Үкімет • 27 Мамыр, 2025

Бектенов әкімдерге апта сайын жылу нысандарын аралауды тапсырды

70 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Үкімет отырысында еліміздегі алдағы жылыту маусымына дайындық барысы талқыланды. Премьер-Министр Олжас Бектенов өңір әкімдеріне және жауапты министрліктерге бірқатар нақты тапсырма жүктеді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Бектенов әкімдерге апта сайын жылу нысандарын аралауды тапсырды

Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Өңір әкімдіктері барлық конкурстық рәсімдерді екі апта ішінде аяқтап, жөндеу жұмыстарына дереу кірісу қажет. Премьер-Министр басы артық бюрократияға жол бермеуді талап етті.

«Басы артық бюрократияға жол беруге болмайды. Биыл іске қосу жоспарланып отырған жаңа жылу нысандары бойынша барлық жұмысты тамыз айынан кешіктірмей аяқтау қажет. Әкімдерге жылу нысандарына апта сайын барып, жағдайды жеке бақылауға алуды және барлық туындаған тәуекелдер бойынша шұғыл әрекет етуді тапсырамын», деді Олжас Бектенов.

Энергетика және Өнеркәсіп министрліктері мен өңірлер әкімдіктеріне 10 маусымға дейін жылыту маусымына дайындық жоспарын нақтылау тапсырылды. Сонымен қатар, Үкімет басшысы солтүстік, орталық және шығыс өңірлерде дайындық 15 қыркүйекке дейін, ал басқа аймақтарда 15 қазанға дейін толық аяқталуы тиіс екенін ескертті.

«KEGOC» компаниясы Энергетика министрлігімен бірлесіп, 15 маусымға дейін стратегиялық маңызы бар жылу стансалары үшін қажетті жабдықтардың жұмыс режимін бекітуі тиіс. Жөндеу мерзімін созуға немесе жұмыс көлемін қысқартуға жол берілмейді. Бұзушылықтарға жол берген меншік иелері мен басқарушы компанияларға қатысты шаралар қабылданады», деді  Премьер-Министр.

Сонымен қатар, Энергетика министрлігі мен Көлік министрлігіне және әкімдіктерге 1 қыркүйекке дейін жылу көздері мен қоймаларда қажетті отын қорын жинақтау тапсырылды.

Айта кетейік, жылыту маусымына дайындықтың орындалу барысына Үкімет Аппараты тұрақты бақылау жүргізеді. Үйлестіру жұмысы Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдың жетекшілігімен атқарылады.