
Меморандумға Конституциялық Сот Төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов пен «Бас редакторлар клубының» президенті, Парламент Сенатының депутаты Бибігүл Жексембай қол қойды.
Бақыт Нұрмұханов құжаттың маңыздылығына тоқталып, бұл тек екі тараптың ресми келісімі ғана емес, сонымен қатар азаматтардың құқықтық мәдениеті мен құқықтық сауаттылығын арттырудағы ортақ жауапкершілік екенін атап өтті.
«Жариялылық пен ашықтық қағидаттары – конституциялық бақылау органдары қызметінің ажырамас бөлігі. Біз негізгі халықаралық органдардың ұсынымдарын қоса алғанда, жалпыға бірдей стандарттарды дәйекті түрде ұстанамыз», деді Б.Нұрмұханов.
Өз кезегінде сенатор Бибігүл Жексембай бұқаралық ақпарат құралдарының қоғам мен конституциялық бақылау органы арасындағы байланыстырушы көпір ретіндегі маңызды рөлін атап өтті. Оның айтуынша, журналистердің міндеті – объективті әрі жан-жақты ақпаратпен қоғамды қамтамасыз ету.
Сенатордың айтуынша, қазіргі уақытта клуб құрамында шамамен 300 медиа менеджер бар. Олардың басым бөлігі өңірлерде жұмыс істейді. Бұл өз кезегінде ақпараттың таралу аясын кеңейтіп, жергілікті жерлердегі хабардарлықты арттыруға ықпал етеді.
Кездесу барысында тараптар Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына арналған «Ата Заң – тәуелсіздік тірегі» ұлттық іс-шаралар жоспарын іске асыру мәселесіне ерекше назар аударды. Конституционализм идеяларын ілгерілету, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, құқықтық сауаттылықты арттыру, сондай-ақ қоғамда конституциялық құндылықтарды насихаттау бағытында мемлекеттік институттар мен медианың күш-жігерін біріктірудің маңыздылығы айтылды.
Іс-шара соңында тараптар қол қойылған меморандум аясында бірлескен ақпараттық-ағартушылық іс-шараларды өткізуге уағдаласты.
Кездесуге Конституциялық Соттың судьялары, аппаратының басшылық құрамы және клуб мүшелері – «Хабар» телеарнасының директоры Жайнагүл Төлемісова, «Қазақ газеттері» ЖШС бас директорының орынбасары Қамбар Ахмет, «Абай» телеарнасының директоры Еркін Мұхамеджанов, «Qazcontent» АҚ төрағасы Айна Задабек, бас редакторлар клубының атқарушы директоры Бибігүл Құламан қатысты.