
- Облыстағы жалпы аумағы 9 млн гектардан астам алқапта орналасқан 36 аңшылық шаруашылығының жерінде 30 мыңнан астам киік жайылып жүр. Олар жыл өткен сайын көбейіп келеді. Жануарлар Баянауыл ауданының Қарағанды облысымен шекаралас жерлерін және Май ауданын мекендейді. Киікті атуға рұқсат жоқ. Қазіргі уақытта тек сібір елігі, қабан, байбақ суыры, ақ қоян, сұр қоян, түлкі, қарсақ, борсық, үйректер мен қаздардың барлық түрлеріне, сұр кекілік, қасқалдақ, бөдене, құмсалғыш, көгершін, қарақұйрықтарға аңшылық жасауға болады,-дейді Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бөлім басшысы Диас Қабдолла.
Аңшылық шаруашылықтардың мәліметтері бойынша өңірдегі барлық жабайы жануарлардың жалпы саны 833 мыңнан асады. Павлодар облысында сирек кездесетін және жоғалып кету қаупі бар жануарлардың 16 түрі мекендейді. Олар – тау арқары, орман сусары, қара дегелек, ақ бас тырна, тазтырна, безгелдек, қарабас өгіз шағала, сұңқылдақ аққу, балықшы тұйғын, дала қыраны, қарақұс, бүркіт, ақиық субүркіт, ақ құйрықты субүркіт, ителгі, үкі, сусары. Бұлардың жалпы саны 2200-ден асады. Оның шамамен 771-і - арқар жануары.
Павлодар облысы