
Байыпты басылымның тарихы 1920 жылдан басталады. Осы уақыт аралығында журнал «Известия бюро Киркрая», «Красный Казахстан», «Большевик Казахстана», «Коммунист Казахстана», «Партийная жизнь Казахстана» атты түрлі атаумен жарық көрді. 105 жылдан бері 1 мыңнан аса нөмір шығарылды, бірнеше мың материал жарияланды. Авторларының дені белгілі саясаткерлер, қоғам қайраткерлері, жазушылар, ғалымдар болды. 105 жылдық тарихында «Мысль» журналына Ф.Савинский, М.Жұланов, Б.Бучкин, А.Хафизов, В.Молотов, Ф.Боярский, А.Логинов, Ф.Михайлов, А.Артемьев, Г.Шестаков, Ә.Қалмырзаев, С.Құттықадам басшылық етті.
«Қазақ газеттері» серіктестігінің бас директоры Дихан Қамзабекұлы құттықтау сөзінде ғасырлық бел-белестерде журналды басқарған тұлғалар еңбегіне тоқтала келе, басылымда тарихтың үні таңбаланып қалғанын, қазір парасатты ойдың мінберіне айналғанын айтты. Журналдың шығармашылық ұжымына арнаған құттықтау сөзінде: «Ғасырдан астам тарихы бар «Мысль» зияткерлік мінбердің платформасына айналды. Ақпараттық кеңістікте сапалы контентімен ерекшеленді», деп баға берді Д.Қамзабекұлы.
Тәуелсіздік алғаннан кейін 1992 жылдан бастап басылым «Мысль» деп атала бастады. Бұл ретте атауы ғана емес, мазмұны да өзгерді. Жаңа тәуелсіз мемлекеттің қалыптасуы мәселелеріне көбірек назар аударылды. Белгілі қайраткер, 2006–2016 жылдар аралығында журналдың бас редакторы болған Сейдахмет Құттықадам мақалаларының бірінде жазғандай, тәуелсіздіктің жаңа дәуірінде журнал өзінің келбетін түбегейлі өзгертті.
Кеңес дәуірінде талап етілгендей, ұжымдық үгітші және ұйымдастырушы болуды тоқтатып, шын мәнінде қазіргі «Мысль» атты жаңа басылымға айналды. Әрине, оның мазмұны мен материалдарын беру түбегейлі өзгерді. Редакция басты назарын егемендікті, келісім мен тұрақтылықты нығайту, демократиялық үдерістерді дамыту, адам құқықтарын сақтау мәселелеріне аударды. Қазір ішкі және сыртқы саясат, еліміздің даму стратегиясын насихаттау, шағын және орта бизнесті жан-жақты қолдау, жастарды интернационалдық, патриоттық және мәдени-адамгершілік тәрбиелеу, сыбайлас жемқорлыққа және күнделікті өмірдің басқа да жағымсыз құбылыстарына қарсы күрес – басым тақырыптар.
Журналдың бас редакторы Асыл Сағымбековтің айтуынша, бұл басылым – еліміздің рухани, интеллектуалдық тарихының айнасы. Ғасырдан астам уақыт бойы журнал бетінде көтерілген мәселелер, жарияланған мақалалар қоғамдық пікірге серпін беріп, сарапшылардың қызу пікірталасына түрткі болды. «Мысль» журналы – дәуірлер үнін жеткізген, елдің даму жолындағы бағыт-бағдар берген ерекше платформа. Бұл іс-шара – осы мұраға тағзым ету ғана емес, сонымен қатар болашаққа жаңа көзқараспен қарауға шақыратын маңызды кезең», деді А.Сағымбеков.
Басылымның редакциялық кеңесінде Олжас Сүлейменов, Роллан Сейсенбаев, Анатолий Ким (Мәскеу қ.), Клара Хафизова, Болат Сұлтанов, Лайла Ахметова, Сағымбай Қозыбаев, Гүлнар Мұқанова, Қабдулсамих Айтхожин, Валерий Жандаулетов сынды қайраткер тұлғалар, жазушылар мен ғалымдар бар.
Күні кеше 89 жасқа толған қазақтың көрнекті ақыны Олжас Сүлейменовтің «Мысльға» арнаған мерейтойлық лебізін оның үзеңгілес серіктерінің бірі Валерий Жандаулетов оқып берді. «Мен Мысль журналын 105 жылдық мерейтойымен құттықтаймын. ХХ ғасыр қазақ ұлтын кітап оқитын ұлтқа айналдырған еді. Бір кездері әдебиетші мамандық еді. Осы ғасырда әдебиет өз орнын жоғалтып алды, біз кітап оқитын ұлт деген мәртебемізден айырылып қалдық. Батыл шешімдер арқылы қазақ ұлтының кітап оқитын ұлтқа айналуына ықпал ете аламыз», дейді О.Сүлейменов.