
Суреттерді түсіргендер – А.Дүйсенбаев, Е.ҮКІБАЕВ
Алдымен Президент Франция сыртқы сауда делегат-министрі Лоран Сен-Мартенмен, Франция Ұлттық ассамблеясы шетелдік істер жөніндегі комиссиясының президенті Бруно Фукспен, сондай-ақ «EDF», «SUEZ» және «Sanofi» компанияларының жетекшілерімен кездесті.
Президент Франция Қазақстанның Еуропа Одағы елдері арасындағы негізгі сауда және инвестициялық серіктесі екенін атап өтті. Кейінгі жылдары екіжақты сауда көлемі және елімізге келетін француз инвестициясы ұдайы артып келеді. Бұл экономикалық байланыстарды нығайтуға тараптардың ортақ ұмтылысын байқатады. Мемлекет басшысы осындай оң динамиканы сақтау қажет екенін айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев 17 келісімге қол қойылған қазақ-француз бизнес-форумының нәтижесін жоғары бағалап, уағдаластықтарды уақтылы орындаудың маңызына назар аударды. Әңгімелесу барысында энергетика, атом өнеркәсібі, денсаулық сақтау, фармацевтика, су ресурстарын басқару және басқа да салаларда өзара ықпалдастықты дамыту мәселелері талқыланды.
Мемлекет басшысы орайлы сәтті пайдалана отырып, Франция Президенті Эмманюэль Макронға ыстық ықыласын жолдады.
Лоран Сен-Мартен Астанаға 40-тан астам француз компаниясының жетекшілері келгенін, әртүрлі саланы қамтитын ұжымдар елімізбен іскерлік байланыстарды ілгерілетуге ниетті екенін жеткізді.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Франция арасындағы сауда айналымының көлемі 5,5 млрд долларға жетті. Бұл тауар айналымының 31 пайызға ұлғайғанын көрсетеді. 2005 жылдан 2024 жылға дейін Францияның елімізге құйған тікелей инвестиция көлемі 20 млрд долларды құрады.
* * *
Сонымен қатар Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен Араб Әмірліктерінің Энергетика және инфрақұрылым министрі Сухейл әл-Мазуримен кездесті.
Мемлекет басшысы Абу-Дабидің Тақ мұрагері Халед бен Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянмен Астанадағы кездесуін ықыласпен еске алды. Оның аясында нәтижелі келіссөздер жүргізіліп, жалпы құны 5 млрд долларды құрайтын 20-дан астам коммерциялық келісімге қол қойылды.
Сухейл әл-Мазури Астана халықаралық форумының жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтіп, қонақжайлық танытқаны үшін Қазақстан тарапына алғыс айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Сухейл әл-Мазури жоғары деңгейде жасалған уағдаластықтарды жүзеге асырудың нақты жолдарын, соның ішінде екіжақты тауар айналымын 1 млрд долларға дейін ұлғайту бастамасын талқылады. Министрдің айтуынша, Әмірліктер Абу-Даби Тақ мұрагерінің Қазақстанға сапары кезінде қол қойылған келісімдерді орындауға белсене кірісіп кеткен.
Кездесу барысында энергетика, ауыл шаруашылығы және көлік салаларындағы ықпалдастықтың өзекті мәселелері қарастырылды.
* * *
АIF алаңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Миграция жөніндегі халықаралық ұйымның – БҰҰ көші-қон жөніндегі агенттігінің бас директоры Эми Поупты қабылдады.
Әңгімелесу барысында миграция бойынша ынтымақтастықтың жай-күйі, мигранттардың құқығын қорғау және Ұйымның 2024–2028 жылдарға арналған стратегиялық жоспары шеңберіндегі өзара ықпалдастық мәселелері талқыланды.
Мемлекет басшысы еліміз заңсыз көші-қон проблемаларын шешу, адам саудасына қарсы іс-қимыл және шетелдерде еңбек ететін қазақстандықтардың құқығын қорғау бағыттарында белсенді жұмыс жүргізетінін айтты.
