
Фото: gov.kz
Қазіргі уақытта Байқоңыр ауданындағы «Тұлпар» сауда орталығының алдында ескі үйлер мен сауда нысандарын бұзу жұмысы жүріп жатыр. Биылдың өзінде бұл аумақ қайта жаңарып, орнына жаңа қоғамдық кеңістік ашылады. Тұрғындар үшін жаяу жүргіншілер аймағы, демалыс орындары ашылып, көгалдандыру және жарықтандыру жұмысы жүргізіледі. Аталған жұмысты кезең-кезеңімен жүзеге асырып, осы жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған.
Тағы бір қоғамдық кеңістік Жұбанов көшесінде (Тархан көшесінен Пушкин көшесіне дейінгі аралықта) ашылады.
Гүлзардың жалпы ауданы 4,5 мың шаршы метрді құрайды. Абаттандыру аясында ауқымды көгалдандыру жұмысы жүргізіліп, көпжылдық бұталар мен ірі көшеттер отырғызылады.
Абай даңғылының Республика даңғылынан бастап Уәлиханов көшесіне дейінгі аралығы екі жағынан толық абаттандырылады. Абаттандырылатын аумақтың жалпы көлемі 1,1 гектарды құрайды. Жоба аясында көше жиһаздары орнатылып, жарықтандыру жұмысы қоса атқарылады.
«Сарайшық шағын ауданында (Жүргенов гүлзары) еңбек пен жұмысшы мамандықтардың маңызына арналған арнайы тақырыптағы гүлзар жобасын іске асыру басталған. Жоба аясында көшеге арналған жиһаздар орнатылады, көгалдандыру жұмысы жүргізіледі және басқа да абаттандыру шаралары іске асырылады. Гүлзар тек тұрғындардың демалыс орны ғана емес, сонымен қатар қоғам тарапынан еңбекке деген құрметті арттыруға бағытталған қалалық ортаның маңызды элементіне айналады», деп жазды Ж.Қасымбек.
Сондай-ақ, Тәшенев көшесінің бойында көгалды орын ашылып, 500-ден астам ағаш отырғызылған. Аумағы толықтай автоматты суару жүйесімен жабдықталған.