
Аружан Сәкен – Көкшетау қаласы-ның тумасы. Облыс орталығындағы азаматтық қорғаныс жоғары көпсалалы колледжінің түлегі. Ұлттық ұланның «Орталық» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5510 әскери бөлімінің жауынгері. Негізгі қызметі – түрмедегі бақылау пунктінде.
– Аружан Бірлікқызы, – дейміз біз, – жұмысыңыз жауапкершілікті талап етеді әрі мұндай жерде жұмыс істеу де оңай емес шығар, әскери жұмысты қалауыңызға не себеп?
– Отбасындағы тәлім-тәрбиеден шығар, атам Сәкен де, әкем Бірлік те әскери адамдар болған. Атам Екінші дүниежүзілік соғыс ардагері, майдандағы ерлік ісі туралы деректер туған жері Зеренді ауданындағы Игілік ауылының орта мектебінде сақталып, жас ұрпаққа үлгі болып тұр. Біз де ел қорғаған ерлердің ісінен тағылым алып өстік. Әкемнің інісі Уахит Мүтәллапов та – соғыс ардагері. Аруағы разы болсын деп бірауыз сөз айта кетейінші. Уахит атам сол заманда бастауыш білім алған адам болыпты. Игілік ұжымшарында еңбек еткен. 1939 жылы міндетті әскери борышын өтеуге шақырылған. Ақ финдердің соғысына қатысыпты. Майданда минометші болса керек. Сол соғыста бір взвод жау солдатын минометпен атып, құртып жіберген. Бұл ерлік ісі туралы дивизия командирі әкесі Мүтәллапқа хат жазып, ұлының ерлігін хабарласа керек. Сол тұстағы аудандық газетке атамның ерлігі туралы мақала шығыпты. Көнекөз қариялар айтып отыратын. Ел егіс басында жүргенде жақсылық хабар жеткен ғой. Майдан даласынан келген хатты да, аудандық газетке шыққан мақаланы да Құдаш ата оқып беріпті. Мақалада дивизия жауынгерлерінің алдында Уахит атама алғыс жарияланғаны айтылған екен. Сол ұрыста атамның шинелін он екі жерден оқ тесіп өткен. Әйтеуір аман қалыпты. Соғыстан кейін халық шаруашылығын қалпына келтіруге қатысты. Тың игеру кезінде НАТИ тракторымен жұмыс істеп, әлденеше рет марапатқа ие болған. 1973 жылы өмірден өтіпті. Міне, осындай аталардың аруақты жолын жалғастырайын деген арман сәби көкірегімде бүр жарған еді, – деді кейіпкеріміз.
Аружанның айтуына қарағанда, осы мамандықты таңдауына әкесі қарсы болса керек. Өзі де әскери өмірдің тезінен өткендіктен, бұл жұмыс қызына лайықты болмайды деп ойлаған болар. Алған бетінен қайтпайтын Аружан аталар салған соқпақпен жүріп келеді. Әрине, әкесінің қарсылығын бауыр еті баласына деген махаббат деп түсінеді.
Өз айтуына қарағанда, күнделікті қызметте алып бара жатқан қиындық жоқ. Бақылау пункті арқылы өтетін жазасын өтеушілерді мұқият тексереді. Мұндайда қырағылық қажет. Түрлері сұсты, бір өңкей ер адамдарды тексерген кезде балаң жүректің бүлк ететіні де бар.
– Мұндағы тәртіп қатаң, – дейді кейіпкеріміз, – бірақ мен қатаң тәртіпке үйренген адаммын. Әскерилердің отбасында өскендіктен бала кезімнен бар жауапкершілікті жүрегіммен сезініп, жолдан таймай тура жүруге үйренгенмін.
Ендігі арманы – жоғары оқу орнын аяқтап, офицерлік шен алу. Қазір облыс орталығындағы жоғары оқу орнында сырттай оқып жүр. Қызметі мен оқуын орайластыруда еш қиындық жоқ. Барлығы мүмкіндігінше жоспарлы түрде атқарылатындықтан ілкімді үйлестіре біледі.
КӨКШЕТАУ