Мәселе • 28 Мамыр, 2025

Арал тағдыры – өңірлік ынтымақ таразысы

70 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Арал теңізінің тартылуы – еліміздің ғана емес, бүкіл Орталық Азияның экологиялық әрі әлеуметтік-экономикалық мәселесіне айналған құбылыс. Кезінде су ресурстарын бейберекет пайдалану салдарынан теңіз деңгейі күрт төмендеп, өңірдегі табиғи тепе-теңдік бұзылды. Сондықтан трансшекаралық ынтымақтастық аясында Сырдария мен Әмудария бойындағы мемлекет­тердің суды әділетті бөлуде жауапкерші­лік пен жанашырлық танытуы өте маңызды. Бүгінде Қазақстан бұл мәселені шешу жолын­да нақты шаралар қабыл­дап, Кіші Аралды қалпына келтірудің екінші кезеңін бас­тады. Көкарал бөгетін жаңғырту, жаңа гидроторап салу, көлдер жүйесін тұрақтандыру және су көлемін арттыру арқылы теңіз экожүйесін сақтау көзделіп отыр.

Арал тағдыры –  өңірлік ынтымақ таразысы

Солтүстік Аралды сақтаудың екінші кезеңі басталды

Жақында Қызылорда облысындағы Көкарал бөгетінде Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Дүниежүзілік банктің Еуропа және Орталық Азия бойынша аймақтық директоры Самех Вахбамен кездесіп, Солтүстік Арал теңізін сақтауға арналған жобаның екінші кезеңін іске асыру мәселесін талқылады.

Қазіргі уақытта Су ресурстары және ирригация министрлігі жо­ба­ның екінші кезеңіне қатысты техни­калық-экономикалық негіздемені (ТЭН) әзірлеу жұмыстарын аяқтауға жақын. Онда Көкарал бөгетін қайта жаң­ғырту және Балтық жүйесі бойын­ша теңіз деңгейін 44 метрге дейін көте­ру, сондай-ақ Қызылорда облысы Арал ауданындағы Ақшатау және Қа­мыстыбас көлдер жүйелеріндегі су ре­сурстарын тұрақтандыру үшін Аман­өткел ауылы маңында гидроторап салу қарастырылған. Нәтижесінде Солтүстік Аралдың су айдынының ауданы 3 913 шаршы шақырымға дейін ұлғайып, су көлемі 34 текше шақырымға жетеді. Теңіздің бұл деңгейге дейін толуы үшін 4-5 жыл қажет. Теңізді сақтаудың бұл нұсқасы 1913 жылдан 2019 жылға дейінгі Сырдария өзені бассейніндегі судың орташа көпжылдық ағынын талдау мен бағалау нәтижелері, сондай-ақ су қоймаларының физикалық сипаттамалары негізінде таңдалған. Көкарал бөгетін көтеру және нығайту жөнінде Мелиорация және су шаруашылығының бұрынғы министрі Нариман Қыпшақбаев та ұсыныс жасағанын еске сала кетейік.

– Жобаны іске асырудың бірнеше нұсқасын қарадық. Ең тиімді шешімді табу үшін осы жылдың басынан бас­тап Қызылорда облысы мен Арал ауда­ны әкімдіктерінің өкілдерімен бір­қа­тар кеңес өткізілді. Сонымен қатар министрлігіміздің мамандары жер­гілікті тұрғындармен және қоғамдық ұйымдармен бірнеше рет кездесті. Ай­маққа жұмыс сапары барысында Пар­ламент депутаттарының, жобалау­шылардың, су шаруашылығы саласы ардагерлерінің және басқа да мүдделі мемлекеттік органдардың қатысуымен азаматтармен кездесу өткіздім. Кездесуде Арал ауданы мен Арал қаласының тұрғын­дарының ұсыныстары тыңдалып, жобаны жүзеге асыру мәселелері талқы­ланды. Таңдалған нұсқа мерзім мен нақты жағдайларды, соның ішінде Сырдария өзені бассейнінің жағдайын ескере отырып, ең қолайлы шешім ретінде анықталды, – деді Н.Нұржігітов.

Ал С.Вахба Дүниежүзілік банк Сол­түстік Аралдың сақталуына алдағы уақыт­та да қатысуға мүдделі екенін жет­кізді. Осы орайда халықаралық қар­жы ұйымы жобаның техникалық-эконо­микалық негіздемесін әзірлеуге грант бөлгенін айта кеткен жөн.

