
Инвестиция көлемі – 978 млн доллар
Премьер-министр Олжас Бектенов металлургия және мұнай химиясы салаларындағы ірі жобаларды жүзеге асыру мәселелері бойынша кеңес өткізді. Кеңеске Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев пен Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов қатысып, баяндама жасады. Сонымен қатар жоба бастамашылары «Solidcore Resources» бас атқарушы директоры Виталий Несис, «Татнефть» ЖАҚ бас атқарушы директоры Наиль Маганов, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Асхат Хасенов те сөз сөйледі.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы аясында Үкімет еліміздің өнеркәсіптік әлеуетін арттыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Бұл ретте терең өңдеу технологияларын меңгеруге ерекше мән беріліп отыр. Соның нәтижесінде жалпы инвестиция көлемі 19,5 млрд долларды құрайтын, 8 мыңнан астам тұрақты жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 17 ірі жоба іріктелді.
Кеңес барысында осы жобалардың ішіндегі бес ірі бастаманың іске асырылу барысы туралы баяндалды.
– Металлургия және мұнай химиясы – өнеркәсіптік өсім құрылатын, жұмыс орындары ашылып, қосылған құн қалыптастырылатын жүйе құраушы салалар. Қарастырылып отырған жобалар Қазақстанның ресурстарды өндіруден бастап, жаһандық нарықтарда сұранысқа ие толыққанды өнім өндіруге көшуін жеделдетеді. Сондай-ақ олардың айналасында шағын және орта бизнестің кең экожүйесін дамыту маңызды әсер етуі керек. Біз әрбір кластерді логистика, жабдыққа қызмет көрсету, құрылыс, қаптама өндірісі және басқа да салаларда ондаған бизнесті тарту орталығы ретінде қарастырамыз, – деді О.Бектенов.
Сол жобалардың бірі – Павлодар облысындағы құрамында жоғары көміртекті сульфидті алтын бар концентраттарды өңдейтін «Ертіс гидрометаллургиялық комбинатының» құрылысы. Кәсіпорын жылына 300 мың тоннаға дейін алтын бар концентратты өңдеп, Доре қорытпасы түрінде 15 тоннаға дейін алтын өндіреді. Жалпы инвестиция көлемі – 978 млн доллар. Комбинат іске қосылғаннан кейін 500 адамды тұрақты жұмыспен қамту жоспарланып отыр.
Берекелі бастама «Павлодар» арнайы экономикалық аймағында жүзеге асырылып жатыр. Қазір инженерлік іздестіру жұмыстары аяқталған. Уақытша ғимараттар мен құрылыстар жобасы бойынша экологиялық сараптамадан оң қорытынды алынған.
Жылына 735 мың тонна өндіреді
Атырау облысында үш ірі мұнай химиясы жобасын жүзеге асыру жоспарланып отыр. Алғашқы жоба – бутадиен және оның туынды өнімдерін өндіретін зауыттың құрылысы. Кәсіпорын жылына 305 мың тонна өнім шығарады. Инвестиция көлемі 900 миллион долларды құрайды. 750 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Зауытты пайдалануға беру 2028 жылға белгіленген. Қазір бұл жоба бойынша қытайлық «China Tianchen Engineering Corporation» компаниясымен бірлесіп кеңейтілген базалық жоба әзірленіп жатыр.
Екіншісі – полиэтилентерефталат шығаратын зауыттың құрылысы. Мұны «KMG PetroChem» компаниясы іске асырады. Кәсіпорын жылына 735 мың тоннаға дейін өнім өндіреді. Жалпы инвестиция көлемі – 1,5 млрд доллар. Жоба іске қосылғаннан кейін 400 адам жұмысқа тартылады.
Үшіншісі – полиэтилен өндіретін интеграцияланған газ-химия кешенінің екінші кезеңі. Бұл кешен толық іске қосылғанда жылына 1 млн 250 мың тонна өнім шығара алады. Инвестиция көлемі – 7,4 млрд доллар. Кәсіпорында 800 тұрақты жұмыс орны қарастырылған. 2029 жылы зауыт толық жобалық қуатына шыққанда, сұранысқа ие полиэтиленнің 20-дан астам маркасын өндіру көзделіп отыр.
