
Қазталов ауданындағы Ғұмар Қараш атындағы мектеп-гимназия ұйымдастырған жиынға Орал қаласынан және аудан орталықтарынан тарихшылар, өлкетанушылар, музей қызметкерлері шақырылды.
Айта кетейік, ағартушы атындағы мектеп оқушылары Ғұмар Қараштың өмір жолы мен шығармашылығын жақсы біледі. Білім ордасында «Ғұмар Қараш ізімен» атты ғылыми жоба қолға алынған. Бұл сапар барысында мектеп шәкірттері ақынның ізі қалған тарихи орындарды аралап, тұлғатану курсынан өтеді. Бұл жоба «Менің отаным — Қазақстан» туристік экспедициялық слетінің облыстық кезеңінде жүлдегер болған. Мектептің 11 сынып оқушысы Дархан Набидолла ғылыми жобаның мән-жайын конференция қонақтарына түсіндіріп берді.
Жиын барысында тұңғыш ұлттық басылымдардың бірі «Қазақстан» газеті туралы, Ғұмар Қараштың өмірі мен шығармашылығы жайында «Қазақстан» 1911-1913» деректі фильмі көрсетілді.
Махамбет Өтемісұлы атындағы БҚУ-дың доценті, тарих ғылымдарының кандидаты, «Құрмет» ордені және «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Жаңабек Жақсығалиев «Тектілік феномені» (Алаш арыстары мысалында) тақырыбында баяндама жасады. Ал «DANA» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі Жантас Сафуллин 2018 жылы баспадан жарық көрген «Ғұмар Қараш» үштомдығының тарихына тоқталды. Айта кетейік, Жантас Нәбиоллаұлы – Ғұмар Қараштың туған немересі Нәдия Бұрханқызы Қарашевамен бірнеше мәрте жолығып, ақын-ағартушының мұрасын түгендеу жолында көп еңбек еткен азамат. Нәдия апай Жантастың шынайы ықыласын, алғаусыз пейілін көрген соң өзі өмір бойы тірнектеп жинаған бірнеше том қолжазба құжатты аманат етіп тапсырған екен. Жоғарыда аталған үштомдықтың негізін сол материалдар құраған болатын.
«Ғұмар Қараш – ХХ ғасырдың басындағы ой-сананың оянуына, рухани жаңғыруына өлшеусіз үлес қосқан тарихи тұлға. Ол – ел ертеңі үшін білім мен ілімнің шамын жаққан, өз заманының шын жанашыры, ұлт мұраты жолында қаймықпай сөйлеген, қайратпен әрекет еткен азамат. Әдебиетте де, саясатта да, ағартушылықта да бабамыздың мол мұрасы қалған. Оның көзі тірісінде жарық көрген еңбектері мен баспасөздегі мақалалары – ұлттық сананы қалыптастыруда үлкен рөл атқарды. Алаш идеясын – теңдік, білім, ұлт бірлігі сынды қағидаттарды ол жүрегімен сезініп, халқы үшін іске асыруға талпынды. Бұл конференция – Ғ.Қараштың өмірі мен қызметіне тағзым ету, жас ұрпаққа оның ерлікке толы ғұмырын насихаттау, тарихи әділетті қалпына келтіру жолындағы маңызды қадам. Осындай алып тұлғалардың тағылымы – Мәңгілік Ел идеясының рухани тірегі деп білемін», деді өз сөзінде Қазталов ауданы әкімінің орынбасары Серік Қайырлиев.
Жиында Жәнібек аудандық музейінің меңгерушісі, Қазақстан журналистер одағының мүшесі Меңдігүл Фазылова, Ғ.Қараш атындағы мектеп-гимназиясының тарих пәні мұғалімі Нұрия Сапарова да сөз сөйледі. Шынында да Ғұмар – ауылы аралас, малы қоралас жатқан Қазталов пен Жәнібек аудандарына ортақ тұлға. Ақынның өмірі, қызмет жолы өткен Тіленшісай мен Құрқұдық, Қараоба мен Көлборсы іргелес, қанаттас жатыр. Сондықтан екі ауданның білім мекемелері, мектеп оқушылары бірге атқаратын, жұмыла қолға алатын жұмыс жетерлік.
Жиын соңында конференция қарары қабылданып, жиналғандар Ғұмар мұрасын мектеп бағдарламаларында қосымша оқу құралы ретінде кеңінен пайдалануға, Ғұмар Қараштың рухани, әдеби мұрасын зерттеу мен насихаттау ісін жүйелі түрде жалғастыруға, тұлғаның шығармашылығына арналған эссе, жоба, шығарма байқауларын ұйымдастыруға уағдаласты. Болашақта аудан мектептерінде «Ғұмар Қараш – ұлттық сананың жаршысы» атты тәрбие сағаттары мен ашық сабақтар тұрақты түрде өткізіліп тұратын болды. Конференция материалдары жинақ болып шығып, тиісті мекеме-ұйымдарға таратылады.
Конференция қонақтары Ғұмар Қараштың 150 жылдығына арналған «Ғұмар Қараштың туғанына 150 жыл» естелік медалімен марапатталды.
Батыс Қазақстан облысы