Шахмат • Кеше

Жыл үздіктері марапатталды

20 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Шахмат федерациясы өткен жыл үздіктерін анықтап, сондай-ақ биылғы бес айда жоғары нәтиже көрсеткен саңлақ­тарды марапаттау рәсімін өткізді. Ел спор­тының тарихында ерлер арасында «Ең жас гроссмейстер», «Жыл үміті», «Үздік жаттықтырушы» сынды бірнеше аталым бойынша озық шыққан талантты шахматшылар құрметке кенелді.

Жыл үздіктері марапатталды

Сурет: mencey.ru

Кейінгі жылдары шахмат ойыны елімізде кең қанат жайып, жал­пы­халықтық сипат алып келеді. Әлемдік аренадағы толайым же­тістігіміз көңіл қуантады. Былтыр шахматшыларымыз халықаралық турнирлерден 55 алтын, 54 күміс, 51 қола медаль олжалады. Жаһандық сайыс­тарда мерейімізді асырған таланттарды құрметтеп, бағалау салаға тың серпін берері сөзсіз. Бұған дейін «KazChess Awards» сыйлығы 9 аталым бойынша беріліп келсе, биыл аясы ке­ңейіп, 14 аталым бойынша үз­дік шыққан саңлақтар марапат алды. Олардың арасында әлем чем­пионы, дүние жүзінің таң­даулы шахматшыларымен сын­ға түсіп, сенсациялық нәтиже көрсеткен таланттар да бар.

Салтанатты іс-шарада шахмат федерациясының прези­денті Тимур Турлов зияткерлік тартыстың бә­секесі өте жоғары екенін атап өтті. «Жаһан­дық олим­­пиада, әлем чемпионаты, ха­лықаралық турнирлерде топ жарған шахматшылар табы­сының артында ұжымның ерен еңбегі тұр. Жас таланттарымыз гроссмейстер атағын алды. Еліміз шахмат державасына айналып келеді. Біз әлемдік додаларды қа­былдап, жоғары дең­гейде өткіздік. Бұл үрдіс жал­ға­сын таба бермек», деді Т.Тур­лов.

Федерация президенті жуырда гроссмейстер атағын иеленген Бибісара Асаубаева мен Эдгар Мамедовті «Дара», «Үміт» медальдарымен марапаттады. Екі дүркін әлем чемпионы Бибісара – қыз­дар арасында гроссмейс­тер атанған екінші шахматшы. Ал 14 жастағы Эдгар әзірге ең жас гроссмейстер атағын иеленіп отыр. «Үздік жаттықтырушы ата­лымы» әйелдер құрамасы­ның жетекшісі, білікті маман Павел Коцурға бұйырды. Ха­лық­аралық сайыстарға алғаш қосылған жас таланттардың арасынан Нұрәли Болашақов «Жыл дебюті» атанды. Жасөспірімдер арасында үздік деп танылған Марк Смир­нов пен Аланна Берікқызын федера­цияның вице-президенті Дәр­мен Сәдуа­қасов марапаттады. Серік­бай Темірбаев үздік төреші, Иван Червинский үздік амбас­садор атанса, Арман Қор­жымбаев үздік медиа марапатын алды. Былтыр Мажарстанның Бу­дапешт қаласында өткен шахмат Олимпиадасынан әйел­­дер құра­масы күміс медальмен оралды. Құ­рамында Ксения Бала­баева, Алуа Нұрман, Ме­руерт Қамалиденова, Әмина Қайыр­бекова, Бибісара Асау­баева бастаған таланттар бар ұжым жылдың үздік командасы деп танылды. 20 жасқа дейінгі жастардың әлем чемпионатында топ жарған Қазыбек Нөгербек ерлер ішінен үздік атанса, әйел­дер арасынан Бибісара Асау­баева жыл үздігі марапатын иеленді.