Балалар • Кеше

Жаз қызығы басталды

110 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Оқу жылы да тәмамдалды. Оқушылар жазғы демалысқа шықты. Мектеп түлектері үшін өмірдің жаңа кезеңі басталса, төменгі сынып жеткіншектері жазғы демалысты қызықты өткізгісі келеді. Бұл мәселе ата-аналарды да толғантады.

Жаз қызығы басталды

Осыған орай қаладағы №2 Оқушылар сарайы балалар­дың жаз­ғы демалысын қызық­ты әрі тиімді өткізу үшін 10 күн­дік лагерь қызметін ұйымдастырды. Ме­кеме басшысы Данияр Егіз­баевтың айтуынша, 1 маусымнан тамызға дейін 5 кезең бойынша 625 оқушы лагерьде демала алады. Сондай-ақ әр кезең бойынша 25 баладан бес топ Оқушылар сарайындағы түрлі үйірмеге қа­тысып, лагерьдегі күндерін қы­зықты өткізбек. Мұнда жеткіншектер сурет салып, спорттық жат­тығулар жасап, қолөнермен айна­лысып, мобилография мен робот­техниканың қыр-сырын меңгереді.

«Жазғы демалыста балалар қыды­­рып ойнағысы келеді. Ата-аналар таңертеңнен кешке дейін жұмыста болғандықтан, олар көбінесе көше мен ауладағы ойын алаңдарына барады. Қа­ла берді күні бойы ғаламтор ақ­тарып, телефон шұқылайды. Сон­дықтан оқушылардың бос уақытын пайдалы іске жұмсау үшін мекеме жанынан жазғы лагерь ашып отырмыз. Оған Шымкент қаласындағы кез келген жеткіншек жазыла алады. Біздің лагерь балаларға ұнайды деп ойлаймын. Өйткені он күндік дема­лысты қызықты әрі есте қала­тындай етіп өткізуге барымызды саламыз», деді Оқушылар сара­йының басшысы Д.Егізбаев.

Бұл білім ошағы 2023 жылы ашылған. Қазір қаладағы ең заманауи Оқушылар сарайы саналады. Мұнда ғылыми бағыттағы түрлі зертхана жұмыс істейді.

Шымкент қаласының білім басқар­­масы таратқан мәліметке сүйенсек, шаһарда мемлекеттік және жеке­меншік 290 мектеп тіркелген. Мұнда 270 мыңнан ас­там оқушы білім алады. Биыл білім басқармасы балалардың жазғы демалысын тиімді ұйым­дас­тыруға көңіл бөліп отыр. Әсі­ресе мектеп жанындағы үйірме­лер мен аула спорт клубтарына ерекше мән бермек.

«Негізінде балаларды мектептен тыс қосымша біліммен қамту үшін Оқушылар сарайын көбейту қажет. Әзірге қалада осындай үш мекеме бар. Жоспар бойынша шаһардың әр ауда­нынан бір-бір Оқушылар сарайын ашу көзделген еді. Әлеуметтік мәселені шешуге мемлекет тарапынан кейінгі жылдары жақсы көңіл бөлініп келеді. Сондықтан қалада заманауи Оқушылар сарайы­ның саны арта түседі деген сенімдеміз. Мектептен тыс қосымша білім ұйымдары көп болса, каникул кезін­де бала­лардың жазғы демалыс­тарын ұйымдастыруға да жақсы», дейді Д.Егізбаев.

Сондай-ақ Шымкент қала­сының төтенше жағдайлар департаменті жуыр­да арнайы брифинг ұйымдастырып, ата-аналарға балаларын қараусыз қалдыр­мауды ескертті. Депар­тамент мамандары­ның айтуынша, қалада қауіпті деп танылған 13 су көзі бар. Сондықтан шо­мылу науқаны кезінде депар­тамент қалалық әкімдікпен бір­лесіп, бірқатар қауіпсіздік іс-ша­раларын ұйымдастырып отыр.

 

ШЫМКЕНТ