– Бүгін біз балық өңдеу зауытын аралап, жобаны жүзеге асырғаннан кейін өңірде қаншама жұмыс орны ашылатынын өз көзімізбен көрдік. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы, мал шаруашылығы және туризм сияқты басқа салаларда да жұ­мыспен қамту мүмкіндіктері пай­да болады. Осылайша, бұл жоба бүкіл өңір үшін жаңа экономикалық мүм­кін­діктерге жол ашады. Солтүстік Арал­ды сақтау жобасы біз үшін өте маңыз­ды, өйткені ол бүкіл әлемге тұтас бір экожүйені қалпына келтірудің нақты үлгісін көрсетеді, – деді Дүниежүзілік банк­тің Еуропа және Орталық Азия бойын­ша аймақтық директоры.

д

Министрлік әзірлеген техникалық-экономикалық негіздеме бойынша сараптама қорытындысын алу мерзімі 2025 жылдың желтоқсан айына жоспарланған. Солтүстік Аралды сақтау жобасы теңіз­дегі су көлемін арттыруға және сапасын жақсартуға, Сырдария өзенін қалпына келтіруге, Арал теңізі табанынан тұз шөгінділерінің жел арқылы таралуын азайтуға, Солтүстік Арал теңізінің су ресурстарын басқаруды жетілдіруге, Қызылорда облысындағы балық шаруашылығын дамытуға және жергілікті тұрғындардың өмір сүру жағдайын жақсартуға бағытталған.

Аталған жобаның бірінші кезеңінің нәтижесінде Солтүстік Аралдағы су көле­мі 42%-ға артты, теңіз суының тұздылығы шамамен 4 есеге төмендеді, жыл сайынғы балық аулау көлемі 8 мың тоннаға жетті. Сондай-ақ теңіздің құрғаған табанының 870 шаршы шақырымы суға толып, жел арқылы тұздардың таралуы азайды.

 

Ортақ байлық – ортақ жауапкершілік

Жалпы, Дүниежүзілік банк Орталық Азия өңірінің экологиясын қорғауға белсенді қолдау көрсетіп келеді. Соның бір айғағы – осы айда Түрікменстанның Ашхабад қаласында өткен Орталық Азиядағы климаттың өзгеруі мәселелері жөніндегі конференция. Орталық Азия­ның аймақтық экологиялық орталығы (CAREC) ұйымдастырған ауқымды жиынды Дүниежүзілік банк Орталық Азиядағы Су және энергия бағдарламасы (CAWEP) бағдарламасы арқылы қолдады. Бұл конференция Арал теңізінің қазір­гі жағдайы мен оның экожүйесін сақ­тау мәселесін халықаралық деңгейде көтерудің бір алаңы ретінде көрінді деу­ге болады. Конференция барысында түрлі сарапшылармен пікір алмасып, Орталық Азия елдерінің ұстанымы мен ұмтылысын байыптауға мүмкіндік туды.

Халықаралық Аралды құтқару қоры төр­­ағасының орынбасары Се­рік Бек­мағанбетов осындай конферен­ция­лардың практикалық маңызын атап өтті.

– Қазіргі ұрпақ Аралдың бұрынғы келбетін білмейді. Демек, экологиялық сауатты арттыру, жастар арасында Арал проб­лемасын насихаттау – бүгінгі маңыз­­ды міндеттердің бірі. Себебі бұл – тек жергілікті деңгейдегі емес, халық­аралық маңызы бар түйткіл. Егер әр мемлекет тек өз пайдасын ойлап, «су – біздікі, берсек – береміз, бермесек – жоқ» деген көзқарасқа бой алдырса, жағдай ушығып кетуі мүмкін. Бізге керегі – өзара түсіністік пен тұрақты диалог. Арал­ды құтқару бағытында атқарылған жұмыстардың оң нәтиже беріп жатқанын айта кету керек. Соның ішіндегі ең бастысы – Кіші Аралды сақтап қалуымыз. Бұл – біздің мемлекеттің тарапынан қолға алынған маңызды қадам. Арал маңында ағаш отырғызу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оның ішінде сексеуіл мен өзге де түрлерін егу қолға алынған. Кейбір халықаралық ұйымдар қанатқақты жобалар арқылы қолдау көрсетіп жатыр, – деді С.Бекмағанбетов.

