Қоғам • 29 Мамыр, 2025

«Кибер Тұмар»: интернетке тәуелділіктің алдын алу

70 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қазіргі кезде елімізде балаларды цифрлық ортада қорғауға бағытталған «Кибер Тұмар» ақпараттық білім беру жобасы іске асып жатыр. Бастама өскелең ұрпақты интернетті қа­уіп­сіз пайдалану мен ықтимал тәуекелдерді басқаруға үндейді.

«Кибер Тұмар»: интернетке тәуелділіктің алдын алу

«Кибер Тұмар» түрлі қа­уіп-қатерлер кезінде әрекет етудің базалық алгоритмдері көрсе­тілген әлеуметтік плакаттар, сарап­шылардың кеңестері, білім беру ро­ликтерінен тұратын ақпараттық құралдар кешенін қамтиды. Нау­қан кибербуллинг, жағымсыз және тыйым салынған контенттер, қауіпсіздік пен құпиялылықтың цифрлық тәуекелдері, интернетке тәуелділік, онлайн қауіп-қа­тер­лердің алдын алуға шақы­рады.

«Кибер Тұмар» ақпараттық-білім беру жобасын іске асыру аясында Балаларды қорғау күніне орай «Almaty Polytechnic College» мектеп оқушыларына арналған «Цифрлық мамандықтар қаласы» тақырыбында танымдық эстафета өткізді.

Өскелең ұрпақты цифрлық ортада қауіпсіз және саналы әрекет етуге шақыру, сондай-ақ ІТ са­ласындағы заманауи ма­ман­­дықтармен таныстыру мақ­­­са­­тында қолға алынған эста­фетаға қаладағы №174, №130, №65, №178, №132, №210 мектеп-гим­назияларының және лицей оқушылары қатысты.

Эстафета үш кезең бойынша өтті. «Интернеттегі қауіптерді тап!» кезеңінде балалар сурет арқылы интернеттегі жасырын қауіптерді анықтаған болса, «Киберқаһарман бол!» кезеңінде оқушылар өз қаһармандарын ойлап тауып, интернет кеңістігін қалай қорғай алатынын сипат­тады. Ал үшінші «Кибер – иә, кибер – жоқ!» кезеңінде дұ­рыс және бұрыс әрекеттерді ажы­ратуға арналған викторина мен киберқауіпсіздікке байланысты мем-баттл ұйымдастырылды.

Сайыс қорытындысына сәйкес «Интернет гвардиясы» командасы жеңімпаз атанып, «Киберқаланың жас қорғаушысы» мәртебесін иеленді. Барлық қатысушыға «Ин­тернеттің жас қорғаушысы» белг­ілері мен естелік сыйлықтар берілді.

Мерекелік іс-шара барысында «Цифрлық мамандықтар қаласы» эстафетасының арнайы кубогі Алматы сервис және технология­лар колледжіне табыс етілді. Жоба аясында киберқауіпсіздік мәдение­тін дамыту жұмыстары басқа оқу орындарында жалғасын табатын болады.

Колледж директоры Медет Омарбеков «Кибер Тұмар» ақпа­раттық білім беру жобасы ая­сында іске асып жатқан оқу бағ­дар­ламаларымен таныс­ты­рып, оқушылардың цифрлық са­­уаттылығын арттыру, интер­нет­тегі қауіптерді тану дағды­ла­рын қалыптастыруды бүгінгі оқу үдерісінің ажырамас бөлігі ре­тінде дамыту қажеттігін алға тартты.

– Цифрлық қауіпсіздік мәде­ниетін ерте жастан қалыптастыру – ақпараттық қоғамда өмір сү­ре алатын сауатты буын тәр­биелеудің басты негізі десек, бұл іс-шараның басты мақсаты мек­теп оқушыларына цифрлық ма­мандықтардың болашағы мен қауіпсіз интернет қолдану мәдениетін қалыптастыруды көздейді. Цифрлық сауаттылықты арттыруға арналған іс-шаралар балаларға тек білім беріп қана қоймай, оларды саналы әрі қауіпсіз интернет қолданушы болуға, фишинг, кибербуллинг, жалған контент пен вирустардан қалай сақтану керектігін үйрету маңызды. Бүгінде колледжде ІТ бағыты бойынша мамандар даярланатын болғандықтан, ақпараттық қауіпсіздік тақырыбына ерекше мән беріліп отыр. Атап айтқанда, «Ақпараттық қауіпсіздік жүйе­лері» мамандығының оқу бағ­дарламасы заманауи цифрлық орта­дағы қауіп-қатерлерге төтеп беруге қажетті кәсіби дағдыларды қалыптастыруға ықпал етеді. Оқу барысында студенттер же­лілік архитектура, ақпараттық жүйелерді қорғау әдістері, кибершабуылдарды анықтау және олардың алдын алу тәсілдері, киберэтика және осы салаға қа­тысты заңнамалық аспектілер сияқты маңызды модульдерді меңгереді. 85 жылдық тарихы бар оқу орны дәстүр мен заманауи технологияларды ұштастыра отырып, бәсекеге қабілетті ІТ маман­дарды даярлауға күш салып келеді. IT-хаб базасында оқу­шылар мен студенттерге арналған арнайы жобалар жүйелі іске асып, практикалық бағыттағы семинарлар, симуляциялық шабуылдармен жұмыс, желілік қауіп­сіздік сценарийлерін модельдеу, криптография негіздері мен ақпараттық жүйелердің осалдығын талдау сияқты өзекті тақырыптар қарастырылады. Сондай-ақ студенттер хакатондардарда тәжірибе жинақтап, еліміз өңірлері бойынша өтетін цифрлық байқауларға тұрақты қатысып келеді, – дейді Медет Әсетұлы.

