Субсидия • 24 Мамыр, 2025

Субсидия неге талапқа сай емес?

320 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мұнайлы өңірде субсидия мәселесі шаруаларды алаңдататын түйткілге айналды. Өйткені мал азығын арзандату мақсатында берілетін субсидияға қол жеткізе алмай отыр.

Субсидия неге талапқа сай емес?

Атырау облысының кәсіпкерлер палатасына облыс әкімдігінің «Атырау облысы бойынша 2025 жылға арналған ауылшаруашылық мал азығының құнын арзандатуға субсидиялау нормативтерін, сондай-ақ субсидия алу критерийлерін, өтінім нысаны мен өтінімдерді қабылдау мерзімдерін бекіту туралы» қаулысының жобасы сараптама жасауға түскен.

Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөнін­дегі уәкілдің Атырау облысы сектор меңгерушісі, облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Сәрсенбай Жолдыбаев­тың айтуынша, палата сарапшылары шаруаларға төленуге тиіс субсидиялар мөлшері мен талап етілетін нормативтер арасындағы сәйкессіздікті анықтаған.

«Жемшөпті субсидиялау норма­тивтерін қалыптастыру тәртібі Ауыл шаруашылығы министрлігінің 2019 жылғы 15 наурыздағы №108 бұйрығы негізінде жүзеге асырылуы тиіс. Осы бұйрықтың 10-тармағына сәйкес стандарттар ауыл шаруашылығы саласындағы мамандандырылған ғылыми мекеменің ұсынысы негізін­де жергілікті атқарушы органдар­дың қаулысымен бекітіледі. Тал­дау көрсеткендей, облыстық ауыл шаруашылығы және жер қаты­нас­тары басқармасы ғылыми меке­мелердің жемнің нарықтық бағасы­ның өсуіне байланысты қосымша зерттеулер жүргізуі қажеттігі туралы ұсыныстарына қарамастан, ірі қараның біреуіне 270 мың теңге субсидия бөлетін жобаны бекітуге ұсынып отыр. Бұл стандарт қазіргі нарықтық жағдайға сәйкес келмейді. Тіпті 2021 жылғы стандарттан да төмен. Мұндай стандарт ауыл шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлерге экономикалық тұрғыдан тиімсіз, әрі саланың дамуына кері әсерін тигізеді», дейді С.Жолдыбаев.

Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақ­стан аграрлық-техникалық универ­ситетінің өкілі Айгүл Қазам­баеваның айтуынша, Атырау облыс­тық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының мамандары былтыр байланысқа шыққан. Белгілі бір аймақ үшін стандарттарды дайындауға қосым­ша зерттеу жұмыстары қажет. «Біз жалпы стандарттарды ұсындық. Биыл мемлекеттік органнан байланыс та, сұраныс та болған жоқ», деді А.Қазамбаева.

Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының бас маманы Жасұлан Сұлтанғалиевтің дерегіне сүйенсек, 2020 жылдан бері жемшөпке бөлінетін субсидия көлемі екі есеге өскен. Мәселен, 2020 жылы субсидия көлемі ірі қараның бір басына 120 мың теңгені құрады.

«Ауыл шаруашылығы минис­тр­лігінің бұйрығына 2021 жылы өзгертулер енгізілді. Осы­ған байланысты С.Сейфуллин атын­дағы Қазақ агротехникалық университетінің зерттеу есебіне сүйеніп, қаулымен 240 мың теңге көлемінде субсидия белгіленді. Осы субсидия түрін біздің облыста тек «Первомайский» ғана алып отыр. Былтыр бұйрыққа тағы да өзгертулер енгізілді. Сондықтан С.Сейфуллин атындағы университетке қайтадан сұраныс жібердік. Олар өз жауабында ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізу қажеттігін, бірақ субсидия алушылардың шағымдары болмаған жағдайда қаулыны бекітуге болатынын атап көрсетті. Сол себептен, біз бұл стандартты 2025 жылға дейін бекіттік», деп мәлім етті Ж.Сұлтанғалиев.

Алайда, Атырау облысы кә­сіп­керлері пала­та­сының өкіл­дері облыстық ауыл шаруа­шы­лы­­ғы және жер қатынастары бас­қар­масының бұл ұстанымымен келіспей отыр. Палата өкілдерінің пікірінше, субсидия мөлшерін бекіту кезінде бірнеше жайтқа назар аударылуға тиіс. Біріншіден, нарықтағы жағдай ескеріліп, субсидия мөлшерін анықтайтын стандарт нақты есептелуі қажет. Екіншіден, субсидия мөлшері жыл сайын өзгертілгені жөн. Ең бастысы, мемлекет тарапынан берілетін субсидия толығымен төленуі керек.

 

Атырау облысы