Сонымен қатар өңірде газ-химия кластерін дамыту аясында этан және пропан газын бөлу кешенін салу жоспарда бар. Бұл нысан жылына 1,6 млн тонна этан және 355 мың тонна пропан бөліп шығарады. Жобаның құны 2,7 млрд доллар деп бағаланған. Құрылысқа дайындық жұмыстары жүргізілуде. Жобалау аяқталған, сараптамадан оң қорытынды алынған. Бұл жоба 400-ден астам адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
5 200 адам тұрақты жұмыспен қамтылады
Бұдан бөлек, кеңес барысында Шымкент мұнай өңдеу зауытын кеңейту жөніндегі жоба да талқыланды. Қазір зауыт жылына 6 млн тонна мұнай өңдесе, жоба толық іске асқанда бұл көрсеткіш 12 млн тоннаға дейін артады. Жоба еліміздің мұнай өңдеу әлеуетін едәуір көтеруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар шамамен 5 200 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Инвестиция көлемі 6 млрд доллар деп бағаланып отыр.
Кеңес барысында Премьер-министр металлургия мен мұнай химиясы саласындағы ірі өнеркәсіптік жобаларды жүзеге асыру тек өңдеу саласының өсуіне ғана емес, сонымен қатар отандық өндірушілердің өнімдері мен қызметтеріне тұрақты сұраныс қалыптастыруға да әсер ететінін атап өтті. Оның айтуынша, бұл жобалар отандық шағын және орта бизнес үшін жаңа мүмкіндіктер ашады, өндірістік тізбектерге қатысу аясын кеңейтеді және жергілікті кәсіпорындардың белсенділігін арттырады.
Сондай-ақ Премьер-министр министрліктерге, әкімдіктерге және жауапты ведомстволарға барлық жобалардың жергілікті жерлерде дұрыс ұйымдастырылуын және іске асырылуын қатаң бақылауға алуды тапсырды. Энергетика, өнеркәсіп және құрылыс, ұлттық экономика министрліктеріне әр жобаны белгіленген мерзімде іске қосу үшін нақты шаралар қабылдау міндеттелді.
Оның алдында, 12 мамырда Премьер-министр Олжас Бектенов химия және металлургия салаларындағы ірі өнеркәсіп жобаларын жүзеге асыру мәселелері бойынша кеңес өткізген болатын. Бұл кеңес жоғары деңгейде өңделген өнім шығаратын өндірістік кластерлер құруға бағытталған жобаларға арналды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, экспортқа бағдарланған өндірісті дамыту жұмыстары жүргізіліп жатыр.
– Осы секторлардағы жаңа жобалар қосылған құны жоғары өнім шығаруға, заманауи технологияларды енгізуге және бәсекеге қабілетті кластерлерді қалыптастыруға бағытталған индустриялық өсудің берік тұғырына айналуы тиіс. Олардың айналасында шағын және орта бизнес кәсіпорындары, сервистік компаниялар, логистикалық орталықтар және заманауи инфрақұрылым белсенді түрде дамуы керек. Біз мыңдаған жаңа жұмыс орнын құруға, барлық өңірдің экономикасын жандандыруға мүмкіндік беретін қуатты мультипликативтік әсерге сенеміз, – деген еді О. Бектенов.
Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев қазіргі уақытта жалпы инвестиция көлемі шамамен 10 млрд долларды құрайтын және 8 мың 700-ден астам тұрақты жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін бес ірі бастама жүзеге асырыла бастағанын баяндады.
