Экономика • 23 Мамыр, 2025

Өсім бар, өрістете алсақ игі...

140 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Ел экономикасында 2025 жылғы қаңтар-сәуірде оң нәтиже байқалды. Өткен жылы осы кезеңде өсім көрсеткіші 3,4 % болса, биыл 6%-ды құрады. Енді бұл көрсеткішті қалай сақтаймыз, алдағы уақытта қандай қауіп­ болуы мүмкін? Осы мән­дегі сауалдарға біршама жауап іздеп көрдік.

Өсім бар, өрістете алсақ игі...

Инфографиканы жасаған – Амангелді Қияс, «ЕQ»

Белгілі бір жетістікке жетуден бөлек, оны баянды етіп, ұстап қалу да оңай шаруа емес. Ішкі жалпы өнімнің (ІЖӨ) жоғары көрсеткішін сақтау үшін экономиканы әртараптандыру керек. Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмриннің айтуынша, министрлік қазір осы бағытқа басымдық беріп отыр.

– Әртараптандыру – еліміздің эконо­ми­калық саясатының негізгі бағыт­тары­ның бірі. Бүгінде экономика құры­лымы біртіндеп өзгеріп, өңдеу секторына басымдық беріліп жатыр. Мысалы, 2010 жылы ІЖӨ-дегі өңдеу үлесі 11,3%-ды құраса, 2024 жылы 11,9%-ға жетті. Бас­қаша айтқанда, біз аз өндіреміз, бірақ көп өңдейміз. Бұл – экономиканы әртарап­тандыру аясында көрсетілген мақсатты мемлекеттік қолдаудың нәтижесі. Қызмет көрсету секторында да ІЖӨ-дегі үлесі жыл сайын артып келеді. Мысалы, 2010 жылы бұл көрсеткіш 51,7% болса, 2024 жылы – 58,4% болды, – дейді А.Әмрин.

Дамыған елдерде халықтың басым бөлігі қызмет көрсету саласында жұмыс істейді. Мысалы, ЕО елдерінде қызмет көрсету ІЖӨ-нің 65%-ынан астамын, Ұлыбритания мен Сингапурда – 72,5%-ды, Швейцарияда 71%-ды құрайды. Өңдеу өнеркәсібі рөлінің артуы жаңа жұмыс орындарын ашуға, отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, экспорт әлеуетін кеңейтуге сеп болады.

Осы жылдың екінші жартысында экономиканың өсуіне кері әсер етуі мүмкін қауіп те жоқ емес. Әсіресе сыртқы фактор шатқаяқтап тұр. Сәуірден бастап сыртқы жағдайлар күрт нашарлады. АҚШ-тың жаңа тарифтік саясаты, OPEC+ ұйымының мұнай өндіруді тәулігіне 411 мың баррельге арттыру туралы шешімі «қара алтын» бағасы­ның құлдырауына әкелді. Сауда соғыс­тары, логистикалық маршруттардың бұзылуы, халықаралық қаржы нарығындағы құбылмалылық әлемдік экономикаға қауіп төндіреді. Сәйкесінше, бізге де кері әсер етеді. Дегенмен вице-министр алаңдауға негіз жоқ дейді.

а

– Жалпы, 2025 жылғы экономикалық саясат макроэкономикалық тұрақ­ты­лықты сақтау, инвестициялар тарту, нақ­ты секторды дамыту арқылы теңгерімді экономикалық өсімді көбейтуге бағыт­талған. Сондай-ақ отандық кәсіп­орын­дарды жаһандық қосылған құн тізбек­теріне қосу – маңызды міндетіміз. Үкіметтің күш-жігері құрылымдық реформалар жүргізуге, экспорт география­сын кеңейтуге, инвестициялар тартуға, экономиканы либерализациялауға жұм­салып жатыр. Экспортқа бағытталған, импортты алмастыратын терең қайта өңдеу кластерлерін дамыту мақсатында қазір 17 ірі жоба айқындалды. Оларға металдарды терең өңдеу, мұнай-газ, көмір химиясы, ауыр машина жасау, уран өнеркәсібі, автокомпоненттер мен тыңайтқыштар өндірісі, туризм саласы, тағы басқалары кіреді. Соны­мен қатар тәуекелдерді азайту мен азамат­тардың әл-ауқатын арттыру үшін кәсіп­керлікті дамыту әрі қарай жалғасады. Мемлекеттік қолдау шаралары мен жаңа реттеуші саясаттың арқасында 2030 жылға дейін ШОБ-тың ІЖӨ-дегі үлесін 40%-ға жеткізу көзделіп отыр. Цифрлық инфрақұрылым да қарқынды дамып жатыр. Алдағы бес жылда IT-қызметтердің экспорты кем дегенде 1,5 млрд долларға жетеді деп жоспарланып отыр. Экономикалық өсімнің маңызды драйверлерінің бірі – тікелей шетелдік инвестициялар жыл сайын кем дегенде 24-25 млрд долларға тартпақ, – деп түсіндірді А.Әмрин.

