
Фото: pavlodarnews.kz
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, Даниил - әлем бойынша техникалық құзыреттілікті растаудың қатаң талаптарынан сүрінбей өткен санаулы студенттердің бірі.
Қазір Даниил Барт Павлодар ақпараттық технологиялар колледжінің 3-курсында оқиды. Бағдарламалауға қызығушылығы мектепте пайда болып, колледжде түрлі байқаулар мен хакатондарға белсенді қатысып жүр.
Ал оның Google компаниясымен серіктестігі 2023 жылы колледждің 1-курсында басталған. Ол Қазақстанда Google ұйымдастырған техникалық іс-шаралар мен байқауларды өткізетін команда құрамына да кірген.
«Конференция және одан кейінгі тағылымдама жасанды интеллект, Android, бұлтты платформалар мен веб-технологиялар саласындағы озық білімге жол ашады. Мен осындай деңгейдегі шараға елімнің атынан қатысатыныма қуаныштымын», дейді Даниил Барт.
Айта кетейік, павлодарлық студент 2023 жылы WorldSkills Kazakhstan байқауында «алтын» жүлде жеңіп алған. 2024 жылы Иранда өткен халықаралық турнирде үздік ондыққа енген. Сондай-ақ ол «Тәуелсіздік ұланы» сыйлығының лауреаты және Google қауымдастығы аясында бірқатар жобалардың авторы.