
Фото: aqiqat.kazgazeta.kz
1911 жылы жазылған еңбекте сол уақыттағы Еуропа елдерінің заң жүйесін үлгі ете отырып, қазақ қоғамының ерекшелігіне сай жаңа құқықтық нормалар ұсынылған. Осы құжатта мемлекетті басқару құрылымымен қатар, азаматтардың құқықтары мен бостандықтары, оның ішінде отбасы және неке мәселелері де нақты көрсетілген. Барлыбек Сырттанұлының Уставы мен қазіргі Конституция арасындағы ұқсастықтарды, сабақтастықты зерттеу - Қазақстандағы құқықтық ойдың тарихи тамырларын ұғынуға жол ашады.
Зерттеуші ғалым Қорғанбай Назерке бұл құжатпен қазіргі қолданыстағы 1995 жылғы Қазақстан Республикасының Конституциясы арасында мазмұндық сабақтастық пен идеялық үндестік бар екенін айтып, мынадай мысалдар келтіріп берді:
«Азаматтық құқықтар мен бостандықтар
- Барлыбек уставы: Әйел мен ер теңдігі, ерікті неке. Уставта ерлер мен әйелдер құқығы тең болу керек деген қағида бар.
- ҚР Конституциясы: 14-бап: «Заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең. Тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге... қарамастан ешкімді кемсітуге болмайды.» Бұл бап әйел мен еркектің теңдігін бекітеді.
- Барлыбек уставы: Барлыбек еркін келісім негізінде неке құруды қолдады, яғни зорлықсыз, өзара келісіммен.
- ҚР Конституциясы: 27-бап: «Неке мен отбасы, ана мен әке және бала мемлекеттің қорғауында болады. Неке ерлі-зайыптылардың ерікті келісімімен тең құқықтарына негізделеді.». Бұл ерікті некені және жұбайлардың тең құқықтарын нақтылайды.
- Барлыбек уставы: Әйел тек үй шаруасына арналмаған, қоғамдық өмірге белсене араласуы тиіс.
- ҚР Конституциясы: 14- бап, 33- бап:
- Тең құқықтар негізінде қоғамдық – саяси өмірге қатысу құқығы беріледі.
- Барлыбек уставы: Әйелдің оқуға, білім алуға құқығы бар
- ҚР Конституциясы: 30 – бап: «Азаматтардың мемлекеттік оқу орындарында тегін орта білім алуына кепілдік беріледі»
- Барлыбек уставы: Әйел еңбекке араласуға, өз еңбегімен күн көруге құқылы
- ҚР Конституциясы: 24 – бап:
- «Әркімнің еңбек ету бостандығына, қызмет пен кәсіп түрін еркін таңдауына құқығы бар».
Жас ғалымның бұл мысалдары Барлыбек Сырттанұлы «Қазақ елінің уставы» алаштың алғашқы – конституциясы деген ойды бағамдай түседі.
Алаштанушы ғалым Сағымбай Жұмағалов бұл еңбектің маңызы өте зор екенін ерекше екшеп, оның зайырлы, демократиялы мемлекеттің саяси құқығы қандай болуы керек деген сұраққа жауап беретінін алға тартты.
«Бұл еңбекті алғаш болып ғалым, Барлыбек мұрасын зерттеуші атақты Сәкен Өзбекұлы Созақбаев зерттеді. Міне, бұл еңбектің маңызы өте зор. Зайырлы, демократиялы мемлекеттің саяси құқығы қандай болуы керек деген сұраққа жауап береді. Бұл еңбектің маңызы әсіресе қазақ елінің жеке туы, тәуелсіздігі, қазақ еліндегі ұлт мәжілісі, президентті 4 жылға сайлайды деп атап көрсетіледі. Президент халықты министрлер арқылы басқарады, министрлерді президент өзі таңдайды, бірақ ұлт мәжілісі дауыспен шешеді дейді. Қазақ жері турасында, қазақ жері оның меншігінде болады, қазақ жері саудаға түспейді, құдай оны адам баласына пайдалану үшін жаратты. Жердің кені орман, су һәм таулары қазақ елінің есінде мал жаю, егін өсіру һәм пайдалану мақсатында қазынаға қайтару хұқмет рұқсатында болады деп жазады. Міне, қай тарауын алсаңызда бүгінгі өркениетті құқықтық мемлекет құрудың негіздері осы Барлыбек Сыртанұлының Қазақ елінің уставы кітабында жан-жақты көрініс тапқан. Сот турасындағы тарауында судьялар сот тарауын білуі шарт, басқа нәсілдердің сотта өз тілінде сөйлеулеріне құқығы бар деген сипаттағы нәрселердің бәрі бұл «Қазақ елі уставының» ұлттық мүддегі негізделіп жазылғанын айқын аңғартады», деп атап өтті алаштанушы ғалым.
Сөз басын «біреу білсе, біреу білмейді» деп бастауымыз бекер емес. Себебі Барлыбек Сырттанұлы мен оның еңбегін насихаттау кемшін түсіп отырғаны жасырын емес. Бұл ойымызды Сағымбай Жұмағалов та қуаттады.
«Барлыбек Сыртанұлы сынды тұлғаны ұлықтау өз деңгейінде деп айта алмаймыз. Астана және Талдықорған қалаларында мектеп атауы берілген, және Астана қаласында, Ақтөбе қаласында көше атаулары бар екен. Бұның бәрі аздық етеді. Болашақта ұлықтап өте өрелі биік деңгейге көтеру керек. Заң және құқық саласының мамандарын марапаттау, арнайы стипендияның тағайындалуы барынша өзекті. Барлыбек Сыртанұлы туралы тәуелсіздік дәуірінде еңбек жазған Сәкен Созақбаев болатын. Енді одан кейін бұл бағытта ізденген алаштанушы Елдос Тоқтарбай. Бұл еңбектер 2019 жылы жарық көрді, ол үлкен бірнеше тараудан тұратын әрбір тарауы өте маңызды. Барлыбек ғұмырнамасы, Барлыбек әлемі, Барлыбек мұрасы және Барлыбек тұлғасы деп аталатын тараулар өте құнды. Оның тарихи қызметі жан-жақты тұрғыда бағасын алуы қажет», деді ол.
Бүгінде Астанада есімі берілген Барлыбек Сырттанұлы атындағы №34 мектеп тұлғаның есімін ұлықтауды жүзеге асырып келеді. Жақында осы бағытта «Алаш және құқықтық мемлекет» тақырыбында семинар өткізіліп, құқықтық құжатты жан-жақты зерделеді. Мектеп директоры Амангелді Боданов мұндай шаралар жас ұрпаққа тұлға бейнесін таныта түсетінін атап өтті.
«Біз оқушыларымызға Алаш мұрасын ұрпақ санасына сіңірудің маңызын әрдайым айтып отырамыз. Барлыбек Сыртанұлы еңбегін жиі талқылап, осындай шаралар арқылы танымын тереңдетуді мақсат етеміз», деді Амангелді Боданов.
Барлыбек Сыртанұлы өмірден кеткенде Әлихан Бөкейханов «Қазақ» газетінде 1914 жылы «Барлыбекті ұмытпасқа!» деп насихаттағанындай, оның еңбегін оқып, ұғуға барша ынталы болуы керек.