Ал Халықаралық су ресурстарын басқару институтының (IWMI) Өзбек­стандағы өкілі және Орталық Азия бо­йынша Өңірлік өкілдік кеңсесінің басшысы Барбара Януш-Павлетта Қазақстан су саясатының көшбасшысы болуға дайын екенін мәлімдеді.

– Орталық Азия климаттық «ыстық нүктелердің» бірі ретінде танылған. Мұнда климаттың өзгерісі аса сезімтал. Бұл жағдай су ресурстарының қалыпта­суымен қатар, оны пайдалануға да әсер етеді. Ауыл шаруашылығы, энергетика және халықтың күнделікті қажеттіліктері осы суға тікелей тәуелді. Климаттың өзгеруіне бейімделу бағытында Қазақстан ауқымды саясат жүргізіп келеді. 2026 жылы Қазақстанда климаттық саммит өткізу жоспарланып отыр. Бұл тек ұлттық немесе өңірлік емес, жаһандық деңгейдегі маңызды оқиға болмақ. Аталған іс-шара аясында Халықаралық су ресурстарын басқару институты Орталық Азия елдерінің ғалымдарымен бірлесіп, кең көлемді ғылыми-консуль­тациялық жұмыс жүргізіп жатыр. Бұл жұмыс барысында аймақтағы су мәселелері мен шешімдері талқыланып, ортақ өңірлік көзқарас нақтыланады. Бастама шешім қабылдайтын тұлғаларға ғылыми негізделген ұсыныстар ұсынуға мүмкіндік береді, – деді сарапшы.

Сондай-ақ Барбара Януш-Павлетта шекарааралық өзендердің рөліне де тоқталып, Ауғанстанда салынып жатқан Көш Тепа каналының Арал теңізіне әсері жөнінде сөз қозғады.

– Ауғанстан – Арал теңізі алабына кіретін елдердің бірі. Бұл елдің аума­ғында Әмударияны толықтыратын сулар қалыптасады. Халықаралық құқық бойынша Ауғанстанның бұл суларды пайдалануға құқығы бар, алайда ол құқықтармен қатар міндеттемелер де жүреді. Соның ішінде басқа елдермен кеңесіп, ынтымақтастық орнату қажет, әсіресе инфрақұрылымдық жо­ба­лар өңірдегі елдерге әсер етуі мүм­­кін болған жағдайда өте маңызды. Осы тұр­­ғыда диалог алаңдарын құру керек. Бұл бағытта Қазақстан ерекше рөл атқара алады. Ел аумағында БҰҰ ая­сында құрылған Орталық Азия мен Ауғанстанның тұрақты дамуына ар­налған өңірлік орталық жұмыс істей­ді. Егер Қазақстан Ауғанстанмен ынты­мақтастық саясатын жалғастыра берсе, онда бұл орталық екіжақты мәселе­лер бойынша, соның ішінде канал құрылы­сына қатысты тиімді шешімдер табуға арналған маңызды алаңға айналуы мүмкін, – деді IWMI өкілі.

Осы орайда бізге Халықаралық Арал­ды құтқару қоры Атқарушы комитеті­нің халықаралық ынтымақтастық бөлiмі­нiң бас сарапшысы Мүсілім Жиенбаев Арал теңізінің ахуалы жөнінде кеңінен мәлімет берді. Оның айтуынша, Арал бір кездері дүние жүзінде көлемі жағынан төртінші орындағы ірі көл ретінде танылған еді. Алайда кеңес өкіметі тұсында су ша­руашылығын дұрыс үйлестірмеу салдарынан 1960 жылдардан бастап теңіз деңгейі күрт төмендеді. Бұл мәселе 1985 жылдан бастап қана қоғам наза­рына іліне бастады. Ал оған дейін ақпа­рат тек жергілікті халық пен арнайы ми­нис­трліктер – сол кездегі мелиорация ми­нистрлігі деңгейінде ғана белгілі болды.

