Оқиға • Кеше

Алматыда бұған дейін екі рет егіз тапқан келіншек дүниеге үшем әкелді

130 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Әлбетте, ара-тұра елді елеңдетіп, Алматыда дүниеге үшемдер келіп жатады. Алайда, бұған дейін екі рет қатарынан егіз тауып, бір күнде көп балалы ана атанып шыға келген Эльмираның осы жолы үшемін сирек кездесетін оқиғалар қатарына жатқызуға болады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Алматыда бұған дейін екі рет егіз тапқан келіншек дүниеге үшем әкелді

Елімізде отау құрған әрбір бесінші отбасы бедеулікпен бетпе бет келіп отырғанда, тура тапсырыс беріп қойғандай, Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында туған балалалардың кіндігі Алматы қалалық перинаталдық орталығында кесілді.

Үш бірдей қыз баланың әке-шешесі Нұрмахан Әлібаев пен Эльмира Рысманова сәбилердің ешқандай репродуктивті технологиялардың көмегінсіз өмірге келгенін айтады.

Аяғы ауыр келіншек жүктілігіне 31 апта толғанда Қалалық перинаталдық орталыққа түскен. Орталықтың дәрігерлері әйелдің денсаулығы мен жүктіліктің ерекшелігі байланысты шұғыл кесарь тілігін жасап, босандырып алды.

Қолы епті, тәжірибелі мамандар операцияның күрделі болғанына қарамастан, сағат 14:07-де – салмағы 1711 грамм, бойы – 43 см болып туған Фатиманы, сағат 14:08-де – салмағы 1748 грамм, бойы – 40 см Зухраны, сағат 14:09-да – салмағы 1493 грамм, бойы – 40 см Айша есімді нәрестелерді босандырып алды.

Сәбилер бірден жаңа туған нәрестелердің жансақтау бөліміне орналастырылып, барлық қажетті көмек көрсетіліп жатыр. Өмірлерінің алғашқы сәтінен бастап кішкене шақалақтар дәрігерлердің қамқорлығы мен жіті бақылауына берілді. Перинаталды орталықтың мамандарының кәсібилігінің арқасында нәрестелер сәт сайын әл жинап, ширығып келеді.

Ерекше жүктіліктің өз қиындықтарына қарамастан, 36 жастағы ана да қазір өзін жақсы сезінеді және дәрігерлерге деген алғысы да шексіз.

«Бұл менің үшінші егіздерім. Біздің отбасымызда 2019 және 2022 жылдары дүниеге келген 2 жұп егіздеріміз өсіп жатыр. Ал енді, 2025 жылы, дүниеге үшем әкелдім! Аллаға шүкір, енді бізде 10 бала бар.Қалалық перинаталдық орталықтың акушер-гинекологтарына, дәрігерлеріне және барлық мамандарына шын жүректен алғыс айтамын. Дәрігерлердің кәсібилігінің және қамқорлығының арқасында бәрі сәтті өтті», дейді аяқ-қолын бауырына алған Эльмира Рысманова.

Осынау айтулы оқиғаға ортақтасып отырған Алматы қалалық перинаталдық орталықтың басшылығы медициналық ұжымның жоғары кәсібилігін мақтан тұтады.

Бұл сәбилер – биыл мегаполистегі перинаталдық орталықта дүние есігін ашқан алғашқы үшем. Өткен жылы Алматы қалалық перинаталдық орталығы 16 700-ден астам ана мен олардың жаңа туған нәрестелеріне медициналық көмек көрсетті, 9014 баланың дүниеге келуіне жәрдемдесті. Орталық қаладағы барлық мерзімінен бұрын босанған әйелдердің 62% қабылдаған.