Эми Поуп Қазақстанның Алматы процесіне 2025–2027 жылдардағы төрағалығының маңызын атап өтті. Бұл – аймақтық диалогті ілгерілетуге және Орталық Азиядағы көші-қонға байланысты проблемалардың шешімін бірлесіп іздеу шараларын үйлестіруге ықпал ететін консультативтік платформа.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эми Поуп ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге, сондай-ақ институционалды әлеуетті нығайтуға және аймақтағы көші-қонды орнықты басқаруға ықпал ету мақсатында озық тәжірибелермен алмасуға уағдаласты.
* * *
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ауғанстан өнеркәсіп және сауда министрінің міндетін атқарушы Нуриддин Азизиді қабылдады.
Кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Ауғанстанды аймақтағы маңызды серіктес ретінде қарастыратынын және екі ел арасында сенім мен ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ниетті екенін атап өтті. Мемлекет басшысының айтуынша, еліміз Ауғанстанда орнықтылық пен қауіпсіздіктің орнауына мүдделі. Бұл аймақтың игілігі жолында ауған мемлекетінің әлеуетін пайдалануға мүмкіндік береді.
Өзара байланыстарды қалпына келтіру мақсатында Қазақстанның үкіметтік делегациясы Кабулға екі рет барды.
Нуриддин Азизи Қазақстанның халықаралық ұйымдарда Ауғанстан тақырыбын дәйекті түрде ілгерілетіп келе жатқаны және гуманитарлық көмек көрсеткені үшін ризашылық білдірді. Ол ресми Кабулдың бірлескен жобаларды жүзеге асыруға қызығушылық танытатынын жеткізді. Бұл Ауғанстанда жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді.
Әңгімелесу барысында сауда-экономикалық, көлік-логистикалық және аграрлық салалардағы, сондай-ақ геологиялық барлау мен цифрландыру бағыттарындағы ынтымақтастықтың перспективасы талқыланды. Қазақстан компаниялары ауған аумағындағы ірі инфрақұрылымдық жобаларға қатысуға дайын. Қазіргі кезде Тургунди – Герат теміржол құрылысы салынып жатыр. Сонымен қатар Қазақстанның Ауғанстанға ауыл шаруашылығы өнімдері мен химия өнеркәсібі тауарларының экспортын ұлғайтуға мүмкіндігі зор.
* * *
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жаһандық жасыл даму институтының төрағасы, БҰҰ-ның сегізінші Бас хатшысы Пан Ги Мунмен кездесу өткізді.
Мемлекет басшысы Институтқа еліміздің көміртегі бейтараптығы стратегиясын әзірлеуге көрсеткен сараптамалық қолдауы мен Арал теңізінің құрғаған табанын экологиялық тұрғыдан қалпына келтіру бағдарламасына қатысқаны үшін алғыс айтты.
Пан Ги Мун Қазақстанның тұрақты даму мақсаттарына жұмсаған күш-жігерін қолдайтынын, жаһандағы экологиялық бастамаларды іске асыру үшін ынтымақтастықты кеңейтудің маңызды екенін атап өтті.
* * *
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Google» компаниясының Орталық және Шығыс Еуропа бойынша вице-президенті Патрик Ворнкингпен кездесті.
Президент компанияның еліміздегі цифрлық трансформацияға елеулі үлес қосқанын атап өтті.
Мемлекет басшысы Қазақстанның Еуразиядағы цифрлық хабқа айналу жөнінде стратегиялық мақсат қойғанын жеткізді. Аталған стратегия тіршіліктің барлық саласына жасанды интеллектіні енгізуді көздейді. Ол үшін еліміз цифрлық және коммуникациялық инфрақұрылымға, сондай-ақ есептеу қуатын арттыруға белсенді түрде инвестиция құйып жатыр.
Патрик Ворнкинг жасанды интеллектіні пайдаланып, цифрлық келешекке жол ашу үшін инфрақұрылым әзірлеу және маман даярлау ісінде Қазақстанның қол жеткізген табысына жоғары баға берді.
* * *
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының бас директоры Дарен Тангты қабылдады.
Әңгімелесу барысында зияткерлік меншік саласындағы Қазақстанның әлеуетін арттыруға, экожүйені нығайтуға және орнықты білім экономикасын құруға бағытталған бірлескен бастамалар талқыланды.
