекерлік кеңселерден асып, смартфон арқылы жастардың күнделікті өміріне еніп кеткеніне көз жеткізеді.
29 мамырда өткен алдын ала көрсетілімге депутаттар, блогерлер, журналистер, психологтар, қоғам қайраткерлері қатысты. Көрсетілімнен кейін ойын бизнесі мен лотерея қызметін реттеу бойынша 2024 жылы қабылданған заңның авторлары, Парламент Мәжілісінің депутаттары профилактикалық жұмыстарды күшейту және психологиялық көмекке қолжетімділікті арттыру бойынша өз ұсыныстарын айтып, белсенді талқылау өтті.
«Құмар ойындарға тәуелділік – адам тағдырын, бүтіндей отбасыларды ойрандап, өмірді күйрететін трагедия. Ең қорқыныштысы – бұл дертке жастар жиі ұрына бастады. Сондықтан да мұндай тақырыптарды ашық, шынайы, кәсіби түрде көтеру аса маңызды. «Ставка на жизнь» фильмі – жай ғана хикая емес, бұл – үміт. Егер осы жоба арқылы біз бір адамның өмірін құтқара алсақ – онда бұл фильмнің бекер болмағаны. Біз бұл мәселені ашық айтып, нақты өзгерістерге қол жеткізуіміз керек», деді Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин.
«Біз лудоманияға қарсы бағытталған заңның қабылдануына ұзақ уақыт бойы күш салдық. Бұл бастамамызды Мемлекет басшысы да қолдады. Ол нақты айтты: Қазақстанда 400 мыңға жуық адам құмар ойындарға тәуелді. Бұл – орасан зор көрсеткіш. Біз бұл адамдарды қиындықпен бетпе-бет жалғыз қалдыруға құқымыз жоқ. Қазір мұндай жандарға кеңес беру және психологиялық қолдау көрсетілуде. Бірақ заң – тек құрал ғана. Ең бастысы – қоғам санасын өзгерту», деді Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев.
«Біздің миссиямыз — адамдарды шынымен толғандыратын және қоғамды алаңдататын өзекті мәселелерді қозғау. Бұл тақырыптарды жария етіп қана қоймай, қоғаммен ашық және терең талқылау қажет. «Ставка на жизнь» деректі жобасы — құмар ойынның құлдығына түскен жандардың жанайқайы. Шыны керек, мұндай өткір мәселеден біз шет қала алмаймыз», деп атап өтті «Хабар» Агенттігінің Басқарма төрағасы Кемелбек Ойшыбаев.
Жоба бұған дейін қоғамдағы депрессия дерті туралы фильммен ашылған Агенттіктің деректі жобалар циклын жалғастырды. Бұл бағыттағы әрбір жұмыс — жай ғана кино емес, «жабулы қазан» күйде қалған өткір мәселелер туралы үнсіздікті бұзуға арналған әлеуметтік манифест.
«Ставка на жизнь» деректі фильмінің телекөрсетілімі 8 маусым күні сағат 21:00-де «Хабар» телеарнасында өтеді.