
Ақындар еліне табаны тиіп, Жамбыл атаның көк күмбезді музейіне келген қонақтардың алдымен көлікжайда тұрған көк машинаға көзі түсері анық. «Мен мұндалап» тұрған көлік 1938 жылы Жамбыл Жабаевтың ақындық шығармашылығының 75 жылдығы аталып, сол кезде ақынға 12 бөлмелі үй салынып, Горький автомобиль зауытынан 1932 жылы шыққан «МК М1» маркалы автокөлігі сыйға берілген.
«Өзіне арнап салынған үйде өмірінің соңына дейін тұрған. Жамбыл ата мемориалды музейінің бес бөлмесі ескерткіш бөлмелер, яғни көзі тірісінде қолданған заттары, киген киімдері, сыйлықтары сол қалпы сақталған. Ал атамызға берілген автокөлік сол жылдары Қазақстан бойынша 6-ақ адамда болған екен. Жамбыл атамызды Григорий Бажен және туыс інісі Нағашыбек Байсабаев деген екі жүргізушісі алып жүрген. Бірі қалаға тасымалдаса, екіншісі ауылдарды аралатқан. Алғашында машинаның түсі қаракөк болған. 2008 жылы қайта жөндеуден өтіп, түсі өзгертіліп, жүретін қалыпқа келтірілді», – дейді ақынның немересі әрі музейдің директоры Салтанат Жамбылова.
Ақынның мол мұрасынан сыр шертетін музейде таяғы, кебісі, мәсісі мен бөркі, оюлы шапандары ілініп тұр.
Алматы облысы