
Оның айтуынша, қазірге дейін 105 мектептің құрылысы аяқталған, биыл тағы 112 білім ошағы пайдалануға беріледі. Сондай-ақ министр енді бұл стратегиялық жоба «Келешек мектептері» деп аталатынын жеткізді.
Мемлекет басшысы ұсынған «Жайлы мектеп» моделі – қазіргі заманғы оқыту стандарттарына сай бірыңғай кеңістік құру арқылы еліміздегі орта білімнің деңгейін жүйелі арттыруды көздеген стратегиялық бастама. Сонымен қатар жоба қалалық және ауылдық мектептер арасындағы алшақтықты жоюға бағытталған.
«Жобаны іске асыру элиталық оқу орындарын құруға емес, білім сапасының жоғары стандарттарын жаппай енгізуге бағытталғанын атап өту маңызды. Бұл әр баланың толыққанды дамуына мүмкіндік береді», дейді министр.
Ғани Бейсембаевтың айтуынша, «Жайлы мектептердің» басты артықшылығы – оқушы қажеттіліктеріне толық бағдарланған ыңғайлы және эргономикалық орта құру. Мұндай білім ошақтарында заманауи бейнебақылау және мектепке кіріп-шығуды қадағалау жүйелерін орнату арқылы балалар қауіпсіздігіне ерекше назар аударылады. Сонымен қатар бастауыш және жоғары сынып оқушыларына арналған блоктардың бөлек болуы қауіпсіз әрі жайлы ортаны қамтамасыз етеді.
«Кедергісіз орта құру мақсатында пандустар, жеделсатылар, ерекше қажеттіліктері бар балалар еркін қозғала алатындай арнайы санитарлық бөлмелер қарастырылған. Ресурстық кабинеттер және мамандандырылған сыныптар бар. Мәселен, аутизм белгісі бар балалар үшін 121 мектепте жеке кабинеттер ашылды», дейді сала басшысы.
Министр енді бұл стратегиялық жобаның «Келешек мектептері» деп аталатынын айтты. Сондай-ақ жоба аясында мектеп құрылысы жеке секторларда тұрғызылған нысандарға қарағанда 1,5-2 есе арзанға түсетініне тоқталды. Бұған қоса бұл бастама өңірлік экономиканы бірнеше бағытта ынталандыратынын да атап өтті.
«Біріншіден, мектеп құрылыстарына жергілікті құрылыс компаниялары мен жұмысшы бригадалар тартылады. Бұл жаңа жұмыс орындарының құрылуына тікелей әсер етеді. Екіншіден, әр жаңа мектеп – педагогтер мен техникалық қызметкерлер үшін жаңа жұмыс орны. Жалпы алғанда, еліміз бойынша барлық жаңа мектепті кадрмен қамтамасыз ету үшін 2026 жылға дейін 30 мыңнан астам мұғалім қажет болады», дейді Ғани Бейсембаев.
Министрдің айтуынша, тағы бір маңызды бағыт – ерте кәсіби бағдар беру. Бастауыш мектепте балалар түрлі мамандықпен танысады. 7 сыныптан бастап терең кәсіби бағдар беру басталады.
Жоба аясында елімізде жүзден астам жаңа мектеп салынды. Бұл мыңдаған оқушының білім алу жағдайын едәуір жақсартты. Мысалы, елордада «Жайлы мектеп» стандарты бойынша тоғыз жаңа мектеп ашылып, ол үш ауысымды оқыту мәселесін ішінара шешуге мүмкіндік берді.
Ақмола облысында тәуелсіздік алғаннан бері алғаш рет жаңа заманауи мектеп бой көтерді. Ал Алматы облысының Қошмамбет ауылында 1 200 орындық заманауи, озық жабдықталған мектеп пайдалануға берілді.
«Келешек мектептері» деген атау бұл ұйымдардың миссиясын айқын көрсетеді. Бұл – бар балаға тең мүмкіндік ұсынатын білім ошақтары», деп түйіндеді министр.