Оқиға • Бүгін, 17:05

Заңсыз тіркелген автокөліктер мемлекетті шығынға ұшыратқан

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қаржы мониторинг агенттігі (ҚМА) заңсыз тіркелген автокөліктер мемлекетке 11 млрд теңгеден астам шығын әкелгенін мәлімдеді. Сондай-ақ экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында мемлекет жаңа автокөліктерді елге әкелуді қолдап, ынталандырмақ, деп хабарлайды Egemen.kz.

Заңсыз тіркелген автокөліктер мемлекетті  шығынға ұшыратқан

Фото: Ашық дереккөз

ҚМА ресми өкілі Ержан Тайжанның айтуынша бұл ретте көлік құралының жасына қарай бастапқы тіркеу алымдарының мөлшерлемесі төмендетіледі.

«Соңғы үш жыл ішінде Агенттіктің аумақтық департаменттері көлік құралдарын бастапқы тіркеу үшін алым төлеуден жалтару фактілері бойынша 88 қылмыстық істі тергеді. Бұл істер бойынша 1 800-ден астам автокөлік заңсыз тіркелген. Мемлекетке келтірілген залал 11,8 млрд теңгені құрады», деді Е.Тайжан.

Оның мәліметінше күдікті ретінде 70 адам танылған, олардың қатарында Әкімшілік полиция басқармасының басшылары мен қызметкерлері, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының өкілдері және нотариустар бар.

Нәтижесінде мемлекетке 900 млн теңге көлемінде алымдар төленген. Сонымен қатар, құны 31 млрд теңге болатын 1 500 автокөлікке және 968 млн теңгенің күдіктілерге тиесілі мүлкіне тыйым салынған. Мәселен, Ақмола облысында Әкімшілік полиция басқармасының қызметкері бар топқа қатысты үкім шығарылды. Олар 2020 - 2022 жылдар аралығында 55 жүк көлігін заңсыз бастапқы тіркеу арқылы мемлекетке 401 млн теңге көлемінде залал келтірген. Сот оларды 2,5 жыл мерзімге бас бостандығынан айырды.

Сонымен қатар мемлекет кірісіне жалпы құны 125 млн теңгені құрайтын 3 пәтер мен жеке тұрғын үй, сондай-ақ 21 млн теңге ақшалай қаражат тәркіленді.

Қаржы мониторинг агенттігі азаматтардан экономикалық құқық бұзушылық жасау фактілері белгілі болса, бұл туралы «АФМ Insider» телеграм ботына хабарлауды сұрайды. Анонимділікке кепілдік беріледі.