
Мәулен Әшімбаев мейманға ілтипат білдіре келіп, Германия Қазақстанның Еуропалық одақтағы стратегиялық серіктесі екенін айтты. Сенат спикері атап өткендей, дипломатиялық қарым-қатынас орнағалы бері Қазақстан мен Германия арасында сенімді саяси диалог жолға қойылды. Сондай-ақ сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық пен мәдени-гуманитарлық байланыстар да нәтижелі дамып келеді.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Германия арасындағы достық және өзара тиімді қарым-қатынасты нығайтуға үнемі баса мән береді. Бұған кейінгі үш жылда Германияның Федералды Президенті Франк-Вальтер Штайнмайердің, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың және Германияның Федералды Канцлері Олаф Шольцтың өзара сапарлары айқын дәлел. Сонымен қатар былтыр Ынтымақтастық туралы бірлескен декларацияға қол қойылғаны белгілі. Бұл стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайту жолындағы маңызды қадам болды. Біз Сенат тарапынан заңнамалық қолдау көрсетуге және барлық келісімді тиімді іске асыру жолында бірлесіп жұмыс істеуге дайынбыз, – деп палата төрағасы Бундесрат Президентінің бұл сапары елдер арасындағы қатынастарды одан әрі ілгерілетуге елеулі серпін беретініне сенім білдірді.
Сұхбат кезінде Мәулен Әшімбаев пен Анке Релингер парламентаралық байланыстарды нығайту перспективаларына, оның ішінде заң шығару қызметінде тәжірибе алмасуға қатысты мәселелерге де назар аударды.
– Парламентаралық диалог елдеріміз арасындағы ынтымақтастықты нығайту жолында маңызды рөл атқарады. Осы бағыттағы алғашқы қадам ретінде салалық комитеттер және Сенат пен Бундесрат аппараттары арасында жұмыс байланыстарын орнатуға мол мүмкіндік бар. Біздің Парламенттің екі палатасында да Германиямен достық топтары жұмыс істейді. Бұл топтардың қызметі екіжақты ынтымақтастықтың маңызды тетігі саналады. Олардың әлеуетін барынша белсенді пайдалануға болады, – деді М.Әшімбаев.
Сонымен қатар кездесуде Орталық Азия – Германия стратегиялық серіктестік орнатқан аймақ екені сөз болды. Осыған байланысты палата төрағасы сауда-экономикалық, инвестициялық ынтымақтастық, сондай-ақ жасыл экономика және өңіраралық өзара іс-қимыл салаларын дамытуды заңнамалық тұрғыдан қолдауды көздейтін бірлескен жұмыстың негізгі бағыттарына тоқталды.
– Бундесрат – «жер палатасы» екенін білеміз. Сенат та – Қазақстандағы өңірлердің мүддесін қорғайтын палата. Сондықтан біз елдеріміздің өңірлері арасында байланыс орнатуға мүдделіміз. Жасыл энергетика, көлік және логистика, экология және ауыл шаруашылығы, туризм сияқты секторлар өзара тиімді ынтымақтастықтың перспективалы бағыттары бола алады. Өңірлер арасындағы байланыстарды нығайту ісінде федеративтік жерлер өкілдерімен де белсенді ынтымақтастық орнатуға дайынбыз, – деп Сенат спикері делегаттарға Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан кешенді реформалардың негізгі мәні мен маңызы жөнінде айтып берді.
Өз кезегінде Анке Релингер Қазақстандағы әлеуметтік-экономикалық және саяси өзгерістерге жоғары баға берді және екі елдің ынтымақтастығы одан әрі нығая түсетініне сенім білдірді.
Кездесуде рухани дипломатияны дамыту мәселесіне де ерекше көңіл бөлінді. Бұл ретте биылғы қыркүйекте Қазақстанда өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VIII съезіне дайындық барысы әңгімеге арқау болды.