Аймақтар • 28 Мамыр, 2025

Қауіпке айналған құрылыс

50 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Петропавл қаласында Есілдің биік жарқабында, қалың өскен орманның ішіне салынған «Жеңіс саябағы» атты демалыс орны бар. Сол маңның тұрғындарына, арнайы барып от­те­гімен тыныстағысы келетіндерге керемет жайлы орын.

Қауіпке айналған құрылыс

Осы жерде «Сол­неч­ный» атты емдеу-сауықтыру орыны да орналасқан. Онда тұрғындар ем қабылдайды, жас балалар осындағы спорт залында түрлі секцияларға қатысады. Жалғыз-ақ, 2024 жылға дейін осы жердің дұрыс жолы болмай, жаңбыр жауса миы шығып жататын. Әйтеуір, әкімдік оны да түзетіп, былтыр тамаша жол салдырды.

Алайда тұрғындардың да, дем алушылардың да, ем алу­шы­лардың да қуанышы ұзақ­қа бармады. «Солнечный» сана­торийінен әрі Есілдің жар­қабынан жер алған біреулер осын­дағы қалың ағашты отап, көпқабатты үйлердің құ­рылысын бастап жатыр. Ағаш­тар кезінде жарқабақты опырылып кетуден сақтау үшін егілген. «Су қорғанысы» аталатын аймаққа көпқабатты үй салуға кім рұқсат бергені белгісіз. Құрылыс салуға алынған ауыр техникалар, қытайдың «Шахман» атты құрылыс материалдары мен қиыршықтас таситын ауыр жүк машиналары, жүк көтергіштер жарқабаққа қарай ағылып жатыр. Шетке салынған бір жекеменшік коттедждің қабырғаларына жарық та түскен. Тұрғындар әкімдікке, тиісті орган­дарға шағым жасағанмен, жауап жоқ. Көлік инспекциясы қызметінен ғана адамдар келіп кеткенімен, еш қайран қыла алмаған.

Кезінде Есілдің осы жағалауы­на бөгет салып, оны бетондап бекітіп, бойымен жаяулар тыныс­тап, велосипедшілер сейілдеп жүретін арнайы жолдар жасалады деген еді. Қаланың Бас жоспарына да солай енгізілген.  Алайда оның бірі де істелген жоқ, керісінше үй салуға жер беру бас­талды. Бұған тұрғындар қарсы шығып, баспасөзде жазылып, шу көтерілгеннен кейін ешкім күтпеген солақай шешім қабыл­дан­ды. Ол жағдайды түзет­кен емес, бүлдірген шешім болды. Бас жоспарды қайта түзетіп, үй салуға жер алғандардың ісін заң­дастырып берді.

Сөйтіп, Есілдің жарқабағы экологиялық тұрғыдан бүлініп, болашақта опырылу қаупі бар қатерлі орынға айналып барады. Жарқабаққа ұрған толқындар оны жылдан жылға опырып, суға тартып барады. Әсіресе биылғыдай қатты толқындар оны мүжи түсті. Осыны көріп жүрсе де «құдіреті күштілер» айылын жияр емес. Қазір олардың техникалары тіпті «Жеңіс саябағына» қарай өтетін жолдардың асфальтын да ішінара езіп жіберген. Мерекеге келетін ардагерлер, тұрғындар тағы да бұл жердің сазын кешуге мәжбүр. Асфальтты сақтау үшін жол салатындар бетон блоктарын көлденең қойған екен, оны да әлдебіреулер алдырып тастапты. Қазір еш кедергісіз ағылған техникалар мен машиналар екпінінен жаңылар емес.

Осылардың кесірінен Есілдің жағалауы да жинал­май, қоқыс қаптап кеткен. Ауыр маши­на­лар­дың тұмса табиғат­тың экологиясын аямай таптағанын көріп жағалауға келіп демалушылар да ішкен тамағының қалдығын, қағаздарын, пакеттерін шашып, тастап кетеді. Бұрын жұрттың бәрі де тазалыққа ұмтылып, артын жинап кетсе, қазір керісінше істеуге құмар. Осы жердегі су айдайтын мұнараның маңын да қоқыс орнына айналдырған. Демалыс аймағында осындай бассыздықтар болып отыр. Осыған тыйым салатын бір орган болар ма екен дейді тұрғындар.

 

ПЕТРОПАВЛ