Қасым-Жомарт Тоқаев болашаққа бағдарланған интеллектуалды меншіктің берік негізін қалауда Ұйым еліміздің ең басты серіктесі екенін атап өтті.
Қазіргі кезде зияткерлік меншік құрамдас бөлігі бар Ұлттық инновациялық стратегияны әзірлеу жобасы іске қосылды. Бұл ғылыми зерттеулерді ынталандыруға, озық технологияларды дамытуға және жағымды инновациялық орта қалыптастыруға бағытталған. Сондай-ақ Қазақстан Ұйыммен бірлесе отырып, Технология мен инновацияны қолдау орталығы жобасын жүзеге асырады.
Дарен Танг елімізде қабылданған шаралардың нақты нәтиже беріп жатқанын айтты. Былтыр Қазақстан Жаһандық инновациялық рейтингтегі орнын жақсартқан болатын.
* * *
Қасым-Жомарт Тоқаев Еуропа Кеңесінің Бас хатшысы Ален Берсені қабылдады.
Кездесуде Қазақстан мен Еуропа Кеңесі арасындағы жан-жақты ынтымақтастықты нығайту перспективасы талқыланды.
Мемлекет басшысы еліміздің еуропалық ұйыммен өзара ықпалдастықты одан әрі тереңдетуге бейіл екенін растады. Президент Әділетті Қазақстан құруға бағытталған саяси реформалардың ауқымды бағдарламасын жүзеге асыру барысы туралы мәлімет берді.
Ален Берсе Еуропа Кеңесінің Қазақстанмен өзара қарым-қатынас жасауға әзірлігін жеткізді.
* * *
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (FAO) бас директоры Цюй Дунъюймен кездесті.
Президент жаһандық азық-түлік қауіпсіздігі мен ауыл шаруашылығының орнықты дамуын қамтамасыз етуде Қазақстанның Ұйыммен ынтымақтастығы маңызды екенін атап өтті. Еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігі FAO бюросымен тығыз серіктестік орнатып, 27 жобаны табысты жүзеге асырды. Қазіргі уақытта қуаңшылық пен ауылшаруашылық алқаптарының сортаңдануы жағдайында табиғи ресурстарды басқару, орнықты аквамәдени даму, топырақ құнарын сақтау секілді салаларда тағы 14 жоба іске асырылып жатыр.
Цюй Дунъюй Қазақстанның жаһандық азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және гуманитарлық көмек көрсету ісінде айтарлықтай рөл атқаратынын айтты.
Әңгімелесу барысында ұлттық алма бренді саналатын Алматы апортына ерекше назар аударылды. Қазақстан ресми түрде апорттың отаны болып мойындалды. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Цюй Дунъюй өзара тиімді нәтижелерге қол жеткізу үшін серіктестікті одан әрі нығайтуға дайын екендерін растады.
* * *
Президент БҰҰ-ның жоғары өкілдерімен кездесу өткізді.
Мемлекет басшысы БҰҰ Бас хатшысының орынбасары – БҰҰ Бас хатшысының цифрлық мәселелер және озық технологиялар жөніндегі арнаулы өкілі Амандип Сингх Гиллмен, БҰҰ Бас хатшысының орынбасары – БҰҰ Даму бағдарламасы Әкімшісінің орынбасары Хаолян Шумен, БҰҰ Бас хатшысының Ауғанстан бойынша арнайы өкілі және Ауғанстанға көмектесу жөніндегі БҰҰ миссиясының басшысы Роза Отынбаевамен, БҰҰ Бас хатшысының жастар ісі жөніндегі көмекшісі Фелипе Паульермен кездесті.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Астана халықаралық форумына БҰҰ беделді өкілдерінің қатысуы сан қырлы әрі сындарлы диалогтің баршаға ортақ екенін көрсетеді.
Қазақстан Президенті геосаяси тұрақсыздық белең алған кезеңде БҰҰ өзінің әмбебап әрі баламасыз сипатын сақтап, бейбітшілік, қауіпсіздік және дамуды қамтамасыз ету ісіндегі бірегей Ұйым ретінде қала беретініне сенім білдірді.