Үкімет • 23 Мамыр, 2025

Нақты секторға серпін берілмек

20 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ директорлар кеңесінің отырысы өтті. Жиын­да Мем­лекет басшы­сы­ның экономика­ның нақты секторын қаржыландыру жөнін­дегі тапсырмаларын жүзеге асыруға назар аударылды.

Нақты секторға серпін берілмек

Директорлар кеңесінің мүшелері Холдингтің биз­несті мемлекеттік қолдау құралдарымен қамтуды арттыру бойынша жүргізіп жатқан жұмыстар туралы хабардар етілді. Биылғы үш айда ШОБ-ты қолдауға бағытталған жалпы сома 439 млрд теңгені құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 28%-ға артық. Қазақстанның даму банкі арқылы 292,1 млрд теңгеге 9 инвестициялық жоба мен 9 экспорттық операция қаржыландырылды. Өнеркәсіпті дамыту қоры 94,5 млрд теңгені құрайтын 75 лизингтік операция мен қарыз берілді.

Агроөнеркәсіп секторын дамытуда Президент алға қойған міндеттерді жүзеге асыру мақсатында 3,2 мың­нан астам АӨК субъек­тісі мемлекеттік қолдау­мен қамтылды. Ауыл шаруа­шы­лығы тауарын өндірушілер 233,4 млрд теңге сомасына қар­жыландырылды, оның ішінде көктемгі дала жұмыстарына 134,9 млрд теңге бағытталды. Қабылданған шаралардың нәтижесінде қазақстандық шаруалар 1,2 мыңнан астам ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтарын сатып алды.

Биыл ірі өнеркәсіптік және инфрақұрылымдық жобаларды инвестициялауға алғаш рет «Бәйтерек» ҰБХ құралдары арқылы шамамен 8 трлн теңге бөлінуде. Осы шаралардың нәтижесінде экономиканың серпінді өсуі және жаңа жұмыс орындарын ашу күтіліп отыр.

– Қазір Холдинг іске асырып жатқан басым міндеттердің бірі – экономиканың нақты секторын қаржыландыру. Эко­номикаға, еліміздегі бір­қатар аса маңызды индустриялық және инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға жос­парланған 8 трлн теңгенің игерілуі қазірдің өзінде 2 трлн теңгеге жақындап қалды. Құрылыс маусымы өзінің белсенді кезеңіне енді ғана енгенін ескерсек, қарқын жаман емес. Мен «Бәйтеректің» барлық еншілес құрылымдарының нақты, үйлесімді жұмыс істеу қажеттілігіне назар аударғым келеді. Бұл міндет қазіргі жағдайда оңай емес, бірақ біз өз міндеттемелерімізді орындаймыз. Холдинг, мемлекет капиталдандыру бойынша өз міндеттемелерін орын­даған жағдайда, экономиканы 8 трлн теңгеге қаржыландыру жөніндегі міндетті орындайтынына сенімдімін, – деп атап өтті Олжас Бектенов.

Ұлттық экономика және Қаржы министрліктеріне Холдингтің уақтылы капиталдандырылуын қамтамасыз ету тапсырылды.

Тұрғын үй саясатын іске асыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарға ерекше назар аударылды. Мәселен, осы жылдың 1 тоқсанында 11,8 мыңнан астам отбасы тұр­ғын үймен қамтамасыз етілді. «Отбасы банк» АҚ 225,2 млрд теңге сомасына қарыз берді, «Қазақстандық тұрғын үй компаниясы» 27,6 млрд теңгеге кепілдік берді.

Директорлар кеңесі отырысының қорытындысы бойынша нәтижелілікті әрі қарай арттыру мақсатында Холдингтің инвестициялық саясатын, сондай-ақ ұйым­дастырушылық және қар­жылық бағыттарды жетілдіру бойынша бірқатар құжат қабылданды.