
Облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаевтың айтуына қарағанда, мұнайлы шаһардың солтүстігінен айналып өтетін жолдың құрылысын 2026 жылы аяқтау жоспарланып отыр. Осы кезге дейін жобаға сәйкес 7 шақырым жолдың негізгі қабаты салынды.
«Асфальт жабынының астыңғы қабаты төселді. Көпірдің және жол айрығының қадалары қағылды. Солтүстік айналма жол өзге өңірлерден келетін жүк көліктерінің Атырау қаласына кірмей-ақ, Орал, Ақтау, Ақтөбе және Ресей шекарасы бағытындағы жолға шығуына мүмкіндік береді. Демек алдағы уақытта бұл жоба көлік және логистика саласының экономикалық тұрғыдан тиімділігін арттырады», дейді Қ.Нұртаев.
Әкім орынбасарының мәліметінше, аталған жоба аясында Жайық өзені мен Сарыөзек каналы үстімен өтетін көпірлер салынады. Оған қоса үш жол айрығын салу қарастырылып отыр. Жайық өзенінің үстінен салынатын көпір Атырау – Орал және Атырау – Индер жолына қосылады.
«Мұнайлы өңір тұрғындарын «Атырау қаласынан Ресей шекарасына дейін қатынайтын жолдың 5 шақырымы қашан салынады?» деген сауал толғандырады. Жолдың бұл бөлігін бірінші санатқа ауыстыру мақсатында облыстың коммуналдық меншігіне алдық. Содан соң жол бөлігін реконструкциялау үшін жобалық-сметалық құжат дайындалды. Жобаға мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы берілді», деп мәлімдеді әкім орынбасары.
Жақында аталған жолдың бөлігін жөндеу басталды. Атырау облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бас маманы Алтынбек Бейбітовтің дерегіне сүйенсек, жаңғырту жұмысының мердігері – «Казахдорстрой» ЖШС.
«Бұрын жолдың бұл учаскесі үшінші санатта әрі екіжолақты еді. Енді бірінші санатқа ауыстырылып, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының теңгеріміне берілді. Бұл учаскенің ұзындығы – 5 шақырым. Оның ішінде теміржолдың үстімен өтетін 89,4 метрлік көпір бар. Жаңғырту жобасы аясында ескі көпір толық бұзылып, жаңадан салынады. Жол төрт жолақ болады», дейді А.Бейбітов.
Жоба жетекшісінің орынбасары Әсет Бектеновтің айтуына қарағанда, жолдың ескі қабатын бұзу басталған. Қазір көлік қозғалысын тоқтатпау үшін айналма жол салынып жатыр. Жол құрылысына 10 жұмысшы, 15 техника тартылған.
«Алдымен жолдың үстіңгі қабатын толық қазып аламыз. Ал айналма жол дайын болған соң, негізгі құрылыс жұмыстары жалғасады», деп мәлім етті Ә.Бектенов.
Атырау облысы