
СІМ өкілінің айтуынша, отандық нарыққа қызығушылық танытып отырғандар қатарында Mars, Pepsi сияқты компаниялар бар. Америкалық Mars компаниясы ірі жобада жұмыс істеп жатса, Pepsi 160 миллион доллар инвестиция туралы мәлімдеп, өндірісті үш есеге арттыру үшін осы сомадан 2,5 есе көп қаражат құймақ. Сонымен қатар араб, қытай және түрік кәсіпорындары инвестиция салуға мүдделі. Қазірдің өзінде өндіріс ауқымын одан әрі кеңейтуді көздейтіндер де, жаңадан ашылып жатқандары да бар. Жақында елімізде әйгілі британдық-шведтік фармацевтикалық компания өз жұмысын бастайды.
«Халықаралық AstraZeneca компаниясының өндірістік желісі іске қосылады. Олар қатерлі ісік ауруларын емдеуге қолданылатын дәрі-дәрмекті шығарумен айналысатын болады. Жуырда Ұлыбританияға жасаған сапарымызда компанияның Кембриждегі кеңсесінде болып, бұл жобаға аса ден қойылып отырғанын байқадық. Сол секілді фармацевтика саласында Pfizer, Polpharma компанияларын атап өтуге болады», деді ол.
Сыртқы істер министрінің орынбасары әлемдік брендтердің кен өңдеу саласына да еніп жатқанын айтты. Танымал бизнес IT, жер қойнауын пайдалану салаларына да назарын тігіп отыр. Мысалы, қытайлық Fufeng компаниясы Жамбыл облысында жүгеріні терең өңдеумен айналысады. Олар жұмыс орындарын құрып, салық төлейді, арадағы шарттарға сәйкес үздік технологияларымен бөліседі. Бастысы, әлемдік брендтердің корпоративтік саясаты – жергілікті өндірісті барынша дамыту, өз тауар өндірушілеріміздің заттарын тұтынып, қызметтерін пайдалану болуға тиіс.