Колледж басшылығы цифр­лық білім беру бағытында тек студенттермен ғана емес, мектеп оқу­шыларымен де жүйелі жұмыс жүргізіп, интернет кеңістікті тиімді пайдалануға қатысты жоба­ларды алдағы уақытта да жал­ғастыратын болады.

«Кибер Тұмар» білім беру жобасын іске асыру аясында Алматы мемлекеттік бизнес колледжінде «Балалар интернетте» челленджі өтті. Директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Жұлдыз Құрманәлі мектеп оқушылары мен колледж студенттерінің бүгінгі цифр­лық кеңістіктегі қауіпсіздігіне ар­налған челлендж жастардың цифрлық қауіпсіздігін арттыру және ақпараттық кеңістікті саналы тұтыну мәдениетін қалып­тастыру бағытында маңыз­ды еке­нін атап өтті.

«Колледждегі мамандықтар менеджмент, маркетинг, есеп және аудит, бағдарламалық қам­тамасыз етумен байланысты болса, бүгінде оларды интернеттің көмегінсіз оқыту мүмкін емес. Осыған орай әр мамандық бо­йынша бағдарламаларды, модуль­дерді меңгеруде қауіпсіздік сабақтары, семинар, тренингтер тұрақты өткізуге басты назар аударып келеміз. Қазіргі кезде дүние жүзінде балаларды интернеттің қаупінен қорғау өзекті болып отырғандықтан мектептер, колледждерде цифрлық сауаттылыққа баулумен қатар оның жағымсыз тұстары туралы жиі хабарландырып отыру, оны пайдалану мәдениетін қалыптастыру өте маңызды. Осы орайда балаларды интернеттің ықпалынан қор­ғаумен айналысатын үкіметтік емес ұйымдардың жұмысын жандандыру қажет. Бүгінде бұл қадам бірқатар дамыған елдер тәжірибесінде тиімділігін көрсетіп келеді. Үкіметтік емес ұйымдар оқу орындарымен тығыз жұмыс істеп, балалар қауіпсіздігіне қа­тысты арнайы шаралар өткізеді. Оқу орындары осы ұйымдармен тұрақты байланыс орната отырып, түрлі ауқымды шаралар өткізуді дәстүрге айналдырған. Интернет кеңістіктен қорғауда басты назар аударатын мәселе, оқушылардың, студенттердің уақытын тиімді пайдалануына ықпал ету. Бүгінгі заман жастарын қызықтыратын шараларды мектептерде, колледждерде тұрақты өткізіп тұру басты назарда болуы керек. Колледжімізде осы бағыттағы дәстүрлі шаралар студенттердің интернеттен тыс уақытын тиімді пайдалануға ықпал етіп келеді. «Saryarqa» домбырашылар, «Alash» пікірсайыс клубы шешендік қабілеттерін дамытуға бағытталса, «Sanaly urpaq» клубы студенттер арасында құқықтық мәдениетті қалып­тас­тыруда маңызды рөл атқа­рады. «L&G» би клубы, «АМБК-жасыл әлем» экологиялық волонтерлік тобы мен LV8 студенттер кеңесі студенттердің қоғамдық өмірге белсене атсалысуын қамтамасыз етумен қатар, көшбасшылық қасиеттерді дамытуда басымдыққа ие», деп атап өтті ол.

Балалар мерекесі қарса­ңында қала мектептері мен колледж­­де­рінде цифрлық қауіп­сіздікке арналған ауқымды шаралар жалғасып жатыр.

 

АЛМАТЫ