
Фото: primeminister.kz
Премьер-министр өзінің алғы сөзінде стратегиялық әріптестік Қазақстан-Италия мемлекеттері басшыларының күш-жігері арқасында қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Энергетика, машина жасау, химия өнеркәсібі, фармацевтика, АӨК және басқа да салаларда табысты ынтымақтастық орнаған.
Былтыр екіжақты сауда көлемі 25%-ға артып, $20 млрд-қа жуықтады, оның ішінде отандық тауарлар экспорты $18 млрд-тан асқан. Осы жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша тауар айналымы $4,4 млрд-ты құраған. Сондай-ақ Италия Еуропалық Одақ елдері арасында Қазақстанның ең ірі инвесторларының бестігіне кіреді. Небәрі 20 жыл ішінде Қазақстан экономикасына мұнай-газ саласы, «жасыл» энергетика, машина жасау және АӨК саласындағы жобаларды жүзеге асыруға $7,6 млрд италиялық инвестициялар салынды.
Премьер-министр Үкімет италиялық инвесторларға бірлескен жобаларды жүзеге асыруда жан-жақты көмек көрсетуге дайын екенін баса айтты.
«Қазақстан Үкіметі еліміздің инвестициялық тартымдылығын арттыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Біздің заңнамада инвесторлар үшін салықтық және кедендік жеңілдіктерді, заттай гранттар мен инфрақұрылымды дамытуды қолдауды қоса алғанда, ынталандырулар қарастырылған. Сонымен қатар біз ұзақмерзімді серіктестікті қамтамасыз ету үшін инвесторлардың пікірлері негізінде қолдау шараларын үнемі жетілдіруге тырысамыз. Италиялық бизнестің Қазақстандағы қатысуын кеңейтуге және экономиканың басым секторларындағы бірлескен жобаларға белсенді қатысуға шақырамыз», деп атап өтті Олжас Бектенов.
Бизнес-форум қорытындысы бойынша экономиканың түрлі салаларындағы кооперация туралы бірқатар құжатқа қол қойылады деп жоспарланған.