Абай облысында катодты мыс балқыту зауытының құрылысы жүріп жатыр. Зауыттың қуаты жылына 300 мың тоннаға жетеді. Жобаның жалпы құны – 1,5 млрд доллар. Бұл кәсіпорын Бозшакөл, Ақтоғай және «Шығыстүстімет» кен орындарынан жеткізілетін концентратты өңдеуге бағытталған. Іске қосылғаннан кейін мыңнан астам адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Бүгінгі таңда жоба Бірыңғай индустрияландыру картасына енгізілді. Инфрақұрылымға қосылу бағытында нақты шаралар атқарылып жатыр.
Қарағанды облысында «Qarmet» компаниясы өндірісті кеңейту бойынша ауқымды жаңғырту бағдарламасын жүргізіп жатыр. Бұл жоба аясында машина жасау мен автомобиль өндірісі үшін жаңа өнім түрлерін шығару жоспарланған. Жобаның инвестиция көлемі 3,5 млрд долларды құрайды. 2028 жылға дейін кәсіпорын жыл сайын 9 млн тонна көмір, 5 млн тонна темір кені концентратын және болат өндіруді жоспарлап отыр. 2 мың жаңа жұмыс орны ашылады. Бұған дейін жүргізілген жұмыстар нәтижесінде 2024 жылы өндірістік қызмет толық қалпына келтірілді. Жабдықтарды күрделі жөндеу аяқталды. Қазіргі таңда 8 шахтаның жетеуінде көмір өндіру жұмыстары жүріп жатыр. Бұл өндіріс көлемін 7 пайызға арттырды.
Қостанай облысында ССКӨБ кәсіпорнының базасында жылына 2 млн тонна өнім шығаратын ыстық брикеттелген темір зауыты салынбақ. Өнім құрамындағы темірдің үлесі 90 пайыздан асады. Бұл зауыт металлургия саласында экологиялық таза технологияларды енгізуге негізделеді. Қазіргі уақытта халықаралық қаржы ұйымдарының қатысуымен газ жеткізу, инфрақұрылымға қосылу және қаржыландыру мәселелері пысықталып жатыр. Жобаның инвестициялық құны – 1,2 млрд доллар.
1 мың тұрақты жұмыс орны құрылады.
Батыс Қазақстан облысында Сатимола кен орнын базалық алаң етіп, калий хлоридін өндіретін байыту-өндірістік кешен салынып жатыр. Бұл кәсіпорын төрт кезеңмен іске қосылады. Өндірістік қуаты жылына 12 миллион тоннаға дейін жетуі мүмкін. Қазіргі кезде бұрғылау жұмыстары жүргізілуде. Жер телімдері рәсімделді. Тау жыныстарын мұздату үдерісі басталды. Сыртқы инфрақұрылым қалыптасып жатыр. Жобаның жалпы құны 2,4 миллиард доллардан асады.
Сондай-ақ Маңғыстау облысында «KazAzot Prime» компаниясы аммиак-карбамид кешенін салуды жоспарлап отыр. Бұл жоба ішкі нарықтағы минералды тыңайтқыштарға деген сұранысты қамтамасыз етеді. Жоба іске қосылғаннан кейін 700 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Зауыттың іске қосылуы 2029 жылға жоспарланған. Инвестиция көлемі – шамамен 1,5 млрд доллар.
Кеңес барысында заманауи өнеркәсіптік кластерлерді қалыптастыру үшін кешенді көзқарас қажет екені айтылды. Олжас Бектенов жаңа жобалар қосылған құны жоғары өнім шығаруға, заманауи технологияларды енгізуге және бәсекеге қабілетті өндіріс ошақтарын құруға жол ашуға тиіс екенін атап өтті. Оның айтуынша, мұндай өндірістердің айналасында шағын және орта бизнес, сервистік компаниялар, логистикалық орталықтар және заманауи инфрақұрылым белсенді дамуы қажет. Бұл мыңдаған жаңа жұмыс орнын құруға және өңірлік экономиканы жандандыруға жол ашады.
Премьер-министр мемлекеттік органдарға жобаларды іске асыруға сапалы қолдау көрсетуді тапсырды. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мен Ұлттық экономика министрлігі барлық жобаның уақтылы жүзеге асуын қамтамасыз етуге тиіс.