
Инфографиканы жасаған – Амангелді Қияс, «ЕQ»
Онда энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов, отын жеткізу және инженерлік инфрақұрылымның жай-күйі туралы Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев, «KEGOC» АҚ басқарма төрағасы Нәби Айтжанов ұлттық энергетикалық жүйенің жұмысы туралы, «Самұрық-Энерго» компаниясының басқарма төрағасы Қайрат Мақсұтов энергия көздеріндегі жөндеу жұмыстарының барысы туралы баяндама жасады.
«Өткен жылыту маусымында халық пен коммуналдық-тұрмыстық сектор толығымен көмірмен қамтамасыз етілді – 7,9 млн тонна, оның ішінде халыққа 5,7 млн тонна көмір жеткізілді», деп хабарлады Е.Нағаспаев. Өңірлердегі қатты отын қоры шамамен 350 мың тоннаны құрайды. Алдағы күзгі-қысқы маусымға дайындық аясында еліміздегі электр стансаларында 10 энергоблок, 63 қазандық және 39 турбинаға жөндеу жұмысы жоспарланған. Энергетика министрлігінің мәліметінше, бүгінде 4 энергоблок, 19 қазандық пен 10 турбинада түрлі кезеңдегі жұмыс жүргізіліп, 1 энергоблок, 2 қазандық пен 1 турбинада жұмыс аяқталды. Орталықтандырылған жылумен қамту аймағындағы 66 қазандықтың 44-ін реконструкциялау жоспарланып отыр.
Премьер-министр Өткен жылыту маусымы қалыпты деңгейде өткенін, ал қыста технологиялық бұзушылықтар саны 10%-ға төмендегенін атап өтті. Қабылданған шаралар жылу стансаларын жаңғырту жұмыстарын қаржыландыруды 44%-ға, жылу желілеріне шамамен 30%-ға ұлғайтуға мүмкіндік берді.
«Мемлекет басшысының тапсырмасымен ең алдымен 19 жылу орталығын жаңғырту жұмыстары аяқталды. Тозығы жеткен қалған барлық жылу стансалары мен желілерін жөндеуді жалғастыру қажет. Біздің міндетіміз – халықты жылумен және электр энергиясымен сапалы қамтамасыз етіп, қолданыстағы жабдықтардың пайдалану мерзімін қауіпті деңгейге жеткізбеу. Ал ол үшін энергия көздері мен желілердің негізгі жабдықтарын жөндеу және ауыстыру жұмыстарын тұрақты әрі жоспарлы түрде жүргізу қажет. Жөндеу науқанының белсенді кезеңі енді басталып жатыр, сондықтан алдағы жаз айларында күшейтілген режімде жұмыс істеу қажет. Арқаны кеңге салатын уақыт жоқ. Барлық жұмыс белгіленген мерзімде және толық көлемде орындалуға тиіс. Талап қатаң болады», деп атап өтті О.Бектенов.
Үкімет тарапынан қажетті қолдау көрсетіліп жатқаны баса айтылды. Премьер-министр осы айда Астана, Көкшетау, Риддер және Қызылорда қалаларындағы жылу көздерін жаңғырту үшін резервтен 25 млрд теңге бөлу туралы қаулыға қол қойды. Олжас Бектенов Үкімет бұл қаражаттың тиімді жұмсалуын және одан алынған нәтижені бақылайтынын атап өтті.
Премьер-министр бірқатар өңірдегі энергия көздерін жөндеу жұмысының кешеуілдеу қаупіне назар аударды. Мәселен, Семей қаласында қазандықтарды жөндеу жұмыстары әлі басталған жоқ. Ал Маңғыстау облысында «МАЭК»-тің екінші Жылу орталығындағы турбинаны жөндеу тиісті жұмыс тәжірибесі жоқ құрылыс компаниясына берілген. Қостанай облысында Рудный жылу электр орталығындағы турбинаны жөндеу де кешеуілдеп тұр. Арқалық жылу стансасындағы қазандықта да осындай жағдай қалыптасып отыр. Ұлытау облысы Сәтбаев қаласындағы қазандықтарды жөндеу жұмысының қарқыны да тым баяу.
«Мұндай кемшіліктер өңірлердің бәрінде дерлік кездеседі және ол тиісті бақылаудың жоқтығын білдіреді. Әкімдіктер министрліктерге сілтеп немесе қаражаттың жоқтығын, конкурстарды сылтауратып, жұмысты назардан тыс қалдыруға болмайды. Жылыту маусымына дайындық – әкімдіктердің алдағы үш ай ішіндегі негізгі міндеті», деп атап өткен Премьер-министр бірқатар тапсырма берді.
Өңір әкімдіктеріне барлық конкурстық рәсімді екі апта мерзімде аяқтап, жөндеу жұмысына нақты кірісу қажеттігі жүктелді. Биыл іске қосу жоспарланып отырған жаңа жылу нысандары бойынша барлық жұмысты тамыз айынан кешіктірмей аяқтау қажет.
Әкімдерге жылу нысандарына апта сайын барып, жағдайды жеке бақылауға алу, барлық туындаған тәуекелдер бойынша шұғыл әрекет ету тапсырылды.
Энергетика және Өнеркәсіп министрліктері, өңір әкімдіктері 10 маусымға дейін жылыту маусымына дайындық жоспарларын нақтыласын. Солтүстік, орталық және шығыс өңірлерде барлық инженерлік инфрақұрылым мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандары 15 қыркүйекке дейін, ал қалған өңірлерде 15 қазанға дейін толықтай әзір болуға тиіс.
«KEGOC» компаниясына Энергетика министрлігімен бірлесіп, 15 маусымға дейін алдағы жылыту маусымында ұлттық маңызы бар стансаларға арналған жабдықтардың жұмыс режімін бекіту тапсырылды. Жөндеу мерзімін ауыстыруға немесе жұмыс көлемін азайтуға жол берілмейді. Премьер-министр әрбір факт бойынша меншік иелеріне, сол сияқты басқарушы компанияларға қатысты шаралар қабылданатынына назар аударды.
Энергетика министрлігі Көлік министрлігімен және әкімдіктермен бірлесіп, 1 қыркүйекке дейін жылу көздері мен тұйықтарда отын қорын алдын ала жинақтауды қамтамасыз етуі қажет.
Үкімет аппаратына өңірлердің жылу беру маусымына әзірлік барысына тұрақты негізде бақылау жасау міндеті жүктелді.