Ұлттық спорт • 22 Мамыр, 2025

«Ұлы дала жорығы» мәреге жетті

40 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Кең даланы тұлпарлардың төрт тұяғы дүбірлеткен халықаралық «Ұлы дала жорығы-2025» марафон-бәйгесі өз мәресіне жетті. «Amanat» партиясының қол­дауы­мен Алматы облысы әкімдігі, Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы бірлесіп ұйымдастырған аламан бес күнге созылды.

«Ұлы дала жорығы» мәреге жетті

Бесінші рет өтіп отырған жарыс соңғы екі жылда халық­аралық мәртебеге ие болды. Биылғы дүбірлі бәйгеге респуб­лика­мыздың 13 өңірінен, әлем­нің 6 мемлекетінен, атап айт­сақ, Мажарстан, Иран, Қырғыз­стан, Ресей, Оңтүстік Африка Республикасынан кел­ген ша­бан­доздарды қоса алған­да, бар­лығы 19 команда қа­тысты. Жарыс халықаралық дең­гей­ге көтерілуімен әлем жұрт­шы­лығының ат спортына қызы­ғушылығы артып келе жатқанын аңғартады. Жарыс жолына шық­қан 19 команданың алтауы ғана мәре сызығына жете алды.

Марафон-бәйгеге қатысу­шы командалар соңғы күні Алматы облысы, Іле ауданы, Ақши ауылының маңынан жорықты жалғап, Қонаев қаласында аяқтады. Халқымыздың назарын айрықша аударған аламан Қонаев қаласындағы Бердібек Соқпақбаев атындағы саябақта қорытындыланып, жеңімпаздар қала тұрғындары мен атсүйер қау­ымның зор қошеметіне бөленді.

пр

Саябақта өткен салтанатты іс-шараға Премьер-министрдің кеңесшісі Ералы Тоғжанов, «Amanat» партиясының атқа­рушы хатшысы Дәулет Кәрібек, Қарағанды облысы әкімінің орынбасары, «Joryq» ат спорты федерациясы қам­қоршылық кеңесінің төрағасы Әлібек Әлденей, Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Еркебұлан Ілиясов, «Joryq» федерациясының президенті Бақытжан Тұрлыбеков қатысып, байрақты бәсекеде бағы жанып, жеңімпаз атанған қай­сар жігіттерді жеңістерімен құттықтады.

«Мемлекет басшысының қолдауымен жүзеге асып отыр­ған жоба – спорттық шара ғана емес, ел мен жерді дәріптейтін ұлағат­ты іс. Осындай жорықтардың арқасында ұлы далаға иелік етіп отырмыз. Батыр бабаларымыз 500 шақырым емес, 3 мың шақырымға дейін жортып жү­ріп, ұрпағына ұлан-ғайыр жерді сыйға қалдырды. Оған тікелей себеп болған – қазақтың қазанаты. Соның нәтижесінде тәуелсіз еліміздің Көк туы көкте желбіреп тұр. Бүгінгі сыннан сүрінбей өткен азаматтарға алғысымыз шексіз», – деген Ералы Лұқпанұлы марафон-бәйгеге қолдау білдірген өңір әкіміне, ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.

«Amanat» партиясының атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек ұлттық спорт түрлерін дамыту қазақтың салт-дәстүрін сақтау, мәдени мұраны насихаттау ғана емес, сонымен қатар жас ұрпақты тәрбиелеудің маңызды тетігі екенін атап өтті.

«Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Ұлттық құрылтайдың IV отырысында Қазақстан көшпелілер өркениетінің бесігі, дамыған орталығы екенін, түрлі халықтар мен мәдениет­­­тер­ді біріктіреті­нін айтты. Мұның жарқын мысалы – елімізде өткен V Дүние­жүзілік көшпелілер ойындары. «Amanat» партиясы бұл бағытта ауқымды жұмыс атқарып отыр. Партия жыл сайын халықаралық «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесін ұйым­­дас­тыруға атсалысады. Біз қоғамды ұлттық мәдени-тарихи құндылықтар төңірегінде топтастыруға ұмтыламыз. Сонымен қатар елімізде этнотуризмді дамыту аса маңызды. Партияның «Ұлттық мұра» жобасы жастарды отаншылдық рухта тәрбиелеуге, ұлттық спортты, мәдениетімізді, өнеріміз бен салт-дәстүрімізді дәріптеу арқылы қастерлі құнды­лық­тарымызды дамытуға бағытталған»,  деді Д.Кәрібек.