– Орталық Азия мемлекеттері егемен­дік алған алғашқы жылдары Арал мәселесіне ерекше назар аударды. 1993 жылы Қызылорда қаласында бес мемлекеттің басшылары кездесіп, Арал теңізінің бұрынғы көлемін қайтару мүмкін емес екенін мойындап, оны тұрақты, алайда кіші көлемде сақтауға келісіп, Арал теңізі мен Арал маңы проблемаларын шешу, экологиялық сауықтыру және Арал өңірінің әлеумет­тік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету жөніндегі бірлескен іс-қимыл туралы келісімге қол қойды. Аталған келі­сімдегі міндеттемелерге сәйкес Қазақ­стан нақты әрекеттерді жүзеге асыру арқылы оң нәтижеге қол жеткізді, яғни Кіші Аралды толыққанды су нысаны ретінде сақтап қалды. 2005–2008 жылдары Көкарал бөгеті тұрғызылып, нәти­жесінде Солтүстік Аралдың суы Арал қаласына 19 шақырымға жақын­дады. Бұрын бұл арақашықтық 180 ша­қырым болса, бөгет салынған соң 18-25 ша­қырым ара­лығында тұрақтады. Бөгеттің көлемі бастапқыда 27 млрд текше метрге тол­тырылған болса, кейінгі жылдары құрғақшылық салдарынан 22 млрд текше метрге төмендеді. Көкарал бөге­тін салу жұмыстарының 80 пайызы Дүние­жүзілік банк қаржыландыруы­мен жүргізілді, ал 20 пайызы Қазақстан бюджетінен бөлінді. Бұл жобаның бірінші кезеңі болды. Жобаның екінші кезеңінде теңіз деңгейін көтеру арқылы Арал қаласының шекарасына судың жетуін қамтамасыз ету үшін техника-экономикалық негіздеме әзірленген. Алайда 2010 жылдан бері бұл құжат бойынша өзара келісілген (жергілікті атқарушы орган, жергілікті халықпен және уәкілетті атқарушы орган арасында) нақты шешім қабылданған жоқ. Қазіргі таңда бірнеше нұсқа қарастырылып жатыр. Мемлекеттік сараптамадан кейін уәкілетті атқарушы орган нақты шешім қабылдауға тиіс, – деді М.Жиенбаев.

Сарапшының айтуынша, 1993 жылғы келісім аясында Қазақстан Кіші Аралды сақтауды өз міндеті деп санайды, ал Өзбекстан Әмудария өзенінің сағасында шағын көлдер жүйесін сақтап отыр.

– Арал теңізінің су деңгейін тұрақты ұстау – Қазақстанның басты міндеті. Мысалы, Сырдария өзенінен нормативке сәйкес Қазақстанға жыл сайын 12 млрд текше метр көлемінде су келуге тиіс болса, соның 3 млрд текше метрі Аралдың нақты бекітілген үлесі болып саналады. Алайда кейінгі жылдары Аралға оның бекітілген үлесінің толық көлемде берілмеуі орын алып отыр. Бұл ретте Шардара су қоймасына түсетін су көлемінің 12 млрд текше метр­ден төмен болмағанын айтатын болсақ, уәкілетті атқарушы органның бірқатар түйткілді мәселені шешуге күш салуы керек екені аңғарылады. Өз кезегінде Өзбекстан мүмкіндіктеріне сай Аралдың кепкен ұлтанына ағаш егу, шаң-тозаңның таралуын азайту бойынша ауқымды жұмыс жүргізіп келеді. Қазақстан да кейінгі жылдары сексеуіл және басқа ағаш түрлерін егуді қолға алып, бұл бағыттағы ынтымақтастықты кеңейтіп жатыр. Бұл шаралар Аралды толық қалпына келтіру мүмкін болмағанымен, оның экологиялық зардабын азайтуға бағытталған. Арал теңізіне келетін су кө­лемі Тәжікстан мен Қырғызстан аума­ғында қалыптасатын өзендердің сулы­лығына тікелей байланысты. Бұл ретте Арал теңізі бассейнінің су ресурс­та­рын басқаруда Мемлекетаралық су ша­руа­шылығы коммисиясының жұмы­сын жоғары деңгейге көтеру – бірін­ші кезектегі өзекті мәселе, – деді М.Жиенбаев.

Қорыта айтқанда табиғи байлығы­мыз Арал жағдайы – аймақ елдері үшін ортақ жауапкершілік. Бірақ географиялық тұрғыдан ең үлкен салмақ – Қазақстан мен Өзбекстан­ның мойнында. Аралды бұрынғы қалпына келтіру мүмкін емес, алайда оның әлеуметтік жағдайын жақсарту және экологиялық зардабын азайту – баршамыздың ортақ борышымыз. Бұл үшін су саясатын тиімді жүргізіп, халықаралық әріптестікке ашық болу маңызды.