Шахмат • 23 Мамыр, 2025

Үздіктерді анықтайтын дода

20 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Астанада шахматтан ел чемпионатының финалдық сайы­сы басталды. Бұл доданың ерекшелігі – жасөспірімдер біріншілігінде топ жарған, жастар додасында озып шыққан, жасөспірімдер мен мектеп оқушылары арасында өткен әлем чемпионатының дуын көрген саңлақтар сынға түседі.

Үздіктерді анықтайтын дода

Әсілінде ел біріншілігі жылды қайырып, желтоқсан айының соңына қарай өтетін. Мұндай шешімнің қабылдануы күнтізбе жоспарындағы сайыстардың өте көп екенін аңғартса керек. Биылғы бес айдың ішінде жасөспірімдер, жастар арасында ел чемпионаты өтті. Әлемдік дода, одан бөлек Азия аймағының біріншілігі де түңлігін түрді. Құрлықтың жеке чемпионаты да мәресіне жетті. Міне, осындай дәрежелі додаларға қа­ты­сып, бай тәжірибе жинаған шахматшылар елорда төрінде тартысқа түседі. Яғни финалдық сайысқа жеткен 28 шахматшы жүлдесі қомақты біріншіліктің бәйгесі үшін барын салады. Олардың арасында былтырғы ел біріншілігінде жеңімпаз атанған 5 үздік шахматшы бар. Биылғы іріктеудің жартылай финалдық сынында жоғары нәтиже көрсеткен 3 саңлақ бар. 18 бен 20 жасқа дейінгі жастар арасында чемпион атанған 2 шахматшы, сонымен қатар шахмат федерация­сы жаттықтырушылар кеңесі ұсынған 4 үздік те додада бағын сынайды.

Финалдық сайыс екі санатта өтіп жатыр: Open (ашық) және Women (әйелдер). Әрқайсысына 14 шахматшыдан қатысады. Турнирдің форматы 13 турдан айналмалы жүйемен өтеді. Әр партияға 90 минут берілсе, әр жүріс үшін біріншісінен бастап 30 секунд қосылады. Жүлдеге тігіл­ген 20 миллион теңге әр санат бойынша жүлделі орын алған шах­матшыларға беріледі. 1-орын иегеріне 3 миллион, 2-орынға 2 миллион, 3-орынға 1,5 миллион, 4-орынға 1,2 миллион, 5-орынға 900 мың, 6-орынға 700 мың, 7-орынға 500 мың теңге сыйақы берілмек.

Әйелдер арасында кейінгі 10 жылда рейтингтік ұпайын еселеп, Азия чемпионатында жүлде алған талантты шахматшылар бар. Атап айт­қан­да, екі дүркін ел чемпионы Меруерт Қамалиденова, 2023 жылы ішкі біріншілікте топ жарған Ксения Балабаева, былтырғы чемпио­натта озық шыққан Әмина Қайырбекова, блицтен Азия чемпионы Алуа Нұрман. Бұрымдылар тартысында бақ сынаушылардың ең жас қатысушылары Елназ Қалиахмет пен Мария Холявка, 14 жаста. Жалпы, биылғы ел чем­пионатының жүлдесінен үміт­кер­лердің көпшілігі 20 жас­қа тол­маған талантты шахматшылар.

Ашық санатта (Open) әлем чемпионатының жүлдегерлері, халықаралық турнирлердің же­­ңім­паздары, аймақтық тур­нир­лердің финалистері бақ сынайды. Олардың арасында былтыр 20 жасқа дейінгілер ара­сында әлем чемпионы атанған Қазыбек Нөгербек, жасөспірімдердің әлемдік додасында медаль олжа­лаған Ерғали Сүлеймен, Азия аймағының жеңімпазы Алдияр Аңсат, екі дүркін ел чемпио­ны Денис Махнёв, Рамазан Жалмаханов сынды талантты жас­тар бар. Ересектер тартысы­на қа­тысушылардың ең жасы
Ал­­дияр Жауынбай небәрі 13 жаста.

Шахмат федерациясының вице-президенті Марат Есенов финалдық сайыста бәсекелестік жоғары болатынын атап өтті.

«Астанада өтіп жатқан ел бі­ріншілігінің финалдық додасы тартысқа толы болмақ. Бұған дейін халықаралық турнирлерде, әлем чемпионатта­рында бір командада ел абыройын қорғаған үздіктер бү­гінде бір-біріне қарсылас болып ойнайды. Ұлттық құрама ко­манданың бапкерлері осы сайыс­та шеберлігімен тәнті еткен таланттарды жаһандық додаларға қосуға қам жасайды. Демек, жас­­өспірімдер мен жастарымызға өз­дерінің әлеуетін көрсетуге орасан мүмкіндік туып отыр. Мына шахматшы шаппай бәйге алады деп алдын ала байлам жа­сай алмайсың, себебі іріктеу кезеңінде тек кіл мықтылар ғана суы­рылып шықты. Қуанарлығы, елімізде шахматтан жастардың қалың шоғыры өсіп келеді. Кейінгі жылдардағы әлемдік са­йыстардан орасан олжамен оралып жүрген саңлақтардың табысы соның айғағы. Мемлекеттің де, федерацияның да қамқорлығы нәти­жесінде мектептерде шах­­­­мат үйірмелері ашылып, ба­ла­­­лардың қызығушылығы арта түсті.  Биылғы ел чем­пио­­­­­на­ты­ның жеңімпазы мен жүл­дегерлеріне қомақты сый­ақы берілуі де федерацияның зият­керлік ойынға айрықша көңіл бөлетінін аңғартады. Одан бөлек, 45 үздік шахматшының ше­берлігін шыңдау талабын ынталандыру мақсатында қар­жылай қолдау көрсетілмек. Бап­­керлерді, төрешілерді оқы­тып, тә­жірибесін арттыруына да жағ­дай жасалып келеді», деді М.Есенов.

Ел чемпионатының жеңім­паздары мен жүлдегерлері 1 мау­­сымда анықталады.