Қоғам • 26 Мамыр, 2025

ҰБТ тапсырушылардың 62 пайызы шекті балл жинаған

70 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Биыл 16 мамырда басталған негізгі ҰБТ-дан бері 52 мыңнан астам тестілеу өткізіліп, талапкерлердің 66%-ы қазақ тілінде, 33%-ы орыс тілінде және 65 адам ағылшын тілінде тапсырған. Бірінші апта қорытындысы бойынша талапкерлердің 62%-ы шекті балл жинаған, деп хабарлайды Egemen.kz.  

ҰБТ тапсырушылардың 62 пайызы шекті балл жинаған

Фото: Ғылым және жоғары біілім министрлігі

Бес пән бойынша орташа балл 61-ді құраған. Ең жоғары нәтижені Түркістан облысынан Әбілхан Жәнібек көрсетіп отыр. Ол ең жоғарғы көрсеткішке ие болып, 140 балл жинаған еді.

Тестілеуге қатысуға 216 мың талапкерден 399 мыңға жуық өтініш түсіп, басым бөлігі, нақты атағанда, 20%-ы «Математика-Физика», 17%-ы «Шығармашылық емтихан» пәндер комбинациясын тапсырған, 11%-ы «Биология-Химия» комбинациясын таңдаған.

Айта кетелік, ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқуға түсушілер үшін қолайлы жағдай жасау нәтижесінде ҰБТ-ға 163 талапкер қатысқан.

Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше ҰБТ басталған алғашқы аптада 55 ереже бұзу фактісі анықталған. 26 талапкер смартфон, шпаргалка алып кірмек болғаны үшін тестілеуден шеттетілсе, тағы 29 адам тестілеу кезінде ереже бұзғаны үшін аудиториядан шығарылып, нәтижелері жойылған.

Еске салайық, 2025 жылғы ҰБТ аяқталғаннан кейін 31 қазанға дейін бейнежазбаларға талдау жүргізіледі. Тыйым салынған заттарды пайдалану немесе ереже бұзу фактілері анықталған жағдайда ҰБТ нәтижелері бірден жойылады.