
«Almaty Horse and Polo Club» ат спорты клубының «Ақбұлақ» атшабарында ұйымдастырылған жарысқа еліміздің әр аймағынан 16-23 жас аралығындағы 156 спортшы қатысты. Жарыстың салтанатты ашылуында Алматы облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Рахман Шахарбек көкпардың тамырын көшпелілер дәуірінен тартатын ерекше спорт түрі екенін атап өте келіп: «Елімізде ұлттық спорт түрлері қарқынды дамып келеді. Көкпар – халқымыздың мұрасы, тарихы, мақтанышымыз. Бұл сайыс ер мінезді, батылдықты, командалық рухты қалыптастырады», деді.
«Чемпионат ұлттық жастар құрамасына үздіктерді іріктеуге арналған. Көкпар тек дәстүр ғана емес, үлкен жеңістерге апарар жарқын жол екенін жастар білуге тиіс», деді республикалық «Көкпар» федерациясының президенті Айдарбек Қожаназаров. Сондай-ақ ол көкпар лигасын құру, клубтық жарыс жүйесіне көшу арқылы ұлттық спорт түрін дамыту жаңаша сипат алғанын мәлім етті.
Жарыс қорытындысында Жамбыл облысының көкпаршылары жеңімпаз атанды. 2-орынды Шымкент қаласының командасы иеленді. Үздік үштікті Алматы облысының жастар командасы түйіндеді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер кубок, медаль, диплом, ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Жалпы жүлде қоры 12 350 000 теңгені құрады. Сонымен қатар «Үздік ойыншы», «Үздік шабуылдаушы», «Үздік балуан», «Үздік тұлпар» аталымдары бойынша жүлдегерлер анықталды. Жеңімпаздарға спорт шебері, жүлдегерлерге спорт шеберлігіне кандидат атағы берілді.
Алматы облысы