Алматы облысының әкімі Марат Сұлтан­ғазиев те марафон-бәйгенің маңызды­лы­ғын айрықша атады.

«Ұлы дала жорығы» – ұлт рухын көтеретін, ел мен жердің бай мұрасын дәріптейтін маңызды оқиға. Марафон-бәйге жай ғана жарыс емес, қазақ халқының тектілігін, шабандоздық өне­рін, жүйрік тұлпарға деген сүйіспеншілігін көрсететін ұлы дәстүр. Жарыста жігер мен қайрат, төзім мен шеберлік сынға түсті. Бүгінгі мәреге жеткен әрбір қатысушы – жеңімпаз. 500 шақырымдық сапарды артқа тастап, командалар мәре сызығын абыроймен кесті. Аталған бәйге тарих пен тағылымның, шыдам мен шеберліктің сынға түскен жорығы болды», деген өңір басшысы жеңімпаздарды марапаттады, жо­баның сәтті өтуіне үлес қосқан барлық ұйым­дастырушыларға, қолдаушыларға, шабан­доз­дарға зор алғысын білдірді.

Көпкүндік сапар жолында шабандоздар қиын­дыққа мойымай, ұлы даланың кеңдігін жүре­гімен сезінді. Жорық барысында командалар Алатаудың баурайындағы Іле өзені, Таңбалы тас тәрізді тарихи орындар мен ұлт­тық қолөнер, асылтұқымды жылқылар сынды көшпелілер мәдениетінің үздік туындыларымен танысты. Яғни, бәйге халқымыздың салт-дәстүрін танытумен қатар, көрікті табиға­­ты­­мыз бен этнотуризмді насихаттайтын, ел мен елді жақындастыратын бірегей алаңға айнал­ды.

«Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесіне атсалысқан атбегілер мен ветеринарларға, аспаздар мен су тасушы көлік жүргізуші­ле­ріне, жанкүйерлеріне дейін тік тұрып қызмет еткен азаматтардың әрбіріне алғы­сын білдірген «Joryq» федерациясының президенті Бақытжан Жұма­ғалиұлы бұл жорық­тың алдағы жылдары да жалғасын тауып, ел бірлігін нығайтуға, ұлттық ат спортын жаң­ғыр­ту­ға арқау бола беруіне тілектестігін біл­дірді.

Бес күнге созылған марафон-бәйгенің қорытындысы бойынша бірінші орынды Астана қаласының командасы иеленді. Олар 500 шақырым қашықтықты 31 сағат 19 минут 5 секундта жүріп өтті. Екінші болып мәре сызығын 32 сағат 26 минут 57 секундта Қырғызстанның (бірінші) командасы кесіп өтті. Жүлделі үшінші орынды Ұлытау облысының командасы иеленді. Олардың уақыт көрсеткіші – 32 сағат 37 минут 47 секунд. Мәре сызығын Маңғыстау облысы төртінші, Алматы облысының командасы бесінші боп кесті.

«Қазақтың қазанаты – Қостанай жылқысы ең ұзақ жарысқа шыдамдылығымен, төзімді­лі­гімен ерекшеленетінін дәлелдеді. Бізді қолдаған команда, жақтастарға, бауырларға алғысымыз шексіз. Жеңіске жету жолында бар мүмкіндігімізді жұмылдырдық»,  дейді Астана командасының жетекшісі Алтай Бимен.

Қазақстан мен шетелдің ең үздік шабандоздары бас қосқан «Ұлы дала жорығы–2025» марафоны ұрпақтар сабақтастығының, қайтпас қайсар рухтың, ұлттық құндылықтарымызға, дара дәстүрімізге деген құрметтің рәмізіне айналды.

 

Алматы облысы