Байқағанымыздай, алғашқы төрт айда экономика айтарлықтай жоғары қарқынмен өскен. Бір қарағанда, өте жағымды көрініс. Өнеркәсіп, сауда, көлік, құрылыс – барлығы жоғары өсім көрсетіп отыр. Әсіресе көлік саласының 22%-дан жоғары өсуі ел ішіндегі логистика мен сауда айналымының жандануын айқын танытады. Сондай-ақ өңдеуші өнеркәсіп пен машина жасау саласындағы өсім экономиканың құрылымдық дамуына оң ықпал етеді. «Экономикалық зерттеу­лер институты» Макроэкономикалық зерттеулер және болжау орталығының аға сарапшысы Рамазан Есенғазиевтің айтуын­ша, өсімнің сыртқы факторларға тым тәуелді екенін ескеру қажет.

– Әлемдік мұнай бағасының құл­дырауы, геосаяси тұрақсыздық, жаһан­дық экономикалық баяулау еліміздің экспорттық табысына кері әсер етуі мүмкін. Мұның бәрі әсіресе, мұнай мен металға тәуелді экономика үшін маңызды тәуекел. Тағы бір алаңдатарлық жайт – жеке инвестициялар көлемінің төмен­деуі. Қазіргі өсім негізінен мемлекеттік шығындар арқылы сақталып отыр. Егер жеке сектор белсенділігі артпаса, мемлекеттік ресурстардың шектеу­лігі ұзақ мерзімде экономикалық өсімді те­жейді. Сондықтан инвестициялық климатты жақсарту, кәсіпкерлікке жағдай жасау – басты міндеттердің бірі. Ауыл ша­руашылығындағы өсім баяулағанымен, оның әлеуеті жоғары. Алайда бұл саланың техникалық жабдықталуы, су ресурстары мәселесі, инвестиция тап­шы­лығы шешімін таппайынша, ауыл шаруа­шылығы экономиканың драйверіне айнала алмайды, – дейді сарапшы.

Үкімет жыл соңына дейін 5,6%-дық ІЖӨ өсімін жоспарлап отыр. Бұл мақсатқа жету – өңдеуші өнеркәсіп, мұнай өндірісі, инфрақұрылымдық жобалар, көлік әлеуе­тін арттыру, цифрлық, аграрлық секторларды дамыту сияқты бағыттардың табыс­ты іске асуына байланысты. Дегенмен, жоғарыда жазғанымыздай, қауіп те жоқ емес. «Басты мақсатқа жетеміз бе, жоқ па?» деген сұраққа «Halyk Finance» талдау орталығының сарапшысы Салтанат Игенбекова жауап берді.

– Қарқынды өсімге қарамастан, жыл соңында жоспарланған 5,6% деңгейіндегі ІЖӨ өсіміне жетуіміз мүмкін. Бірақ дөп басып айта алмаймыз. Бұл көрсеткішке жету еліміздің ішкі экономикалық бел­сенділігімен қатар, сыртқы ортадағы жағ­дайларға да тікелей байланысты. Біздің болжамымыз бойынша, 2025 жылдың қорытындысында ІЖӨ өсімі 5,3% деңгейінде қалыптасуы мүмкін, – дейді С.Игенбекова.

Сарапшы мұндай консервативті болжамды бірнеше факторға сүйеніп айтып отыр. Біріншіден, мұнай бағасының құбылмалы сипаты – негізгі қауіптердің бірі. Егер «Brent» маркалы мұнайдың бағасы біз күткендегідей, орташа жылдық 70 доллар деңгейінде емес, одан төмен болса, экспорттық кірістерді қысқартып, мемлекеттік түсімдер мен инвестициялық белсенділікке қысым түсіруі мүмкін. Мұнай саласына тәуелділік әлі де жоғары болғандықтан, әлемдік нарықтағы тербе­лістер экономикалық өсімді тежейтін факторға айналады.

