
Елімізде еркін күрестен бәсекелестік өте күшті. Елорда төрінде өткен жарыста соған тағы бір көз жетті. Мәселен, осы күнге дейін 125 кг салмақ дәрежесінің бас балуаны саналып келген Юсуп Батырмұрзаев ширек финалда Әлішер Ерғалиден ойсырай ұтылды. Сөз жоқ, Әлішер – мықты балуан. Азия чемпионатында төрт рет жеңіс тұғырына көтеріліп, Токио, Париж олимпиадаларына қатысты. Дегенмен Жамбыл облысының өкілі бұл табыстарға 97 кг салмақта қол жеткізді. Ал аса ауыр салмақтың өз мықтылары бар. Соған қарамастан Ә.Ерғали Батырмұрзаевты қос жауырынымен жерге қадады. Финалда ақмолалық Нұрсұлтан Азовтан айласын асырды. Үшінші орынға Қарағанды облысының қос алыбы – Серік Бақытханов пен Әлихан Құсайынов табан тіреді.
Әлем чемпионатының қола, Азия ойындарының күміс жүлдегері, құрлықтың екі дүркін чемпионы Данияр Қайсанов бірден екі салмақ дәрежесіне жоғарылауды жөн көрген екен. Оның бұл шешімі дұрыс болмағаны бәсеке барысында анық байқалды. 86 кг салмақта сайысқа түскен атақты балуан алғашқы айналымнан кейін-ақ көрермендер қатарына қосылды. Данияр Бибарыс Нұрылаұлына жол берді. Ақтөбенің спортшысы алматылық Нұрсұлтан Әбдіхалықпен бірге қола медальды қанағат тұтса, алтын, күміс медальдарды Болат Сақаев (Атырау) пен Нұржан Исағалиев (БҚО) иеленді.
57 кг салмақтың үздігі, Азияның үш дүркін жүлдегері жамбылдық Рахат Қалжановтың бұл жолы жүлдегерлер қатарынан көрінуге қарым-қабілеті жетпеді. Ойда-жоқта өзінің командалық әріптесі Әділет Әлмұхамедовке жол берді. Әділет финалда Абзал Өкеновті (Астана) сүріндірді. Одан кейінгі орындарда – Вагиф Гасанов (Алматы облысы) пен Дәулет Әмірхан (БҚО).
65 кг салмақта Начын Куулар топ жарды. Ол – Шымкент қаласының атынан сынға түсіп жүргенімен, таза легионер. Туған жері – Тыва. Жасы да 30-ға таяп қалған. Былтыр оны біздің бапкерлер Аммандағы Азия чемпионатына апарды. Ол жақта Куулар ойсырай ұтылды. Астанада Начын алдына жан салмады. Финалда Мейрамбек Қартбайды (Ақтөбе) бір ғана ұпай айырмашылығымен ұтты. Бекзат Сыбанбай (ШҚО) мен Шерхан Әбіл (Алматы) үздік үштікті түйіндеді. 97 кг салмақта Бекзат Үркімбайға (Астана) тең келер ешкім табылмады. Ақтық бәсекеде ол Рустам Экажевты (Астана) еңсерді. Нұрдәулет Бекенов (ШҚО) пен Әкежан Айтбековке (Жетісу) қола медаль бұйырды.
Келесі күні тағы бес салмақ дәрежесінде жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталды. 61 кг салмақта Әділ Оспанов (Қарағанды) озды. Шешуші сайыста ол Асыл Айтақыннан (Алматы облысы) айласын асырды. 70 кг салмақтың финалында Майис Әлиев (Маңғыстау) Мейіржан Әшіровтен (Жамбыл) басым түсті. Бұл бәсекенің тағдырын бір ғана ұпай шешті. 74 кг салмақта Әлібек Әбдіқасымовтың (Алматы облысы) асығы алшысынан түсті. 79 кг салмақтың бас жүлдесін 27 жастағы Дәулет Ергеш (Жамбыл) пен 38 жастағы Нұрлан Бекжанов (Астана) өзара сарапқа салды. Жастар арасындағы әлем біріншілігінің күміс жүлдегері ересектер арасындағы әлем чемпионатының финалисін ұтты. 92 кг салмақта Азамат Дәулетбековтің (ШҚО) мерейі үстем болды. Атақты балуан финалда Самир Дурсуновты айқын басымдықпен ұтты.
Жалпыкомандалық есепте Жамбыл облысының жампоздары алдарына жан салмады. Алматы қаласының апайтөстері екінші орын алса, үздік үштікті Шығыс Қазақстан облысының балуандары түйіндеді.