Екіншіден, Ұлттық банктің қатаң ақша-несие саясаты ішкі сұранысты шектемек. Жоғары мөлшерлемелер несиеге қолжетімділікті төмендетіп, кәсіпкерлік белсенділік пен тұтыну деңгейін тежейді. Бұл өз кезегінде ішкі нарықтағы айналымды баяулатып, қызмет көрсету мен өндіріс секторларындағы өсім қарқынын бәсеңдетеді.

Үшіншіден, жаңа инвестиция­лар көлемінің төмен деңгейі де айтар­лық­тай алаңдаушылық тудырады. Инвестор­лардың белсенділігіне әсер ететін факторлар қатарында құқықтық реттеудің тұрақтылығы, инфрақұрылымның сапасы, институционалдық сенім бар. Егер осы бағыттарда айтарлықтай ілгерілеу болмаса, инвестициялық ағынның бая­у­лауы жалпы экономикалық өсімге ықпал етеді.

Бәрі оңынан болсын десек, нақты стратегиялық жоба-жоспарға ден қою керек. Экономист Сапарбай Жобаев ең алдымен, энергетика секторына ерекше көңіл бөлу қажет дейді.

– Мұнай-газ, көмір, электр энергия­сын өндіру – еліміздің барлық эконо­микалық салаларына тікелей әсер ете­тін негізгі тіректер. Бүгінде еліміздегі электр энергиясының шамамен 70%-ы көмірден өндіріледі. Бұл модель ұзақ­мерзімді тұрақты дамуға сәйкес кел­мейді. Сондықтан біз баламалы энерге­тикаға көшу немесе газ негізіндегі гене­рацияға бейімделу туралы нақты ше­шім қабылдауымыз қажет. Қазір бұл бағыт­тағы жұмыстар баяу жүріп жатыр. Айталық, 2017 жылғы ЭКСПО кезінде баламалы энергия үлесін 20-30%-ға жет­кізу жоспары айтылғанымен, бүгінде көрсеткіш небәрі 4-5% деңгейінде қалып отыр. Сол сияқты металлургия саласында да айтарлықтай қиындық бар. Еліміз пайдалы қазбаларға бай болғанымен, өңдеу тереңдігі жеткіліксіз. Біз көбіне жартылай шикізатты шетелге жөнелтеміз. Мысалы, мыс немесе темір кендерін аздап байытып, Қытайға немесе Ресейге экспорттаймыз. Бұл бізді қосымша құн қалыптастыру мүмкіндігінен айырады. Ұзақ жылдар бойы металлургия зауыттарын салу жоспарда болғанымен, нақты нәтижелер әлі мардымсыз, – дейді маман.

Ауыл шаруашылығы мен тамақ өнеркәсібі – тағы бір стратегиялық ма­ңызды бағыт. Еліміз ауыл шаруа­шылығы өнімдерінің үштен екісін экспорттай алады, бірақ бұл негізінен шикізат күйінде жүзеге асады.

– Біз етті, бидайды, ұнды шетелге жібереміз, алайда терең өңделген, ұзақ сақ­талатын өнімдер мен тағамдық қос­паларды өзіміз өндірмейміз. Бұл ба­ғыт­тағы әлеуетіміз зор, бірақ өңдеу инфра­құрылымы мен технологиясы жетіс­пейді. Кейбір шешімдер фермер­лердің жұмысына кедергі келтіріп жатыр. Мысалы, тері мен жүн экспортына шектеу қою өндіріс қалдықтарын ысырап етуге әкеледі. Біз ауыл шаруашылығы өнімдерімен тек Орталық Азияны ғана емес, Таяу Шығыс пен Кавказ айма­ғын да қамтамасыз ете алатын әлеуетке иеміз. Соңғы, маңызды сала – логистика. Еліміздің географиялық орналасуы – үлкен мүмкіндік. Ресей мен Иран арқылы өтетін дәстүрлі жолдар жабылғандықтан, Қытай мен Еуропа арасындағы жүктердің ағыны еліміз арқылы өтіп жатыр. Бұл – біздің артықшылығымыз. Теміржол мен автожолдарды дамыту – экономи­ка­лық өсімнің бір көзі. Алайда бұл сала­дағы жетістік көбіне сыртқы геосаяси факторлардың әсерімен қалыптасып отыр, – деп түйіндеді сарапшы.